Алтын қыздар жеңіс тұғырында
Татарстанның Казань қаласынан тағы да атымтай жаңалық, белбеу күресінен әлем біріншілігінде қос жерлесіміз жеңіс биігінен көрінді. Мереке Құдайбергенова мен Меруерт Әбубәкір әлемдік додада күміспен қуантып, ел мерейін тасытты. Қос тойың қабат келсін демекші, облыстық спартакиадада жеңіс жолымен қатар келген бұрымды балуандардың күмісі алтынмен пара-пар. Сүйінші жаңалықпен жаңақорғандық жерлестерін қуантқан арулармен байланысып, жарыс жолын сарапқа салдық.
Жалпы белбеу күресінен Сыр өңірі ғана, біздің елде жаңақорғандық балуандардың орны төрде. Ересектер мен жастар арасындағы барлық құрылықтық бәсекелерде жүлдесіз оралған емеспіз. Бұл аудан спортының бүгінгі бір белесі. Қос бұрымды бастаған көшті жастар жалғап, биыл қазақ елін қуантты. Бірақ, Мереке мен Меруерттің орны бөлек.
– Шыны керек, біздің дайындығымыз жоғары болды. Барымызды салдық, алтын қолда еді, бірақ сәл бабымыз келіспеді. Барлық жанкүйерлерге, әсіресе жаңақорғандық жерлестеріме, ағай-апайларға, ата-анамызға мың алғыс. Үйде отырып, тілеуімізді тілеп, тақымын қысып отырып, додаға үкілеп қосқан қазақ еліне рахмет айтамыз. Бірақ, келер жылы күмісті алтынға айырбастауға тырысамыз. Кеткен есе қайтатын болады, – деді Мереке.
Мереке Құдайбергенованың бұл төртінші әлем чемпионаты. 2013 жылы алғаш әлемдік бозкілемде бағын сынап, алтынмен қуантып, әнұранымыз шырқатқан болатын. 2016 жылы сәттілік серігі болмады, бірақ келер жылы қолаға қол созды. Міне, араға төрт жыл салып, қайта бағын сынап, күмісті еншісіне жазды. Халықаралық турнирлер мен ел біріншіліктерінде ешкімге дес бермей келеді. 76 келі Мерекенің салмағы деген содан қалса керек-ті. Самбо мен қазақша күрес, тіпті дзюдодан да қанжығасы бос емес. Ол ол ма, аудандық қол добының қыздарына дем беріп, бірге алаңда жаттығып жүр.
– Алғашқы белдесуім қырғыз балуанымен болды, қарсыласым мықты, бірақ тәжірибем басымдық берді. Одан кейін өзбек балуанын қапы қалдырдым, жартылай сында орыс қызына қарсылас атандым. Ол да білекті балуан екен, жеңісті жұлып алдым. Бір өкініштісі, ақтық сында тағы бір орыс қызына жол бердім. Жеңіс қолда тұр еді, тек соңғы секундтарда есем кетті. Әрине, өкініштен өзегім өртеніп кете жаздады. Барлығы бозкілемде қалды, – деді чемпион қыз.
Меруерт 76 келіден жоғары салмақта жарыс жолына шықты. Жарыс фавориттерінің бірі деп көпшілік біздің қызға баға берді. Бозкілемге шығып, барлық қарсыласының жауырын жер иіскеткен ол да ақтық белдесуінде алаң қожайына тап болды. Оған дейін неміс, орыс қыздарын жарыс жолынан шығарған Меруерт те финалда сәл ғана басымдықпен орыс қызына жол берді.
– Бұған дейін 6 рет әлемдік додада бағымды сынадым, жеңіс те, жеңіліс те болды. Бірақ, бүгін алтын алатын тамаша мүмкіндік туып еді. Әттең, жеңіс уысымнан сусып кетті. Келешекте осы қателікпен жұмыс жасайтын боламын, ол бірақ уақыттың еншісінде, – деді балуан қыз.
Белбеу күресінен ересектер арасындағы бұл додада Мереке «Халықаралық дәрежедегі спорт шебері» атағын алды. Қос бұрымдыны аламанға баптап, топқа қосып жүрген Әбдісаттар Садықов бапкердің еңбегі зор. Қаншама шәкірттерінен тәлім алған жастар қазір ірі додаларда ел еңсесін еселеп жүр.
– Белбеу күресінен Қазақстан әлемдік рейтингте үздіктер қатарында келеді. Оған біздің шәкірттердің қосқан үлесі зор. Жастарды айтпағанда, Мереке мен Меруерттің жетістігі жетіп артылады. Иә, кешегі сында алтын күттік, бірақ сәл жетпей қалды. Қыздар жарады, ел үмітін ақтады, әлі де олардан күтеріміз көп, – деді Әбдісаттар бапкер.
Түгіскенде орналасқан №8 спорт мектебінің биігі осылай көрінуде. Ендігі жол жастардың қолында. Бұл жөнінде Мереке пікір қалдырды.
– Алар асуымыз алда шығар, бірақ соңымыздан жастар еріп келеді. Күрестің бірнеше түрінен топқа түстік, жүлдеге таластық, қолымыздан келгенін жасадық. Бірақ, біздің кәсіби мансабымызға нүкте қойылар кез де жақындап қалды. Мүмкін келер жылы барлық аламанда атой салармыз, болмаса спортты осы жерден тоқтатармыз. Барлық спортшының арманы олимп шыңын бағындыру ғой, бұл бақ бізге бұйырмаса да тарихқа есіміміз таңбаланды. Өткенге өкпе жоқ, бірақ әттеген-ай деген тұстарымыз көп, – деді ол.
Иә, қалай десек те, қос бұрымды балуанға мың алғыс, Сыр елінің ғана емес, қазақ елінің көк туын көкте желбіретіп, белбеу күресінің биігінде жүрген арулардың еңбегіне ел разы. Кәсіби мансапты аяқтап, бапкерлік қызметке кетсе де, олардан керемет бапкер шығатынына шүбә келтірмейміз. Бірақ, олардан әлі талай жүлде күтетініміз бар.
Әли ТЕМІРБЕК