№23 (8734) 19

19 наурыз 2024 ж.

№22 (8733) 16

16 наурыз 2024 ж.

№21 (8732) 12

12 наурыз 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031
» » » ТӘЛІМДІ ТӘРБИЕШІНІҢ БІР КҮНІ

ТӘЛІМДІ ТӘРБИЕШІНІҢ БІР КҮНІ


Елдің ертеңгі болашағы – бүгінгі бүлдіршіндер. Балаға тәлімді тәрбие беру – тұтастай ұлтты тәрбиелеумен тең. Демек, бала тәрбиесі саласында тер төгіп жүрген әр маман оның болашағынан зор үміт күтері анық. Тәртіпке үйлескен тәрбиені жас сәбидің тұла бойына сіңіріп, оның келешекте парасатты азамат болып қалыптасуына бар күш-жігерін арнап жүрген бала бағбанының бірі – Айзада Байсынова.
Оңтүстік Қазақстан облысындағы Мұхтар Әуезов атындағы Шымкент мемлекеттік университетінен «Педагогика және бастауыш оқыту әдістемесі» бойынша алған білімін бүгінде біліктілігімен дәлелдеп жүрген кейіпкеріміз аудандағы «Болашақ» мемлекеттік балабақшасында сегіз жылдан аса қызмет атқарып келеді. Жұмысқа орналасқан бірнеше жыл ішінде терең білімі мен бала тәрбиесіне деген адалдығының арқасында өскелең ұрпақты білім нәрімен сусындатып жүр. Бүлдіршіннің саналы ұрпақ болып қалыптасуы үшін сапалы біліммен қатар денінің саулығын да бірінші кезекке қоятын ол балғынның уақытылы ас ішіп, дене жаттығуымен айналысуына да зор назар аударады.
Хош. Ендігі кезекті тәрбиешінің бір күніне берсек. Таңмен таласа оянған тәрбиеші, балабақшаға қарай бағыт алып, жұмыс орнына уақытылы жетті. Былдырлаған балапандардың әр қайсысын жылы шыраймен қарсы алып, жеке-жеке амандасып, көңілдерін табуға тырысты. Әр үйдің еркесін асқан мейірімділікпен қарсы алып, топ бүлдіршіндері толық жиналып болысымен Мемлекеттік әнұран әуені әуеге шалықтады. Балабақша ішін кернеп, тұлабойды шымырлатқан асқақ үн баланың бойына сәби күннен бастап отансүйгіштік қасиеттің орнығуын көздейді. Одан әрі таңғы жаттығудың кезегі келіп, олардың дене бітімінің дұрыс қалыптасуы мен сергек жүруі үшін жаттығуды ойын түрінде жасатты. Айзаданың сабақ беретін тобы ең кіші болғандықтан, олардың дұрыс тамақтануын қадағалап, әр баланың асын қалдырмай ішуіне үлкен жауапкершілікпен қарайды. Осыдан-ақ, кейіпкеріміздің өз ісінің нағыз жанашыры екенін аңғарасың.
– Балабақша ашылғаннан бастап осында қызмет жасап келемін. Осы уақыт аралығында алған білімімді әр бөбектің бойына терең сіңіруге тырыстым. Мен үшін әр сәбидің орны ерекше. Кез-келген ата-ана сәбиін бізге үкілеген үмітпен қалдырғандықтан, олардың бар жауапкершілігі бізде екенін ешқашан естен шығарған емеспін. Сондықтан, олардың тәрбиесіне, біліміне, денсаулығына, дұрыс тамақтануына біз тікелей жауаптымыз. Жалпы, ұжымдағы барлық әріптестерім баланың дұрыс қалыптасуы жолында адал еңбектен айныған емес, – дейді Айзада Тілесқызы.
Педагогикалық білімнің жаңа технологиясын меңгерген тәрбиеші одан әрі «Балапан» тобында «Тәй-тәй» бағдарламасымен «Менің балабақшам» тақырыбындағы сабағын бастап кетті. Балаларға балабақша ішін толық таныстырып, бөлме атауларын үйретті. Олардың үш тілді меңгеруі үшін әр сөздің орыс және ағылшын тіліндегі нұсқасын жаттатты. Сонымен қоса, балалардың саусақ маторикасының дұрыс жетілуі үшін саз балшықтан түрлі ойыншықтар жасатып үйретті. Тәрбиешінің сабақ барысындағы артықшылығы – әр баланың сұрағын аяғына дейін тыңдап, оған байыппен жауап беріп, ыждағаттылық танытты. Үйретіп отырған сабағы баланы жалықтырмас үшін, ойындар мен арнайы ойыншықтарды кейіпкер ретінде араластырып, көрнекілік құралдармен бала көңілін аулады.
Сондай-ақ, кейіпкеріміз дәрістерге жоғары деңгейлі әрі тиянақты дайындалу мақсатында аудандық кітапханаға жиі бас сұғып, өзге балабақшаның тәрбиешілерімен тәжірибие алмасып, өзіне қажеттісін үйренеді екен.
Айзаданың ізденімпаздығы мен біліктілігі басшылық тарапынан ескеріліп «Үздік тәрбиеші» атаныпты.
– Жуырда балабақшада «Мектепке дейінгі балалардың тұлғасын дамытуда сюжеттік рөлді ойындардың маңызы» атты аймақтық семинар өтті. Аталмыш басқосуға ауданның бірнеше балабақшасының қызметкерлері қатысты. Сол шарада «Мен креативті тәрбиешімін» шығармашылық шеберханасында түрлі жұмсақ ойыншықтар жасап көрсеттім. Басшылық сол жұмысымды жақсы бағалады, – дейді Айзада Байсынова.

ТҮЙІН. Иә, балғындардың салиқалы ұрпақ болып жетіліп, олардың өмірден өз орнын адаспай табуына, тұлға болып қалыптасуына ата-анадан кейінгі тікелей жауапты тұлға – ұстаз. Оның қоғамдағы орны да ерекше. Сондықтан, әр педагог бала тәрбиесінің қай саласында қызмет атқарса да бұл жауапкершілік жүгін абыроймен арқалауға тырысады. Осы тұста, бүгінгі кейіпкеріміздің бір күндік жұмыс барысымен танысып, оның өз ортасында беделі асқақ екенін аңғардық.

Айсұлу АЛДАНАЗАР.
13 қыркүйек 2018 ж. 2 551 0