№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Серіктің сергек ісі

Серіктің сергек ісі


Күн өткен сайын ғаламдық су тапшылығы қатты сезілуде. Бұл мәселе бізді де айналып өтпеді. Әсіресе, биылғы қуаншылық дала еңбеккерлерін әбден әбігерге түсірді. Жаздыкүнгі аптап ыстық қырдағы көкмайсаны қуратып, даланың өңі қашырып, желмен топырақ төбеге ұшты. Содан қырдан Сырға түскен төрт түлік қоңсыз күй тартты. Малшылар отар қой мен табын сиырды егіндік отына отатамыз деген үмітпен келген-ді. Бірақ, Сырдария суалып, каналдар мен су қашыртқыларының табаны құрғап, суат іздеп кетті. Бұл – үлкен мәселе. Бұған аудан басшылары көңіл бөліп, құдық қазу мәселесін ұйымдастырған-ды. Алғашқылардың бірі болып «Бекарыс – Агрофуд» ЖШС төрағасы Серік Мырзабаев мән беріп, екі құдықты қаздырып, екі ескі құдықтың көзін ашып, төрт түліктің суатын жасады. 
Біз жақсы істі көрмекке Қыркеңсе ауылдық округіне арнайы бардық.
Жолға шықтық. Фотогроф Жасұлан Сейдеметов қасыма ерді. Шығармашыл адам қашанда объективін сайлап, қырағы көзбен көркем көріністі шолып отыратын әдеті емес пе? Ол Сырдың бойындағы жиде, тораңғыл, сәнбі тал араласқан тоғайға тоқтауды сұрады. Күзгі көрініске ынтығып, фотоаппаратын алып, сәтті кадр түсіруге мән берді. Кезек дарияға да келді. Шіркін, толқыны тулап, төмен қарай асыға ағатын өзеннің бүгінгі күйі... Асып-тасып жататын су айданында қай­ыр жерлер көбейіп, аптығын басып, моп-момақан бола қалыпты. Ес білгелі дарияның деңгейі мен дергейі түскенін көргенім осы.
Қазір диқаншы қауым қатты алаң­даулы. Өйткені өзеннің жоғарғы сағасы «Тоқтоғұл» су қоймасында су өз деңгейінде жиналмады. Оған «Шардарадағы» өмір нәрі ұлтанына түскенін тағы қосыңыз. Оның үстіне, біздің ауданда су тоспасы жоқ. Су тапшылығы сезіле бастаған кезде бұл да жығылғанға жұдырық болып тұр.
Сырдария – елдің ырысы екен-ау! Сыр суалса жұрт не істейді?..
Жә, тақырыпқа қайта оралайық. Көлікке қайта отырып, Серік Әбжап­парұлының шаруашылығын көруге асықтық. Жүйіткіген көлік әп-сәтте Қыркеңсенің төбесін көрсетті.
Секең күтіп тұр екен. Жол бастап, атқарып жатқан жұмысын баяндады.
– Биыл 150 гектарға күріштің, 50 гектарға күзгі бидайдың дәнін бастырдық. Сыр салысының гектарынан 57 цент­нерден, бидайдан 15 центнерден өнім алдық. Дәнді дақылды төкпей-шашпай, қамбаға бастырып алдық. Шүкір, дала еңбеккерлерінің еңбегі ақталды, – деп сөз бастады іскер азамат.
– Қанша адамды жұмыспен қам­тып отырсыз?
– Маусымдық жұмысқа – 150, тұрақты жұмыспен 100 адамды қамтып отырмын.
– Шаруашылықта қай бағытқа басымдық беріп отырсыз?
– Өзі ауылшаруашылығы саласында мал және егін бағыты бір-бірімен байланысты, бір-бірін толықтырып тұ­рады. Осыны ескеріп, көктем шыға соқаны сайлап, жер жыртып жатсақ, екінші жағы, қойды төлдетіп, тауға қам­данамыз.
– Білуімше, мал сою пункті ашылды. Солай ма?
– Иә, қазір осы аймақтағы ауыл тұрғындарының малын сойып беруге дайынбыз. Автоматтандырылған мал сою пунк­тінде барлық ветеринарлық талап сақ­талады. Ең бастысы етті сақтайтын мұздатқыш бөлме бар, – деп жауап берді ол.
Жер-Ананы еміп өскен диқандар үшін қазақтың ұлан-ғайыр даласынан қасиетті ештеңе жоқ шығар, сірә! Әлімсақтан тың жерге түрен салып, топыраққа маңдай тері сіңген шаруалар жерді қатты құрметтейді, қадірін терең түсінеді. Сол себепті топырақты тоздырмай, ауыспалы егін егуге мән береді. Серіктестік күзгі бидай егуге қамданып, жер жыртып, оны малалап, дәнін тастауда екен.
Берекелі істің басына бардық. Қос механизатор Бағлан Дүйсенбаев пен Болатбек Байманов соқаның бір тісін бекітіп жатыр екен.
– Ассалаумағалейкум, жігіттер! Іс оң болсын!
– Уағалейкумсалам! Рақмет!
– Жұмыс қалай жүруде?
– Серіктестік төрағасы 50 гектарға күздік бидай егуді ұйғарды. Біз техниканың тетігін ұстап іске кірістік. Бір-екі күнде жерді жыртып, малалап, дәнді тастап бітіреміз, – деді механизатор.
Серік істің ебін тауып, есебін қиыстыра алатын іскер азамат. Олай болмаса, 90 гектар жерді инженерлік жүйеге келтіріп, онда су көзін жеткізе ала ма?
Күзгі дала жұмысын көріп, құдықтың басына қарай бағыт алдық.
Қазір ғаламдық жылынудың салдар­ынан мұздықтардың көлемі, жаңбырдың жаууы азайды, және оның құрамы өзгерді. Жерасты сулары да азаюда. Шардарадан Сырдария өзеніне секундына 30 текше метр су түсуде. Келінтөбе магистральдық каналына су ілінбей, Сыр беткейдегі ау­ылдар тығырыққа тірелді. Мұның сал­қынын халық сезінуде. Серіктестік төрағасы ахуалды терең түсініп, өз қаржысымен құдық қазды.
– Екі құдық қаздым. Оның суы 15-20 метрден шықты. Әр құдыққа 80-100 мың теңге көлемінде қаржы шығындадым. Бұл – малды аман сақтауда маңызды қадам болды. Сосын ескі екі құдық болатын. Соңы тазалып, қайта іске қосып, мал су ішетін науаны жасадық. Қазір шаруашылықтың 2000 қойы, 400 жылқысы, 600 сиыры су ішеді. Одан бөлек, ауылдың екі бақташысындағы 1000 сиырдың күнделікті суаты болып тұр, – деді.
Серіктің қадамы өте орынды. Мал – серіктестікі. Ендеше малды аман сақтап қалуда жергілікті билікке қарап отыра бермей, өз күшімен қарекет еткені құптарлық іс...
Суаттың басына бардық. Серік­тес­ бақташысының жары Сандуғаш Әллай­дарова науаларды суға толтырып жатыр екен.
Жоңышқалыққа түскен төрт түлік қоң жинай бастапты. Қамыс, мия және т.б шөп түрлеріне бай егіндікте мал жерден басын алмай жайылып жүр. Олар су ішетін мезетте бақташының қонысына қарай аяндайды. Қолдан жасалған суат сол маңда. Мүйізді ірі қаралар лек-легімен сонда келуде.
– Егіндік аймақта су жоқ. Каналдың табаны құрғады. Малдың бәрі осында келеді. Қазір онша көп емес қой. Таңертеңгісі үйір-үйір жылқы, отар-отар қой осында болады. Науаны мезгіл сайын толтырып, малды суға қандырып, өріске айдаймыз, – деді Сандуғаш.
Иә, жер бетіндегі тіршіліктің көзі – су. Сусыз барлық тірі организм өмір сүре алмай дүние жүзінен жойылып кетуші еді. Қамыстың ішінде ұшып-қонып жүрген торғайлар сиырға қонып, сосын науаға жақындап, өмір нәрін жұтып жатқанына көз түсті. Оларға да су керек...
Ертеректе Сырдың бір арнасы Қыркеңседен сәл ары Қызылқұмға енетін тұста ағыпты. Өзгент шаһары мен Хорасан ата кесенесінің тұсында дарияның ескі сондай арнасын көруге болады. Яғни бір кездері қала өркениеті дамып, Ұлы дала елінде берекесі артқан жердің бірі болды осы жер. Оған сол маңда мәңгілік тыныштық тапқан Әбжалел баб, Төлегетай-Қылышты ата, Қылауыз ата және Бақсайыс атаның кесенесі дәлел болады. Бірақ уақыт озып, бұл далада тіршілік тоқтады. Неге? Себебі дарияның арнасы ауып кетті. Сөйтіп Өзгент шаһары маңындағы халық сумен бірге өздері де ауды.
Міне, Серік осының мән-манызын біледі екен.
– Қыркеңсе ауылдық округі көне Өз­гент даласының аумағында орналасқан десек, бұл жердің топырағына құт қонған. Шүкір, еңбектің арқасында ауыл тұрғындарының тұрмыстық әлеуеті артып келеді. Алайда кейінгі жылдары судың деңгейі түсіп, бізді ойланта бастады. Ендігі уақытта суды үнемдеу маңызды. Сосын әртараптандыруға иек артып, осы даладан несібемізді теруді ойлап отырмыз.
Дерек көздерінен жер жүзінде 2,5 миллиардқа жуық адамы су тапшы­лығын сезініп отырғаны жөнінде мәлі­метті оңай табуға болады. Әлемнің 17 елінде су тапшылығы тым жоғары, оларға Солтүстік-Шығыс Африка, Таяу Шығыс және Азия елдері жатады. Трансшекаралық өзендерге тәуелді біздің елдің де жағдайы оңай емес. Біз осыны түсініп, жағдайға сай қарекет етуіміз тиіс. Құдық қазу ісінде аудан әкімінің бастамасын қолдап, іске асырған себебіміз сондықтан, – деді аудандық мәслихаттың депутаты.
Серіктің сергек істерін көріп, мар­қайып қалдық. Ойы кемел, сөзі жүйелі азаматтың жоспар-жобасы көп...
Нұрлат БАЙГЕНЖЕ
16 қазан 2021 ж. 382 0