Бала тәрбиесі – гүлден де нәзік
«Мына бала сабақ оқымайды. Білмеймін не істерімді?» – деген сөздерді қыркүйек басталғалы жиі естиміз. Егер сіз де «Балама қайтсем сабақ оқытамын? Білімге ынтасын қалай ашамын?» – деп уайымдап жүрген болсаңыз, «Іздегенге – сұраған», бұл мақаланы міндетті түрде оқып шығуға кеңес береміз.
Білесіз бе, бала сабақ оқуға деген ең үлкен мотивацияны әуелі ата-анадан алады екен. Өмір тәжірибемізде кішкентай балалардың ата-анасынан басқа адамдарға бармай, жатырқап жылайтынын, ал бір болмашы жетістікке жетсе, «Мен мынаны жасадым!» – деп, бірінші соларға келіп мақтанатынын жиі кездестіреміз. Өйткені, балаңыз көзін ашқаннан аялы алақанында бар мейірімін төгіп, жығылса тұрғызып, қателік жасаса байыппен түзейтін әке мен шешені өз санасында ең биік тұлға ретінде қалыптастырып үлгерген. Басқа адамдар сіздің жасаған жақсылығыңызды тез ұмытып кетуі мүмкін, ал балалар өзіне көрсетілген құрмет пен махаббатты ешқашан ұмытпайды.
Басқа басқа, балаңыз есіктен кірмей жатып, «Бүгін қандай баға алдың?» деп бас салып балаңызды сұрақтың астына алмаңыз. Мектептен келген балаңызды көңілді қарсы алыңыз, оның сабақтан шаршап келгенін ескеріп, тынығып алуына мүмкіндік беріңіз. Егер бала әлденеге ренжіп келсе, бірдеңені айтпақшы болса, «Сені тыңдауға уақытым жоқ. Одан да сабағыңды оқы» демей, арнайы «Иә, балам, мен сені тыңдап тұрмын, айта ғой» деп айтып, мұқият көңіл бөліңіз. Бала бірдеңеге ашуланып жүрсе, «Менің жұмысымды бітіріп берген жоқсың, мінезіңді көрсетпе маған» демеңіз. Сабасына түскен соң, ол болған жайды өзі-ақ айтады.
Иә, түсінеміз, ата-ананың бір күндік шаруасы онсыз да бастан асады. Бірақ баланы қадағалауды сондай маңызды шаруалардың қатарында қоса ала жүру керек. Сондықтан бала ес біліп, жұмысқа бейімделіп, білім алудың керек екендігін түйсініп, өзімен-өзі болғанша оның әр ісін қадағалауда ұстап, балаға сенімділік беріп отыру керек.
Эльмира ИСКАКОВА,
№22 «Балдырған» бөбекжай бақшасының тәрбиешісі