БҚО-да 500-ге жуық оқушыдан коронавирус анықталды
Жаңа оқу жылы басталғаннан бері Батыс Қазақстан облысында 498 оқушы коронавирус жұқтырғаны анықталған. БҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Мұхамғали Арыспаев мәлім еткеніндей, вирус жұқтырудың 74 дерегі оқу процесінің басталуына байланысты емес. Оның сөзіне қарағанда, 151 бала індетті өз отбасында бұрын ауырған жақындарынан жұқтырған.
Жыл басынан бері 252 бала стационарларда емделген. Қазір стационарларда 6 жасөспірім ем қабылдап жатыр. Сондай-ақ қыркүйек айында 84 педагогтың дертке шалдыққаны тіркелді.
«Күні бүгін 27 мектепте 36 сыныптың оқушылары мен мұғалімдерін және 8 балабақшада 8 топты үй карантиніне көшіру туралы 32 қаулы шығарылды. Мектептер мен басқа да оқу орындарында ұстаздар, шәкірттер, студенттер мен қызметкерлер арасында күн сайын мониторинг жүргізілуде», деді Мұхамғали Арыспаев .
Департамент басшысының айтуынша, қыркүйек айында 2469 адамнан індет табылса, соның 1969-ы – вакцина алмағандар. Жыл басынан бері 28 251 науқас тіркелді. Соңғы аптада (24-30 қыркүйек) алдыңғымен салыстырғанда, коронавирус жұқтыру деңгейі 23,5 пайызға (526-дан 402-ге) төмендеді.
Арыспаев өңір сары аймақта болғанымен, жағдайдың әлі де күрделі екендігін жеткізді. Вакцинациялау қарқыны төмен, осыған байланысты тұрғындарды өз денсаулығына енжар қарамай, екпе алуға шақырды