Өмірлік ұстанымым – елдік жолда қызмет ету
Адамның білім-білігін қызметтегі белсенділігімен ғана емес, адамдық болмысы, азаматтық қабілетінен көруге болады. Аудандық мәслихаттың депутаты, «Шиелі жарығы» ЖШС аудандық филиалының директоры Жасұлан Амалбековті осы турасында сөз етуге болады. Тағы бір қосатыны, оның қайырымды істерге дем беріп жүретіні. Біз әңгімемізді осы турасында бастадық.
– Әрине, еңбек етіп, ризық-несібесін арттыруға ұмтылған адамға жұмыс көп. Қазір кәсіп түрлерін ашуға ынталыларды Үкімет қолдап отыр. Осының есебі мен ебін тауып, тәуекел ету керек. Бізде осы жағы кемшін. Ал, өз басыма келетін болсам, менің жолымды ашып, ісімнің алға жүруінде зекет-садақалардың орны бар. Бірақ «анаған былай көмектестім» деп көпке жариялағым келмейді.
– Бар болса да ұқсатып бере алмайтын бай-бағландарды көріп жүрміз ғой!
– Бұл – әркімнің жеке ісі, – деді ағамыз.
Жакеңнің қарапайымдылығы мен кішіпейілділігін осы жерден көрдік. Иә, адам өзі үшін ғана жауапты. Арғы дүниеде де солай. Бір жағы, қайырымдылық қасиеті – текпен келетін қасиет.
Жә, Жәкең айтқандай, әр адам өзі үшін ғана жауапты. Біз әңгімемізді негізгі тақырып – энергия, энергетика саласына бұрдық.
– Энергетиктер династиясына биыл 70 жыл толды. Әкеден дарыған асыл қасиет сізді осы жолға тәрбиелеген екен. Әңгімемізді осыдан бастасақ.
– Әкем Бекен Амалбеков 42 жыл осы салада тер төкті, қажырлы қызмет қылды. ХХ ғасырдың 90 жылдарындағы тоқырау тұста да табанды еңбек етіп, құрмет биігінен көрінді. Бір сөзбен айтқанда, саналы ғұмырын энергетика саласына арнаған азамат. «Әке көрген оқ жонар» дегендей, энергетика саласына бет бұрдым. Бұл саладағы жалпы еңбек өтіліме – 28 жыл. Анам Сапия Жигитова еңбек жолын ұстаздыққа арнады.
1990-1993 жылы алдымен Қызылорда политехникумында «Ауыл шаруашылығын электрлендіру мен автоматтандыру» мамандығы бойынша білім алдым. Одан кейін, 2003-2006 жылы Қазақстан инженерлік – экономикалық университетінің «Кәсіпорындағы экономика және басқару» мамандығын, 2010-2012 жылдары Тараз қаласы Хайдар Дулати атындағы мемлекеттік университетінде электр энергетикасы бакалавры дәрежесін алдым. Жалпы оқу деген кеш емес екен, бұл менің өмірлік тәжірибем. Оқимын, ізденемін, жетістікке жетемін дегенге еш кедергі жоқ.
– Еңбек жолыңыз қалай, қашан басталды?
– 1993 жылы оқу бітіріп, аудандық электр торабында еңбек парақшам ашылды. Ол кезде «Энергия-Сбыт» деп аталатын мекеме болатын, басшымыз Аман Шонабаев еді. Электр қуатын сатып алып, қайта сату қызметін ең алғаш іске қосқан сол кісі болды. 1998 жылы «Жаңақорған Жарығы» ЖШС мекемесі бой көтеріп, аудан халқына қызмет етуге кірісті. Білікті басшының қарамағында шыңдалдым, бақылаушы, аға бақылаушы, есепші-кассир, бас инженерге дейін өстім. 2001 жылы Әбекең бақилық болған соң, 2006 жылға дейін Ержан Құрышжанов ағамыз орнын басты. Ол кісіден кейін тізгін маған берілді, 2008 жылы мекеме «Шиелі Жарығы» болып өзгертіліп, аудандағы филиал директоры болып еңбек етіп келемін.
– ХХІ ғасыр цифрландыру кезеңі, осыған орай заман талабы да күшейді. Яғни, электр жарығы адамзат үшін аса маңызға айналды, оған сіздердің сала қаншалықты дайын?
– Шыны керек, 90 жылдардың соңында ауыр кезеңдерді еңсердік. Ауданда 8 сағат, совхоздарда 12 сағатқа дейін жарық болмады. Кейін құлдырау кезінде ірі өндіріс орындары жұмысын тоқтатып, тұрғындардан қарыз өндіру де оңайға соқпады. Ақыры 2008 жылы «Шиелі Жарығы» мекемесіне өтіп, 24 сағат электр қуатын беретін болдық. Ал, цифрлы жүйеге көшу де уақытпен үндесіп келеді. Бізде жарық таратудан мәселе жоқ, тек тұрғындардың қарызды төлеуі бәсеңдеп қалды. Оны да түсінеміз, инфляция еңсені басып, елдің әлеуеті де тұрақты емес. Кешегі пандемия кезінде газ бен электр жарығына мемлекет тарапынан қаржылай қолдау болып, елдің де, біздің де еңсеміз тіктеліп қалған болатын. Жарық, интернетсіз қазір бәсекеге қабілетті болу қиын, біз де мұны жақсы түсінеміз.
– Соңғы деректеріңізге қарағанда, тұрғындардың жарыққа қарызы тым көп. Халықтың қалтасы көтермей жатыр ма, әлде баға шарықтап бара ма?
– Баға көтеріліп жатқаны рас, бірақ қарызды өтеуге ол кедергі емес. Қарызы көптердің ішінде қалталы азаматтар да жетерлік. Сондықтан, қарапайым бұқараға бұра тарта беруге болмайды. Бақылаушы болып жүрген шақта шынында әлеуметтік деңгейі төмен отбасыларды көп көрдік. Қазір де қымбатшылық заманы, бірақ ол кездерде ел енді еңсе тіктеп, тұрмысты түзей бастаған кезі еді. Үй-үйді аралап, қаншама тағдырдың тәлкегін көрдік. Тіпті күндіз астына төсеген төсенішін түнде көрпе етіп жамылған отбасыларды да көз көрді. Бұл – 1993-1998 жылдар болатын. Ол жылдар сырғып өтті, қазір заман көші ілгеріледі, тұтынатын тауар құны өскенімен, жұмыс жасаймын деген азаматқа қара жұмыстан бастап, кәсіптік қызметтер жетерлік. Бірақ қоғамның кей бөлігі оңай табысқа, жатыпішерлікке құмартып барады. .
– Демек, қоғам, әсіресе жастар, оның ішінде ер-азаматтар жалқауланып бара ма?
– Көпке топырақ шашпайық, бірақ қазір масылдыққа, жалқаулыққа тым әуестендік. Мен көп сөйлегеннен нақты іске көшкенді жақсы көремін. Иә, қазір жұмыс көп, екі қолға бір күрек табылады. Жұмыссыз жүрген жастарға қарным ашады, біздің ауданда құрылыстың қарқыны тым күшейді. Осы бір сәтті өзбек ағайындар ұтымды пайдаланып жатыр. Біздің мекемеде 28 қызметкер бар, тәжірибелі мамандар жетерлік, жастар да білікті, жұмыс күші басым болған соң, қоғамдық қызметке сұраныс жібереміз...
– Сізден тұрғындар тұрмысын, әлеуметін бекер сұрамадық. Халық қалаулысы ретінде ел ішінде жүрсіз, қайырымды істерге қол созып, жығылғанға жебеу, сүрінгенге тіреу болады деп жиі естиміз.
– Ердің жасы елуге де адымдап келемін, ертең есеп беретін кез келеді. Сонда өзімнің өнегемнен өзгенің өрісін кеңейтуге жәрдемші бола алсам, содан асқан бақыт бар ма?! Әкем де заманында депутаттық міндетті абыройлы арқалай білді. Соған лайықты болғым келеді...
– Айтпақшы, әке жолын таңдаған ұлыңыз бар екенін білемін. Отбасыңыз жайлы сөз етсек.
– Қызым Алматыда білім алуда, үлкен ұлым ізімді басуды ұйғарып, энергетика саласын оқуға бел буды. Қазіргі оқуын тәмамдаса, Ресейде білімін жетілдіріп келуді жоспарлап отыр. Кенже ұлым 8 сыныпта. Ал, жарым Рима Жанғазиева экономист-бухгалтер. Ол Оралдың тумасы.
– Батыстың қызымен жолыңыз қалай түйісті?
– Бұл да бір тарих, жас кезімде Алматы шаһарында 6 айдай іс-сапарда болдым. Сонда оқып жүрген жаңақорғандық жастармен жақын араласып жүрдім. Жалпы мен өмірде дос жинаған адаммын. Қызметте де, өмірде де жора-жолдасым өте көп. Ер-азаматтың артықшылығы досымен өлшенетінін ұмытпаған жөн. Мен 48 жылдық ғұмырнамамда дос жинауға тырыстым.
Сол Алматыда жүргенде Римамен танысып, сөз байластық. Отбасын құру керек болған соң ауылға қайтып, шаңырақ көтердік. Осылай өмір жалғасып келеді.
– Соңғы сауал, ел сіздің қандай қадыр-қасиетіңізді біле бермейді? Бір сөзбен түйіндей кетсеңіз.
– Менің мінезім тік, айтарым нық. Бұл қасиет ата-анамнан дарыған, ол кісілерді үлгі тұтамын. Өмірлік ұстанымым – елдің ұлы болу.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ