№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Бірлескен істе береке бар

Бірлескен істе береке бар


Расында ел мүддесі жолында атқарушы билік пен жергілікті өкілді орган бірлесіп, «Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарса» бастамалар берекелі болатыны хақ. Мұны аудан әкімі Руслан Рүстемов те, мәслихат хатшысы Ғалымжан Сопбеков те терең түсінеді. Оның айқын дәлелі – аудан басшысы сала басшыларын алқалы басқосуға жинаса, ал мәслихат хатшысы депутаттарды мәжіліс залына бастап барып, халықтың өтініш-тілектерін ортаға салды.


– Ауданда инфрақұрылымды жетіл­діру, оның ішінде, жолдарды жөн­деу, елді мекендерді газдандыру, каналдарды қазу және кеңейту, ауыз суды сервистік желіге қосу, әлеуметтік нысандардың құрылысын жүргізуде іл­ге­рілеушілік бар. Әрине, оны халық кө­ріп, біліп, бастамаларға шынайы ризашылығын білдіріп жүр. Қазір халықтың өмір сапасына байланысты талабы мен талғамы өсті. Қаладағы көп қабатты тұрғын үйлер мен ауылдағы үйлердің сервистік қызметі деңгейлес болды. Осыған байланысты жаңа қажеттіліктер туындауда. Халық назарындағы қажет­тіліктерді ұтымды шешу жолдарын қарастырып, ақылдасып, ойқорыту үшін жиналып отырмыз, – деп кездесудің мән-маңызын түсіндірді Ғалымжан Жарқынбекұлы.
Одан кейін халық қалаулылары елді мекендер бойынша білген-түйгенін ортаға салып, ауыл тұрғындарын толғандырып отырған мәселелерді алға тартты.
Алдымен мінбеге халық қалаулысы Баянбек Халжанов көтеріліп, Қожам­берді, Сүттіқұдық, Екпінді, Төменарық, Байкенже ауылдық округін аяқ сумен қамтамасыз ету мақсатында насос алынғанын, бірақ жанар-жағармаймен қамтамасыз етілмегенін, осыны шешуге шақырды. Ал, Мақсат Жұмаділов «Самара-Шымкент-Келінтөбе» жолының 8 шақырымы (Сырдария өзенінен өтетін көпірден «Жаңақорған-Келінтөбе-Қан­дөз» жолынан дейінгі аралық) орташа жөндеудің маңызын түсіндірді.
Мәжит Балқожаев болса Талап, Жаманбай батыр, Манап, Қосүйеңкі ауылдық округіндегі негізгі қажетті­лік­терді ортаға салды. Олар: жайылымдық жерлерді реттеу және суландыру, клуб үйін салу (Кеңес және Қосүйеңкі елді мекені), балабақшаны халық игілігіне беру (Жаманбай батыр), Талап бекетіне баратын айналма жолды (5,2 шақырым) орташа жөндеу, Қосүйеңкіге баратын көпірді жөндеу және т.б ұсынды.
Одан кейін халық қалау­лылары Әсем Тілеубергенова, Серік Мырзабаев, Нұрлат Байгенже өз ұсыныстарын жеткізді.
"Жаңақорған тынысы" газетінің бас редакторы Нұрлат Айтжанұлы елді мекендерді жие аралап, тұрғындармен кездесетінін ескертті.
– Екпінді ауылдық округіне клуб үйін салу маңызды. Бүгінде мәдениет қызметкерлері мектептің мәжіліс залын пайдаланып отыр. Ал, Сығанақ шаһарының іргесіне орналасқан Сунақата ауылдық округіне әкімдік ғимараты тым ескі. Оны қайта салу да жауапты іс болады. Төменарық, Қожамберді, Сүттіқұдық елді мекенін аяқ сумен қамтамасыз ету өзекті мәселеге айналды. Ол үшін Сунақата каналының сағасынан 8-9 шақырым жоғарыдан (Балапан төбе тұсынан) жаңа саға алып, оны Қандырал каналына қосуды және осы елді мекенде аурухана салудың маңызды, – деді ауданның төл газетінің басшысы, аудандық мәслихат депутаты Нұрлат Байгенже.
Атқарушы билік өкілдері – аудан әкімінің орынбасарлары мен бөлім басшылары атқарылып жатқан жұмыстарды, туындаған мәселелер турасында дәйекті ойларын айтты.
Кездесуді қорытындылаған аудан әкімі Руслан Рүстемұлы:
– Жыл басында аудандық білім бөлімі облысқа өтуімен 13,6 млрд теңге басқармаға берілді. Аудандық бюджет 3,6 млрд теңге болып бекітілді. Оның 1,5 млрд теңгесі жаңа бастамаларға бағытталды. Оның ішінде, тұңғыш рет аудандық бюджет есебінен канал тазалауға қаржы қаралды. Жол жөндеу бойынша қомақты қаржы бөлінді. Жаңақорған кентін қоспағанның өзінде Төменарықта – 8, Қожакентте – 5, Жаманбай батырда – 3, Байкенже, Манап және Қожамбердіде – 2, Машбек Нәлібаев, Сүттіқұдық, Талап, Кейден, Шалқия кенті, Аққорған, Жаңарық, Қаратөбе, Өзгент, Сунақата, Келінтөбе, Көктөбе, Қандөз ауылдық округінде бір-бір көше орташа жөндеуден өтеді. Бұл – Тәуелсіздік жылдары аудан көлемінде жол құрылысына салынған рекордтық қаржы.
Екі ай сайын елді мекендерді аралап, әр сапардан кейін іс-шаралар жоспарын бекітіп, тұрғындардың талап-тілегін кезең-кезеңімен орындауға басымдық берудеміз, – деді.
Еркін форматта өткен кездесуде көкейкесті ойлар айтылып, ойталқы алаңында қызу пікірталас орын алды. Мұның өзі аудан басшылары ашықтық пен жариялық принципін ұстанып, кез-келген тақырыпта ашық ой алмасуға пейілді екенін көрсетеді.


Жасұлан СЕЙДЕМЕТОВ

12 қазан 2021 ж. 443 0