№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Ауылдағы ағайынның айтары бар

Ауылдағы ағайынның айтары бар


Әдетте, аудан әкімі Руслан Рүстемов ай-майы ауыл адамдарымен кездесіп, тіршіліктің тынысына талдау жасап, өзекті мәселелерді кезең-кезеңімен шешудің кестесін құратын. Бюджет қаржысының жағдайына сәйкес жоба-жоспар жасайтын.
Бұл жолы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауынан туындаған міндеттер мен мақсаттар бойынша жолға шықты.


Бағытымыз шалғайдағы – Көк­төбе, Қандөз, Қаратөбе, Келінтөбе ауылдық округі тұрғындарымен жүздесіп, Жолдау жаңалығын жет­кізу, оның жауапкершілігі тұр­ғысында түсіндірме, талдау және ел ұсыныстарының орындалу ба­рысын айқындау назарға алынды.
Бұған дейін ел ұсынысына сай Көктөбе ауылындағы қоқыс төгетін орынға тиісті қаржы бөлініп, ол ретке келтірілді. Ал, мектеп алдына жол кедергілерін қоюды сұраған ұсыныс бойынша ауылішілік жол облыстық деңгейдегі автожол санатында болғандықтан тиісті облыстық мекемеден рұхсат алу жұмыстары жүргізілуде. Сол се­кілді Тәуелсіздік көшесінің бой­ынан жаяу жүргіншілерге ар­налған тротуар салу, Бейбітшілік көшесіне орташа жөндеу жүргізу жұмыстарына қаржы бөлінді.
№89 негізгі орта мектеп алаңына жиналған тұрғындарға аудан басшысы Жолдаудың елге шарапаты жөнінде кеңінен әңгімеледі. Соңынан елдің өтініш-тілегіне құлақ асты.
– Ауылда электр қуатының кернеулігі төмен, жарық сығырайып қалады, осыған жаңа трансформатор қоюға ықпал етсеңіз, – деді ауыл әкімі Боран Әбуов.
– Бұл мәселе барлық ауылда болды. Бірақ бюджеттік өтінім берген ауылдар мұны түбегейлі шешіп алды. Сіздер тарапыңыздан бұған кеш қозғау салып отырсыздар. Алдағы мәслихат сессиясына ұсынып, үнемделген қаражат есебінен шешуге мүмкіндік қарастырамыз, – деді Руслан Рүстемұлы.
Ауыл тұрғындарынан бұдан басқа сауал түскен жоқ. Дегенмен аудан басшысы мектепте қысқы жылу беру маусымына дайындықты күшейту, балаларды тоң­дырып алмауға барлық жағдайды жасауды тапсырды. Айту керек, қазір аталған мектепте 139 оқушы оқиды. Оның 18-і биыл бірінші сыныпқа қабылданды.
Қандөз ауылдық округінің қауым­дастық өкілдері, ақсақалдар №8 Жаңақорған ауданының олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебі ғимаратына жина­лыпты. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында салынған спорт сарайының құрылысы бітіп, ауыл ажарын әрлеп, енді ашылу салтанатын күтіп тұр.
Жалпы, ауданда соңғы жылдары 11 спорт сарайы салынып, іске қосылды. Мұндай жетістік бұрын-соңды болмаған. Сол секілді ауданға инвестиция тартуда Жаңақорған ауданы Қызылорда қаласынан кейінгі орында тұр.
Қандөз ауылында да Жолдау жаңалығы ортаға салынды, тұрғындар талабы тың­далды.
Ауыл ақсақалы Елемес Қыдырбаев: «Осы елден шыққан қазақтың тұңғыш дипломаты Нәзір Төреқұлов атындағы көшеге асфальт төсеуге көмек берсеңіздер» деді.
Аталған көше Қандөзден басталып, Қашқанкөл ауылына апарады. Ұзындығы 2 шақырым жобасында. Бұдан бұрын тас төселген.
– Бұған тиісті қаражат үшін «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасына немесе облыстық бюджетке өтінім беруге тура келеді. Ең болмағанда аудандық бюджеттің үнемделген қаражаты есебінен кезең-кезеңімен атқаруға тырысамыз. Сол үшін тиісті құжаттарды дайындау керек, – деді аудан әкімі.
Аудан басшысының тапсырмасына сәйкес Қаратөбе ауылына «Қазсушар» РМК Жаңақорған аудандық бөлімшесінің басшысы Әбдімәжит Ахметов келді. Себебі ауылдағы негізгі көпір апатты жағдайда. Сонымен қатар Сумағар каналын тазалау барысын пысықтау қажет болды.
Өз кезегінде Ә.Ахметов: – Көпірді жаңа­лауға 650 млн теңге көлемінде қаражат керек. Ол қаржы шешілгенше ағымдағы жөндеу жүргіземіз. Жөндеу су тоқтаған соң басталады. Сумағар каналын тазалауда бізге тиесілі аумақ бітті, енді ауылдық округтің қарамағындағы жер қалды. Биыл су арнасы үшін тұңғыш рет аудандық бюджеттен 27 млн теңге бөлінгенін айтуымыз тиіс. Осы үшін аудан басшысына алғыс айтамын, – деді.
Қаратөбеде көп жұмыс жасалды. Ауыл әлеуеті артып келеді. Келесі жылы мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында спорт сарайын салу жүзеге аспақ. Тоқмағамбетов көшесіне тас төсеу жүргізілмек. Ауыл ақсақалдары ұялы телефон байланысын жақсартуды, Билайннан басқа да операторларды тартуды сұрады.
Бұл жөнінде Руслан Рүстемұлы: «Қазтелеком» мен «Транстелеком» филиа­лы басшыларын «Nur Otan» партиясы аудандық филиалында қабылдап, тиісті талапты орындау тапсырылған. Енді оларға хат дайындап, ұсыныс береміз» – деді.
Келінтөбе ауылдық әкімдігі жаңа ғимаратқа кіріп, мәре-сәре болып жатыр екен. Бұл да аудан басшылығының қолдауымен жүзеге асты.
Осында ауыл тұрғындары атынан Еркін Бекжаханов: «Мен шаруа қожалығының төрағасымын. Су шаруашылығы мекеме­сімен көктемде келісім шарт жасасып едік, біз егісті кеш егуімізге байланысты кейінгі ай аяқсудан таршылық көріп отырмыз. Келісім шарт талабына сәйкес су берілмеген мерзімге де қаржы төлейміз бе?» деді.
Мұны аудан басшысы тәмпіштеп түсіндіріп берді. Және «Қазсушар» РМК Жаңақорған аудандық бөлімшесінің басшысымен сөйлесетінін айтты.
Кездесу соңында және барлық ауылдың ақсақалдарына аудан әкімі «Жадымдағы жазбалар» кітабын тарту жасады.

***
Келесі күні аудан әкімі Руслан Рүстемов пен мәслихат хатшысы Ғалымжан Соп­беков Кейден ауылдық округі мен Аққұм елді мекені және Қауық қонысына арнайы барып, тұрғындармен жүздесті.
Кездесудің негізгі мәні Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауындағы басым бағыттарды халыққа түсіндіру, ауданда атқарылып жатқан бастамаларды бай­ыптау екенін түсіндік.
– Мемлекет басшысының Жолдауы әлеуметтік мәнге ие. Тарихи құжатта бес басым бағытқа ерекше тоқталу керек.
Біріншісі, 2022 жылдың 1 қаңтарынан ең төменгі жалақы 42500 теңгеден 60 мың теңгеге көбейеді. Екіншісі, шағын және орта бизнес саласын дамыту шараларын қолдауды тапсырды. Үшіншісі, микро және шағын бизнес иелеріне жиынтық жүктемені 25 пайызға дейін төмендете отырып, еңбекақы төлеу қорынан бірыңғай төлемді енгізудің маңызын айтты. Төртіншісі, 2022-2025 жылға дейін музей қызметкерлері, мұрағатшылар, кітапханашылар, техни­калық қызметкерлер, қорықшылар, көлік жүргізушілері және басқасының жала­­қысын 20 пайызға өседі. Бесіншісі, «Отбасы» банкі қазақстандықтардың бас­пана алуда жеңілдіктерді қарастыруды тапсырды.
Президенттің тапсырмасын сапалы орындауда ауданның әлеуметтік-эконо­микалық тұрғыда дамуына күш салуымыз керек. Салық базасын кеңейту, шағын және орта бизнесті дамыту, жайылымдық жерлерді жан-жақты зерделеп, елді мекеннің статусына байланысты шека­ралық аймақтарды анықтау және т.б жұмыстарды жүйелеу міндеті алдымызда тұр, – деді аудан басшысы.
Кейден ауылдық округіндегі кездесуде аудан басшысы Руслан Рүстемұлы атқа­рылып жатқан игілікті істердің мән-жайын баяндап, инфрақұрылымды жетілтіру – жолдарды орташа жөндеу, ауыз және аяқ сумен қамтамасыз ету, елді мекендерді газдандыру және т.б бағыттағы баста­маларды сөз етті.
Одан кейін Қауық қонысына барды. «Қонақ жақсы болса, қой егіз табады» деген жақсы сөз бар халқымызда. Қауықтықтардың 30 жылдан бергі мұраты «елді мекенге ауыз су келсе» деген тілегі болған-ды. Осы арман-тілег орындалды. Иә, аудан әкімі жеті тұрғын үйі бар Қауыққа ауыз судың баруына бастамашыл болды.
– Қауықта елді мекен статусы жоқ. Сондықтан бюджеттен қаржы қарап, ауыз суды жүргізуге мүмкіндік жоқ. Бірақ, елді мекенде бірнеше тұрғын тұрса да біз жауаптымыз. Біз үлкен ауыл, кіші ауылдың халқыны бірдей жағдай жасауға тиістіміз. Өйткені ауыл – елдің алтын бесігі. Осыны ескеріп, «СКЗ-U» ЖШС әлеуметтік жауапкершілік танытуға шақырдық. «Арал СЖКБД филиалы су құбырын жүргізуге сергектік танытты. Аталған компания басшыларына алғыс білдіремін, – деді аудан әкімі.
Ауыл тұрғыны Гүлдана Әбдіқанова әлеуметтік мәселелерге мән берген бас­шыларға алғыс білдірді.
2015-2016 жылы Руслан Рүстемов әкім болған кезінде елді мекеннің оқушылары қатынайтын көлікті шешіп бергенін еске алды, әрі ескірген электр бағаналарын жөндеуге мән берілсе дегенді алға тартты.
Бүгінде қауықтықтар «Еңбегі аздың өнбегі аз» деген аталы сөзді бағдар етіп, төрт түлікті түлетіп, егін егіп, ырыс-несібесін арттырып отыр.
Соңғы кездесу Аққұм елді мекенінде жалғасты.
Онда аудан әкімі ауыл белсенділерімен емін-жарқын әңгіме өрбітті. Кездесу барысында әлеуметтік мәселелер жан-жақты сөз болды. Әсіресе елді мекенге келетін жолға орташа жөндеу жүргізудің және жайылымдық жерді халыққа қатарудың маңызы айтылды.
Белгілі болғандай, биыл «Самара-Шымкент-Аққұм» автомобиль жолының құрылысына облыстық бюджеттен 10 млн теңге бөлініп, тегістеу жұмыстары жүргізіліп, 2022 жылға өтпелі жоба ретінде қарастырылады. Яғни келер жылы Аққұмның жолы да өз шешімін табады.

Қаныбек ӘБДУОВ,
Нұрлат БАЙГЕНЖЕ


11 қыркүйек 2021 ж. 462 0