№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Жолдаудың әлеуеті жоғары, міндеттеген жүгі ауыр

Жолдаудың әлеуеті жоғары, міндеттеген жүгі ауыр


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауындағы басым бағыттарды халықтың игілігіне айналдыру жолдары аудан активінде талқыланды. Иә, аудан әкімі Руслан Рүстемұлының төрағалығымен өткен жиында әлеуметтің әлеуетін арттыратын жұмыстар жан-жақты жүйеленді.


– Президент ұсынған құжатта халық­тың әл-ауқатын арттырудың 5 басым бағытты айқындалды.
Біріншісі, 2022 жылдың 1 қаңтарынан ең төменгі жалақы 42500 теңгеден 60 мың теңгеге көбейеді. Екіншісі, шағын және орта бизнес саласын дамыту шараларын қолдауды тапсырды. Үшін­шісі, микро және шағын бизнес иелеріне жиынтық жүктемені 25 пайызға дейін төмендете отырып, еңбекақы төлеу қорынан бірыңғай төлемді енгізудің маңызын айтты. Төртіншісі, 2022-2025 жылға дейін музей қызметкерлері, мұрағатшылар, кітапханашылар, техни­калық қызметкерлер, қорықшылар, көлік жүргізушілері және басқасының жалақысы 20 пайызға өседі. Бесіншісі, «Отбасы» банкіне қазақстандықтарға баспана алуда жеңілдіктерді қарас­тыруды тапсырды.
Жолдауда жүктелген тапсырмаларды сапалы орындауда ауданның әлеуметтік-экономикалық тұрғыда дамуына күш салуымыз керек. Салық базасын кеңейту, шағын және орта бизнесті дамыту, жайылымдық жерлерді жан-жақты зерделеп, елді мекеннің статусына байланысты шекаралық аймақтарды анықтау және т.б жұмыстарды жүйелеу міндеті алдымызда тұр, – деді аудан әкімі.
Пәрменді құжатта өңірлерді дамыту жоспарын бекітілген жалпыұлттық міндетке сәйкес, аудан экономикасының бюджетін қалай жоспарлап, қандай қадамдар әзірлейміз деген міндеті тұр. Осы жөнінде аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімі басшысының орынбасары Нұрбол Қосаев баяндама жасады.
– Мемлекет басшысының Жолдауында «Қазақстанның ауыл шаруашылығының әлеуеті орасан зор екені айтылды. Бірақ агроөнеркәсіп кешені саласында қордаланған проблемалар аз емес. Азық-түлік тауарлары бағасының тұрақсыздығы реттеліп, оны бөліп-таратуды тиімді жүргізуі және егін шаруашылығын әртараптандыру қажет, – деп атап өтті ол.
Бұған байланысты ауыл шаруа­шы­лығы бөлімі басшысының орынбасары Бақыт Айтөреұлы ауданның аграрлық әлеуеті және Жолдаудан туындайтын міндеттерді орындау туралы өз ойын айтты.
Аудан әкімі Руслан Рүстемов ауылшаруашылығы саласына бірқатар тапсырма жүктеп:
– Өз-өзімізді азық-түлікпен қамта­масыз ету балансын есептей оты­рып егін шаруашылығы саласын әртараптандыруда және аяқ сумен қамтамасыз етуде су үнемдеу технологиясын кеңінен енгізуді қолға алу міндеті тұр. Мал шаруашылығы саласында өндірілетін өнімнің басым бөлігі жеке қосалқы шаруашылықтың үлесінде болғандықтан, оларды қажетті жайылымдық жермен қамтамасыз етуіміз керек, – деді.
Президент «Қарапайым заттар экономикасы» және «Бизнестің жол картасы» бағдарламасының мерзімін ұзарту туралы шешім қабылдады. Бұл мақсатқа берілетін қаржының жалпы көлемі кемінде бір триллион теңге болатындығын айтты. Бұл турасында аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Қаржыбек Бүркітбаев осы міндеттерді жүзеге асыру барысын сөз етіп, жан-жақты жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді.
Құжаттағы қуанарлық жағдай – 2022-2025 жылы рухани-мәдени және техникалық сала қызметкерлерінің жалақысы жыл сайын орта есеппен 20 пайызға өсетіні айтылды. Бұл жаңалық мәдениет саласының қызметкерлерін шабыттандырғанын және іске асатын жобалар жөнінде аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Нұрымжан Бұлдырықов сөз алып, ұсыныстарын ортаға салды.
Жиын соңында аудан әкімі алдағы үш жылда ауданда 300-ден аса аталған сала қызметкерлерінің жалақысы көте­рілетінін атап өтіп, енді қызмет етудің сапасын арттыру маңызды екенін ескертті.
Актив отырысына қатысқан аза­маттар Жолдаудың жүгін бағамдап, оның халықтың әлеуметтік әлеуетін арттырудағы маңызын түсініп және ондағы міндеттерді жүзеге асырудағы нақты талапты арқалап шықты.
Иә, Жолдаудың әлеуеті жоғары, міндеттеген жүгі ауыр. Оның міндеттері қашан, қалай орындалатынына уақыт пен халық төреші.

Әсел РЗАЕВА
14 қыркүйек 2021 ж. 435 0