Ұлттық санақ қалай өтуде?
15 қазаннан бастап Ұлттық халық санағына онлайн тіркелу аяқталды, бірақ санақшылардың жұмысы жалғаса береді. Айдың соңына дейін қазақстандықтар санақтан офлайн өтуі тиіс. Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросы апта басында 7 млн-нан астам респондент онлайн өтті деген мәлімет жариялады. Оның басым көбі sanaq.gov.kz сайты арқылы тіркелді. Бұл саяси науқанға жаңақорғандықтар қалай атсалысуда? Қай ауыл көш басында келеді? Осы сауалдардың жауабын аудандық статистика басқармасынан білдік.
Онлайн санақтан өткендер саны бойынша Түркістан облысы алда тұр. Алматы – екінші, үздік үштікті Шығыс Қазақстан облысы түйіндеді. Айта кетейік, 1 қазаннан бастап интервьюерлер үй-үйді жаппай аралауды бастаған еді. Екі аптаның қорытындысы бойынша офлайн санақпен еліміздің 2 млн-ға жуық тұрғыны қамтылды. Онлайн санақтан өтпегендер 30 қазанға дейін интервьюерлердің сауалдарына жауап бере алады. Барлық сауалдар бойынша 1446 байланыс орталығына хабарласуға болады. Қоңырау шалу тегін.
Енді ауданға келейік, алдымен тағы да мән-жайды басқарма басшысы Өмірбек Избасов түсіндіріп, қазіргі ахуалды баяндады.
– Ұлттық санақ жөнінде тәжірибеміз бар, тек интернет арқылы болған соң бастапқы кезде сәл кідіріс болғаны рас. Қазір жағдай қалыпты, санақшылардың басым бөлігі өзіне жүктелген межені орындап үлгерді. Айдың соңына дейін толық аяқтаймыз деген үміттеміз, – деді.
Санақшылар тізімінде өзім де бармын. Тілші болғаннан соң, істің барысын көзбен көру мақсатында үй-үйді аралап көрдік. Қолымызда көк портфель, ішінде планшет пен арнайы дәптері бар. Мойында көк мойынорағыш, кеудемізде бейджик, осылай жүріп жұртпен жүздестік. Танитындар төрін ұсынып, жылы қабақ танытып жатты. Танымайтындар да сауалымызға тез, әрі нақты жауап берді. Бірақ, кейбір тұрғындарға санақтан өту керектігін түсіндірсек, әскерге алып кетердей есігін тарс еткізіп іліп алып, қарсылық білдіреді. Келесі бағыт Құрманғазы көшесі, бұл көшенің тұрғындарының 90 пайызға жуығы онлайн тіркелген, айналдырған 4 күн ішінде аралап бітірдік.
– Өзіміз отбасымызбен өтіп қойғанбыз, бірақ өтпеген таныстарымыз да бар. Шыны керек, қазір халық үркіп қалған. Оның үстіне, теледидардан да алаяқтардың көбейгенін жиі айтып, одан сайын елді шошытып жатыр. Дұрыс қой, бұл ескерту, дегенмен арнайы құжаты бар қызметкер келсе сауалдарына жауап бергені жөн. Бұл науқан еліміз үшін аса маңызды, сондықтан қалыс қалып қоюға болмайды, – деді Бақтыгүл апамыз.
Иә, бізге дейін қызметте жүрген тұрғындарға мекемесінен, одан қалды әкімгершіліктен мамандар онлайн өтуді хабарлап, есіктерін талай қаққан. Біз барғанда 1414-тен келген кодын өшіріп алғандар жеке куәлік нөмірін айтуға қымсынды. Тіпті бірі «неге қайта-қайта келе бересіңдер?» деп ренжіп жатты. Кейбір тұрғындар көшіп кетсе, демалыс күндері той-томалаққа кететініміз бар.
– Ең бірінші аудан халқына құлаққағыс болсын, егер біздің қызметкерлер арнайы құжаттары, яғни, бейджик, көк мойынорағыш пен портфелі және планшеті болса сауалдарына толық жауап берулеріңізді сұраймыз. Егер оған да көнбесеңіздер, біздің мекемеге хабарласуға болады. Шыны керек, кейбір тұрғындар интервьюерлер сұрағына жауап бергісі келмейді. Ұлттық санаққа тіркелу әрбір тұрғын үшін маңызды, уақыт оздырмай айдың соңына дейін тіркеліңіздер, – деді санақ бөлімінің басшысы Сұлтанахмет Абуов.
Жалпы аудан бойынша 58 санақшы болса, соның 18-і кенттен, қалғаны елді мекендерден. Ал, 13 қазан күнгі мәлімет бойынша, 65 пайыз тіркелген екенбіз. Әрине, бұл тым аз, салдарынан облыс бойынша көш ортасынан төменге сырғып барамыз. Енді округтердегі ахуалға келейік. Онлайн тіркелу көрсеткіші бойынша Қаратөбе, Қандөз, Қыркеңсе, Кейден және Қожамберді ілгері келеді.
«Қыркүйек айынан бастап қызметкерлермен біріге отырып, тіркеуді қолға алдық. Ауыл шағын болған соң, межені уақытынан бұрын тәмамдадық» – деді Қожамберді ауылының әкімі Нұрқасым Сейітқасымов.
Санақшылардың жауапкершілігінің нәтижесінде, жоғарыдағы ауылдарды қоспағанда Қыраш, Ақүйік және Жаманбай батыр ауылдық округтеріндегі қызметкерлер үздіктер қатарында.
– Өзіме берілген учаскемді толықтай планшетке түсіріп, жұмысымды уақытынан бұрын аяқтадым. Көбісі онлайн тіркелгенімен, офлайн тіркелушілер де болды. Бас кезінде дұрыс түсінбей жүрдік, кейін үйреніп, екі аптада барлық көше тұрғындарын түгендеп шықтым. Бұл елдің ертеңі үшін маңызды жүйе, сондықтан жауапкершілікпен қарадым, – деді Сейітқасым Нұрқанат.
Әзіргесанақ жүргізу науқаны осылай жүруде. Мойындау керек, бір отбасы емес, бір тұрғынды тіркеудің өзі біраз уақытты алады. Ол мейлі, ішіндегі сауалдарына кейде өзің де түсінбейсің. Ол біз шешетін шаруа емес, біздің міндет ертерек санақты аяқтау, қалғанын уақыттың еншісіне қалдырайық.
Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ