НАҒЫЗ ТАЛАНТ ТАСАДА ҚАЛМАЙДЫ

Өнер – мәдениеттің он екі мүшесінің бірі, күре тамыры. Өнер додасына Жаратқан таңдайына тарыдай бақ қондырып, маңдайына жарқыраған жұлдыз таққандар ғана келіп қосыла алады. Бүгінгі тарқатылар тақырыбымыз дәл осы өнердің әлеміне ат ізін салған жас талант Нұргүл Нұржан жайында болмақ.
Қаратаудың қасиетті топырағы көптеген мәдениет майталманадары мен өнер жұлдыздарын, сахна саңлақтарын шыңдады. Олардың ізінен келе жатқан өнер мен мәдениеттің айналасында жүрген жас буынның ерекше дарыны мен табиғи талантына тәнті болғанда жүректі қуаныш билейді. Солардың бірі – «Арман» кенттік мәдениет үйінің қызметкері, күміс көмей әнші Нұргүл Мақсұтқызының бағындырған белесі бір төбе.
Ол 1996 жылы Қызылорда қаласында туылған. №171 Ғани Мұратбаев атындағы мектептің түлегі. Мектеп қабырғасында жүрген кезінде-ақ киелі сахнаға шығуды армандайды. Оқушылар арасындағы өнер сайысы мен байқауларға қатысып, «Көктем аруы» байқауының жүлдегері атанады. Мектепті бітірген соң, ата-анасының бағдарымен биология пәнінің мұғалімі мамандығын таңдап, «Болашақ» университетінде білім алды. Студенттік жылдарды да құр өткізбей, жастар арасындағы сайыстарда жиі бой көрсетіп, намыс туын облыс, республика көлемінде талай желбіретіп жүрді. Жаңақорғанға келін болып түскеніне сегіз жылдан асыпты. Жас отбасы қызметті де, өнерді де бірыңғайлап кете алмай жүр екен. Бірақ іште тұншыққан таланттың жарып шығар кезі болады. Ерекше дарынды тани білген «Арман» кенттік мәдениет үйінің директоры Күлән Әбілтанова жас әншіні өз қамқорлығына алуды ұйғарыпты.
– Бала арманыммен қайта қауышып, жүрегімде өнерге деген ынтызарлықтың сәулесі тұтанды. Бірде жолдас келіншегіміздің өтінішімен баласының сүндет тойында ән салдым. Осы кеште көпшіліктің менің өнеріме, дауысыма ризашылықтарын көрдім. Ертесіне, «Арман» мәдениет үйіне жұмысқа шақырылдым. Мен үшін Күлән Әбілтанова апайымның ұсынысы күтпеген жаңалық еді. Алғашқы жұмыс күнім басталысымен Шалқияға әншілер байқауына аттанып, бас жүлдемен оралғанымда нағыз бақытты сезініп, «өзімді енді тапқанымды» ұқтым. Тәжірибесі мол мәдениет майталмандарының батасын алып, бағыт-бағдарымен өнер жолына қадам басып келемін, –дейді ол.
«Ән айтсаң, жаныңды жеп айт» демекші, Нұргүл Мақсұтқызының өнерін тамашалап отырып, рухани күш аласыз. Себебі, ол қазақтың тәлім-тәрбиесі тұнған дәстүрлі әндерді насихаттайды. Белгілі әнші Наркенже Серікбаеваның репертуарындағы бірнеше әнін табиғи дауыспен орындап жүр. Соңғы уақытта той-бизнес саласына да бет бұрып, халықтың ықыласына бөленіп жүр.
– Әр байқаудың өз биігі бар. Сахнаға шыққан сайын өзімді-өзім қайрап, ауданның намысын биік етуді мақсат етемін. Қаншама өнерлі жастардың арасынан іріктеп, облыстың төрінде өнер көрсететін «Жаңақорған» триосына қабылданғанымда қуаныштан төбем көкке жетті. Жанды дауыста өнер көрсетіп, бірінші орын алып келдік. Өнерімді бағалап, рухани күш беріп жүрген ұжымыма мәңгілік қарыздармын, –дейді ол ағынан жарыла.
Жезтаңдай әнші Нұргүл Нұржан сәуір айында ғана жұмысқа орналасса да, жеткен жетістігі мол. Шиелі ауданы, Жиделі арық ауылында өткен облыс көлемінде қоғамдық негізде жұмыс жасап жүрген жандарға арналған «Жұмысшы мамандықтар сахна төрінде» байқауында бас жүлде, жергілікті композитор Н. Жаманбаевтың облыстық байқауында бас жүлде, Келінтөбе ауылында өткен аудандық әншілер байқауында бірінші орынды иеленді. Алғашқы қадамынан-ақ, болашағынан үлкен үміт күттіретін талантты жастың қарқынын байқадық.
Ол өнермен ғана шектеліп қалмай, қазақтың ұлттық қол өнерімен де айналысады. Әрі бұл өнерін бабалардан қалған асыл мұра ретінде ұрпаққа аманаттау қажет деп санайды. Қазақтың ұлттық өнерінің сөндіріп алмай, тарихына сызат түсірмей, болашаққа қаз қалпында алып баруымыз керек деген ұстанымды санасына түйген.
«Бұлақ көрсең, көзін аш» дегендей, бойына біткен өнердің өрісін ашуға жол таппай жүрген тума таланттарды әр қиырдан тауып, нағыз талант иелерін мәдениетке баулып, бармақтай бақыт сыйлап жүрген қырағы көз Күлән Әбілтанованың осындай қасиетін бұрында байқайтынбыз. Бұл жолы саф өнердің сынығындай жарық жұлдыздың тұсауын кесті десем артық айтпаған болар едім.
Әншінің жан сырын жүрекпен сезініп, жанымен ұғынған ел батасын беріп, бақыт тілеуде. Батамен көгерген ел болғандықтан, осы көпшіліктің батасы Нұргүл Нұржан да дарақтай көгеріп, көктеп, өнері өрісін кеңейте берсін, қазақ қызына тән намысын, бітім, болмысын берсе екен деп біз де іштей тілекші болдық.
Мақпал МАРҚАБАЙ




