№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Санаққа қатыстың ба, ағайын?!

Санаққа қатыстың ба, ағайын?!


2021 жылдың 1 қыркүйегі мен 15 қазанына дейін «Ұлттық санақ-2021» екінші кезеңі өтеді. Ал, 30 қазанға дейін планшет қолдану арқылы жаппай сауалнама жүргізіледі. 10 жылда бір келетін халық санағында қандай өзгерістер бар, біз оған дайынбыз ба? Халықтың белсенділігі қаншалықты деңгейде, осы және өзге сауалдарға жауап іздеп көрдік.


1-30 маусым аралығында ұлттық халық санағының бірінші кезеңі өтті. Тұрғынжайлар, тұрғын үйлер, ғимараттар және тұрғын емес үй-жайлар тізімін жасақтау жұмысы толығымен аяқталды. Енді екінші кезең басталды, ең бастысы, тұрғындар белсенді, әрі жауапкершілікпен қарауы тиіс. Шыны керек, жауапты мамандар түсіндірме жұмыстарын тиісінше жүргізгенімен, тұрғындар әлі де санаққа селқос қарауда.
– Онлайн жүргізілген санақ дұрыс деп есептеймін, өткені біріншіден жеке бастың қауіпсіздігі, екіншіден, уақытты тиімді пайдалануға мүмкіндік береді, әрі заман көшіне ілесіп келеміз. Сондықтан бұл науқанға жұмыла кірісуіміз керек. Елдің бүгіні мен болашағын бағдарлауға бағытталған халық санағына бір сәт болса да белсенділік танытқанымыз дұрыс, өйткені бұл – ортақ міндет, – деді кент тұрғыны, көпбалалы Айман апамыз.
Интернетке қосылған компьютер немесе ұялы телефон арқылы sanaq.gov.kz сайтына кіріп, eGov.kz не болмаса Aitu Messenger отандық мобильді қосымшасын таңдау арқылы санақтан өтуге болады. Бұған ары кетсе 1 сағат уақытыңыз кетеді. Егер сайт жұмысын түсінбесеңіз жауапты мамандарға хабарласып, мәлімет алуға да мүмкіндік бар. Әзірге аудан бойынша нақты қанша тұрғын қатысқаны белгісіз. Әзірге Сыр өңірі республика бойынша үздік бестікте келе жатқанын ғана білеміз. Бұл жөнінде Жаңақорған ауданының статистика басқармасынан мәлімет алған едік. Алайда, Жаңақорған ауданы облыс бойынша көштің соңына жақын орналасқан. Оның басты себебі, кент және ауылдық округтердегі халық белсенділігінің төмендігі.
Нақты мәліметтерге сүйенсек, Ақүйік ауылдық округінде 2519 тұрғын тізімде болса, соның 44-і ғана санаққа қатысты, бұл – 1,75 пайызды көрсетеді. Сол секілді Қожакентте – 3,21, Аққорғанда – 3,36, Көктөбеде – 4,1, Келінтөбеде – 5,87, Шалқияда – 5,9, Жаңақоран кентінде – 6,1, Бесарықта – 7,21 пайызы санақтан өтті. Қалған елді мекендер де осы жобалас. 30 пайыздан жоғары орындағандар арасында Қандөз бен Кейденді ерекше атауға болады.
– Ауылда үгіт-насихат жұмысы жүргізілуде, мекеме қызметкерлері мен жауапты мамандар, тұрғындар да осы іске белсенді атсалысуда. Күнделікті мәлімет алып отырмыз, қоғамдық жұмыс есебінен де қызметкерлер бар, түсіндірме жұмыстары тиісінше жүргізілуде. Соның нәтижесінде ауылдар арасында көш бастадық. Әлі де жұмысты жетілдіре түсуіміз керек, – деді Қандөз ауылдық округінің әкімі Кеңес Оразбеков.
Статистика саласының ардагері Болат Құтыбаевтың айтар пікірі орынды. Ел егемендігін алған уақыттан зейнетке шыққанға дейін осы салада ерен еңбек еткен маман ретінде аудан халқына ертерек қамданған жөн дейді.
– Ұлттық халық санағын өткізу бойынша тәжірибеміз аз емес. 1999, 2009 жылы өткен санақ кезеңінде жоғары нәтиже көрсеткен едік. Ал, қазір бұл науқаннан өту жеңілірек, яғни, онлайн түрде өтеді. Көп дегенде бір отбасы 1 сағат қана уақытын бөлсе болғаны. Бұл науқан елдің бүгіні мен болашағы үшін аса маңызды процес. Қазір санақтан өту өте маңызды, өйткені ертең өтпеген тұрғынның өзіне кері әсері болуы ықтимал. Бір мысал айта кетейін, егер ауданның тумасы, осындай тіркелген азамат өзге облыста жалдамалы пәтерде тұрып, қызмет жасап жүрген болса, ол санақтан өткенде тіркелген елді мекен жайын көрсетуі тиіс. Мынаны ескеруіміз керек, санаққа қатысу, оның ішіндегі сауалдарға жауап беру ерікті түрде жүргізіледі. Сондықтан, әрбір тұрғын туған өлкесіне тіркелуі тиіс.
Енді санаққа байланысты аудан халқы қандай қосымша мәлімет білу тиіс, егер сауал туындаған жағдайда кімнен кеңес ала алады. Осы және өзге де сұрақтар бойынша аудандық статистика басқармасы басшысы Өмірбек Избасов­ты сөзге тарттық.
– Халыққа жүргізілген жалпыұлттық сауалнама барысында біз әр түрлі практикалық мақсаттарда қолданылатын деректердің үлкен жиынтығын жинауға, жаңартуға тиіспіз. Алдағы халық сана­ғының маңызы халықтың нақты санын білуге ғана емес, елдің әкімшілік-аумақтық бөлінуі бойынша республика тұрғындарын сипаттайтын демографиялық және әлеу­меттік-экономикалық ақпаратты алу­ға мүмкіндік береді. Санақ мәліметтері экономикалық болжауға, жұмыспен қамту саясатын анықтауға, басқа да әлеуметтік бағдарламаларды құруға, сондай-ақ, мемлекеттік органдардың функцияларын орындауға, ғылымды және бүкіл қоғамды ақпараттық қамтамасыз етуге пайдаланатын болады, – деді басқарма басшысы.
– Дегенмен санаққа байланысты көкейде сұрақ көп. Соның бірі – санаққа қатысушы азамат сұхбат­шыларға маңызды жеке ақпарат береді, сол жеке мәліметтің қауіп­сіздігі қамтамасыз етіле ме?
– Ұлттық халық санағының негізгі жаңалығы – заманауи цифрлық техно­логиялар мен процестерді автоматтандыру арқылы жүргізеді. Бірінші әдіс – sanaq.gov.kz мамандандырылған сайтында интер­нет-сауалнама жүргізу, ол виртуалды көмекшінің көмегімен респонденттерге тұр­ған орнына қарамастан өздігінен санақтан өтуге және өзі, отбасы мүшесі үшін санақ парағын толтыруға мүмкіндік береді. Сайт 2021 жылдың 1 қыркүйегі мен 15 қазаны аралығында тәулігіне 24 сағат бойы қолжетімді болады.
Екінші әдіс – дәстүрлі жаппай сауал­нама, ағымдағы жылғы 1-30 қазан аралығында интервьюерлермен элек­тронды планшеттерді пайдалана оты­рып жүргізіледі. Сұхбатшының сауал­наманы электронды планшетпен жүр­гізуі жаңашылдық болып табылады. Санақ кезінде мәліметтерді жинау үшін сәйкес­тендіруші ақпарат ретінде сауалнама жүргізілетін тұлғаның ЖСН-і пайдалынады. Бұл мәліметтердің қайталануын болдыр­мауға мүмкіндік береді.
Ұялы байланыс желісі нашар ұстайтын аудандарда сауалнама жүргізу кезінде ақпарат жергілікті атқарушы органдар қамтамасыз еткен көлік арқылы орталық серверге офлайн режимде жеткізіледі. Аталған байланыс түрі барлық деңгейдегі қала, аудан және ауылдарға қолжетімді. Ақпаратты барлық аумақтық статистика органдары қосылған IP VPN желісі арқылы жіберуге болады. Санақ жүру барысында азаматтардан алынған барлық ақпараттар Ұлттық статистика бюросының орталық серверіне қауіпсіз байналыс каналдары арқылы жіберіледі. Сұхбатшының тұрғын­дардан алған ақпараты сауалнама аяқ­талған сәттен бастап шифрланады және сол формада орталық серверге жіберіледі.
– Қазірдің өзінде санаққа қатысқан тұрғындар сұрақтың тым көп екенін алға тартуда. Осымен келісесіз бе?
– Санақ объективті ұйымдастыру үшін 91 сұрақтан (69 сұрақтан және 22 нақтылаушы сұрақтан) тұратын санақ парағы әзірленді. 8 сұрақ бірге тұратын отбасы мүшелеріне қатысты болады; 8 сұрақ және 3 сұрақ – тұрғынүй жағдайы, 60 сұрақ жеке басына қатысты болады. Респонденттер санақтан өтуге және өзі, отбасы мүшелері үшін санақ парақтарын толтыруға мүмкіндік бар. Sanaq.gv.kz сайты 24 сағат бойы қолжетімді.
Екінші әдіс – дәстүрлі жаппай сауалнама 1-30 қазан аралығында интервьюрлермен электронды планшеттерді пайдалана оты­рып жүргізіледі.
– Дұрыс қой! Дегенмен қазір алаяқтық фактілері көбейіп кетті. Тұрғындар осыдан секем алатыны рас...
– Еш қорқудың негізі жоқ. Біздің мамандар куәлігі, мойынорағышы, порт­фелі болады. Егер алаяқтарға ұрынып қалмайын деп күмәндансаңыз, 1446 нөмірі арқылы хабарласып, нақты ақпа­ратыныңызды алуға болады.
– Ақпаратты тікелей жинайтын интервьюерлер, яғни қызметкерлер қалай таңдалады?
– Жұмысқа Covid-19 қарсы вакцина ал­ған жасы 18 ден жоғары, бастамашыл, жауапты, тез тіл табысатын, компьютермен жұмыс істей алатын Қазақстан Республикасының азаматы қабылданады. Жұмыс өтіліне және кәсіби біліміне талаптар қойылмайды. Вакцина салдырғандар Сұхбатшыларды аумақтық статистика департаментінде арнайы комиссия әңгімелесу арқылы қабылданады. Санақ персоналдарымен ақылы қызметтер үшін келісім-шартқа отырады. Сонымен қатар, азаматтардың құпия деректерін үшінші тұлғаларға жарияламау туралы келісімдер жасалады. Бұл талапты бұзғаны үшін жауапкершілік қарастырылған.
Интервьюер атрибуты: ҚР халық сана­ғын өткізу кезеңінде санақ персоналына куәлік (бейдж үшін қосымша бет) берілді. Куәлікте сұқбатшының немесе нұсқаушы-бақылаушының суреті болады, сонымен қатар мынадай деректемелер: тегі, аты, әкесінің аты, берілген күні және оның жарамдылық мерзімі, аумақтық статистика органының қолы мен мөрі көрсетілген. Халық санағының белгісі бар көк түсті мойынорағыш, портфелі бар.
Айта кетейік, аудан бойынша жұмысшы күші әлі де керек. Нақты айлығы жүреді, 1 ай қызметіне ақы төленеді. Тек қызметіне ұқыпты қараса болғаны.
– Санақ қорытындысы жария еті­ле ме?
– Ұлттық халық санағының қорытынды­сы бойынша 2021 жылдың желтоқсанында халықтың жалпы саны бойынша жедел деректер дайындау жоспарлануда. 2022-2023 жылдар аралығында 10 тақырыптық жинақ (қысқаша қорытынды, халық, ұлттық құрам, көші - қон, білім беру, неке және отбасы, үй шаруашылығы, жұмыспен қамту, табыс және өмір сүру көздері және тұрғын үй сипаттамалары) әзірлеу жоспарланған, олар 386 кесте­де көрсетілген көрсеткіштерді қам­тиды. Сондай-ақ өңірлік жинақтар қалып­тастырылып, электрондық форматта жария­ланады.
Жалпы, санақ қорытындысы халықтың саны мен жыныстық-жас құрылымын бағалау үшін, халықтың әртүрлі әлеуметтік-демографиялық топтарының жағдайын сипаттайтын ақпарат. Демографиялық және әлеуметтік-экономикалық көрсеткіш­тердің есептері жүргізіледі. Ұлттық халық санағының нәтижелері бойынша алынған деректер экономикалық және әлеуметтік бағдарламаларды әзірлеу, жұмыспен қамту саласындағы мемлекеттік саясатты нақтылау үшін пайдаланады. Сондықтан, азаматтардың белсенділігі мен шынайы жауаптары халық туралы сапалы дерек­терді алуға негіз болады.
Айта кету керек, халықтың санаққа белсене қатысуы өте маңызды. Санақ­шының қойған сұрақтарына дұрыс жауап беру әр азаматтың міндеті, санақ нәтижелері үй шаруашылықтарының жағ­дайларын, отбасылық қатынастарды жақсарту, мүмкіндігі шектеулі адамдардың өмірін, халықтың тұрғын үй жағдайларын жақсарту бойынша мемлекеттік бағдар­ламаларды әзірлеу үшін, сонымен қатар білім, жұмыспен қамту, туу және көші-қон мәселелері бойынша шешімдерді қабылдау үшін қажет. Ендеше, санаққа белсене қатысайық, ағайын!

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ

11 қыркүйек 2021 ж. 338 0