№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Күзде халық санағы басталады

Күзде халық санағы басталады

Биыл күзде Қазақстанда үшінші халық санағы өтеді. Бастапқыда ұлттық санақ 2020 жылға жоспарланған еді, кейін пандемияға байланысты бір жылға шегерілді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан. Осы жылы кезекті халық санағы қалай өткізіледі? Халық санағы кезінде кімдер есепке алынады және алынбайды?  Ұлттық санаққа бюджеттен қанша теңге жұмсалады?

Халық санағы екі әдіспен жүргізіледі

Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының ақпаратынша, халық санағы шартты екі кезеңнен тұрады.
Бірінші кезең 1 мен 30 маусым аралығында өткізіледі. Интервьюерлер тұрғын үйлер және онда тұратын тұрғындардың санын нақтылау мақсатында әрбір елді мекенді аралайды. Яғни, бұл кезеңде аудандастыруға дайындық болады.
Санақты аудандастыру – бұл өңірдегі әрбір елді мекеннің аумағын санақтың 2-кезеңін өткізу үшін нұсқаушылық және есептік учаскелерге бөлу.
Екінші кезеңде ұлттық санақ басталады. Ол 1 қыркүйектен 30 қазанға дейін созылады.
Биыл халық санағы екі әдіспен жүргізіледі: онлайн-санақ және дәстүрлі үй-үйді аралау.
1 қыркүйек пен 15 қазан аралығында қазақстандықтар sanaq.gov.kz сайты арқылы онлайн-санақтан өте алады. Әрбір адам сайтқа жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН), ұялы телефон нөмірін, құпия сөзді енгізу арқылы тіркеледі. Ұялы телефон нөмірін енгізгеннен кейін сол нөмірге растау коды, сондай-ақ, санақтан өткеннен кейін оның санақтан өткендігі туралы SMS келеді. Үйге санақ жүргізетін интервьюерлер келген жағдайда, респонденттер осы хабарламаны көрсетіп, санақтан өткенін растауы қажет. Сондықтан интернет арқылы тіркелген респонденттерді интервьюерлер екінші рет сауалнамадан өткізбейді.
Ал 1-30 қазан аралығында интервьюерлер үй-үйді аралайды. Тұрғындардың мәліметтері планшеттерге енгізіледі.
Онлайн және планшет арқылы сауалнама жүргізу үшін электронды санақ парақтары әзірленді. Онда әр азамат баспана жағдайын сипаттайды, бұдан бөлек, этномәдени сипаттамалар, білім және сауаттылық, көші-қон, неке жағдайы, туу, жұмыспен қамтылуы, күнкөріс көзі және тыныс-тіршілігінің шектелуі туралы жаңа сұрақтар енгізілген.

Халық санағы кезінде кімдер есепке алынады

Ұлттық санақ кезінде келесі азаматтар есепке алынады:
  • халықты есепке алу сәтінде елдегі тұрғылықты жерінде жүрген Қазақстан азаматтары, шетелдіктер және азаматтығы жоқ адамдар;
  • шетелде жүрген қазақстандық дипломаттар, ұзақ мерзімді қызметтік іссапарға байланысты 12 ай және одан көп уақыт шетелде жүрген Қазақстан азаматтары (олармен бірге жүрген отбасы мүшелерін қоса алғанда);
  • Қазақстанда тұрақты тұратын, бірақ 12 айдан аз мерзімге қызметтік іссапарға, келісімшарт бойынша жұмысқа, оқуға шетелге уақытша кеткен адамдар («Болашақ» бағдарламасы және студенттермен алмасу бағдарламалары бойынша оқитындарды қоса алғанда);
  • Қазақстанда тұрақты тұратын және шетелге уақытша демалуға, емделуге, туыстарына немесе таныстарына қонаққа кеткен адамдар;
  • Қазақстанда тұрақты тұратын, халықты есепке алу сәтінде теңізде жүрген отандық балық аулау және сауда кемелеріндегі теңізшілер;
  • тіркеу құжаттарын рәсімдеп үлгермегендер немесе тұрғылықты тұруға ықтиярхат алмағандарды қоса, шетелден Қазақстанға тұрғылықты тұруға немесе пана іздеп келген Қазақстан азаматтары, шетелдіктер және азаматтығы жоқ адамдар;
  • 12 айдан көп мерзімге шетелден Қазақстанға жұмысқа немесе оқуға келген қазақстандықтар, шетелдіктер және азаматтығы жоқ адамдар;
  • тұрақты тұратын жері басқа елде, бірақ халықты есепке алу сәтінде Қазақстан аумағында уақытша (12 айдан аз) жүрген шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар және Қазақстан азаматтары.

Есепке алынбайтындар

  • шетелде тұрақты тұратын Қазақстан азаматтары;
  • «Болашақ» бағдарламасы және студенттермен алмасу бағдарламалары бойынша оқитын студенттерді (магистранттарды) қоспағанда, 12 ай және одан көп уақытқа шетелге жұмысқа немесе оқуға кеткен Қазақстан азаматтары;
  • өз мемлекетінің дипломатиялық және басқа өкілдіктерінде жұмыс істейтін шетел азаматтары, шетелдік әскери қызметшілер және олардың отбасы мүшелері;
  • Қазақстан аумағындағы халықаралық ұйымдардың өкілдіктерінде жұмыс істейтін шетел азаматтары;
  • өз мемлекетінің үкіметтік немесе өзге де делегацияларының және заңды органдарының мүшелері болып табылатын шетел азаматтары.

Биылғы санаққа қанша теңге жұмсалады

2018-2023 жылдарға арналған ұлттық халық санағын қаржыландырудың қажетті көлемі 8,2 миллиард теңгені құрайды.
Қазір оның 3,6 миллиард теңгесі (44%) игерілді. 4,2 миллиард теңгесі халық санағы мерзімінің ауыстырылуына байланысты республикалық бюджетке қайтарылды.

«Осы жылы наурызда бұл қаражат халық санағының мақсаттарына (еңбекақы төлеу қоры, іссапар шығыстары, деректерді өңдеуге және таратуға арналған шығыстар) бағытталады деп күтілуде. Бірақ қазіргі уақытта пандемияға байланысты Ұлттық халық санағының 2020 жылдан 2021 жылға шегерілуіне  байланысты көзделген қаражат көзі қайтадан қарастырылуы мүмкін», – делінген статистика бюросының  жауабында. Халық санағы кезінде бір адамға 430 теңге немесе 1,02 доллар жұмсалады. Мысалы, 2009 жылғы санақ кезінде бұл сома 2,9 долларды құрады.
Ұлттық бюро халық санағына жұмсалатын шығындардың төмендеуін цифрлық технологиялардың енгізілуімен және санақ процесінің автоматтандырылуымен байланыстырып отыр.

Қанша планшет сатып алынды

Халық санағына қытай өндірісінен шыққан KOUZONE MTK6592 маркалы 27 412 планшеттік компьютер сатып алынды. Біреуі 39 000 теңге шамасында, жалпы 1 миллиард 085,6 миллион теңге жұмсалған.
Олардың стилусы, қорғайтын қабы, қауіпсіздік әйнегі, Powerbank қосымша гарнитурасы бар.
Санақ аяқталғаннан кейін барлық техника мектептерге жіберіледі.

Уақытша қызметкерлердің жалақысы

Ұлттық санақты өткізу үшін 32 509 адам уақытша жұмысқа тартылмақ.
Бірінші кезеңде тіркеуші ретінде 4 562 адам, ал екінші кезеңде санақ жүргізетін интервьюер қызметіне 23 033 адам қабылданады.
1-кезең интервьюеріне (тіркеушіге) отыз күн үшін 75 743 теңге төлеу жоспарланған.
2-кезең интервьюеріне (санақтан өткізушіге) 94 679 теңге төленеді.
45 күнге толық көлемде қызмет көрсетілген кезде 1-ші және 2-ші нұсқаушы-бақылаушы 113 614 теңге жалақы алады.
Үй-үйді аралауға жіберілетін адамдар мына талаптарға сәйкес іріктеледі:
  • 18 жастан асқан Қазақстан азаматтары;
  • бастамашыл, жауапты, тіл табысқыш;
  • дербес компьютерде жұмыс істеу дағдысы бар;
  • жұмыс өтілі мен кәсіби біліміне талаптар қойылмайды.
Жұмысқа алынған санақ персоналы арнайы дайындықтан өтеді. Уақытша қызметкерлермен өтеулі қызмет көрсету шарты жасалады.
Санақ жүргізу кезінде интервьюерлерде көк түсті сөмке, шарф және куәлік болады.

Ұлттық санақ қорытындысы

2021 жылдың желтоқсанында халықтың жалпы саны бойынша жедел деректер дайындалады. 2022 жылы алдын ала қорытындылар жарияланса, 2023 жылы халық санағының соңғы қорытындысы шығады.
22 ақпан 2021 ж. 588 0