Жолдау жүктеген міндеттер айқындалды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауы алдымыздағы бағыт-бағдарды айқындап, нақты міндеттерді белгілеп берді. Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен өткен облыс активінде осы басым бағыттар байыпталып, жүзеге асыру жолдары талқыланды.
Оған облыс активі қатысты және Сыр өңірінің аудандары Zoom платформасы арқылы онлайн қосылды.
– Мемлекет басшысы пандемиядан кейінгі кезеңдегі елді одан әрі дамытуға, днсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыруға, сапалы біліммен қамтуға, өңірлік саясатты жетілдіруге, адам құқығын қорғауға бағытталған бастамаларын жариялады. Осылайша, қазақстандықтардың әл-ауқатын арттырудағы 5 бастама айқындалды. Жолдауда айтылған барлық бағыттар бойынша облыста нақты шаралар қабылданып, іске асырылатын болады, – деді Гүлшара Наушақызы
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Саяси жаңғыруды біртіндеп жүзеге асыру – мемлекетіміздің стратегиялық бағдарының басым міндетінің бірі» деп атап өтсе, бұл бағытта облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов баяндама жасады.
Жолдауда орталық пен өңірлердің жүйелі дамуы сөз болды. Яғни жалпыұлттық міндеттерге сәйкес жаңарту және бюджет үдерістерін жеңілдетіп, бюрократияны барынша азайту, сондай-ақ, бюджетті жоспарлау мен орындау кезінде цифрлық тәсілдерді қолдану, бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің жауапкершілігін арттыру сынды уақыт талабынан туындаған міндеттерді алдымызға қойды. Бұл бойынша облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Нұрғали Қордабай сөз сөйледі.
Жолдауда жер қойнауын пайдалану саласына, әсіресе, геологиялық барлау және жер қойнауын кешенді зерттеу ісіне тың серпін қажет екені, геологиялық ақпараттың ашық цифрлық мәліметтер базасын құрып, оны инвесторлар үшін қолжетімді ету керек екені көрсетілген. Өңірдің алдағы инвестициялық мүмкіндіктері жөнінде облыстық индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Ринат Сұлтангереев тарқатып берді.
Аймақ басшысы Гүлшара Наушақызы геологиялық барлау және жер қойнауын кешенді зерттеу бойынша тиісті министрлікпен жұмысты қарқынды түрде жүргізуді тапсырды.
Президент Жолдауында Қазақстанның ауыл шаруашылығының әлеуеті орасан зор екені айтылды. Бірақ, агроөнеркәсіп кешені саласында қордаланған проблемалар да аз емес. Ең алдымен, бұл – азық-түлік тауарларының бағасы тұрақсыздығы, оны бөліп-таратудың тиімсіз жүргізілуі.
Осы ретте облыстың аграрлық әлеуеті және Жолдаудан туындайтын міндеттерді орындауда жүйелі жұмыстар туралы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев нақты басымдықтарға тоқталды.
Жиын барысында облыс әкімі ауылшаруашылық саласына қатысты бірқатар тапсырма жүктеді.
– Азық-түлік өндірісімен қамтамасыз ету балансын есептей отырып, ауыл шаруашылығы саласында әртараптандыру шараларын қабылдау керек. Мал шаруашылығы саласында өндірілетін өнімдердің басым бөлігі жеке қосалқы шаруашылықтардың үлесінде болғандықтан, олардың қажетті жайылымдық жерлермен қамтылуы мәселесін заңдастыруды ұйымдастырып, елді мекендерде кооперацияға тарту бойынша жұмыстарын жандандыру міндетін қойды. «Алқаптан сөреге дейін» пилоттық жобаның іске асырылуы бойынша Жамбыл облысының тәжірибесін зерттеп, өңірге енгізу шараларын қабылдауды және суармалы сумен қамтамасыз үшін, су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізуді тапсырамын, – деді аймақ басшысы.
Мемлекет басшысы «Қарапайым заттар экономикасы» және «Бизнестің жол картасы» бағдарламасының мерзімін ұзарту туралы шешім қабылдады. Сонымен бірге, Еңбекақы төлеу қорына түсетін салмақтың өзі барынша түсінікті әрі қарапайым болуы қажет. Бұл, әсіресе, микро және шағын кәсіпкерлік саласында қатты сезіледі. Мұндай бизнес үшін жиынтық салмақты 34 пайыздан 25 пайызға төмендете отырып, еңбекақы төлеу қорынан бірыңғай төлем енгізуді тапсырды. Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов осы міндеттерді жүзеге асыру барысын тілге тиек етті.
Жолдауда көтерілген әйелдердің қоғамдағы экономикалық және саяси ұстанымын барынша қолдауды қамтамасыз ету, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын өзектендіру бойынша жобаларды іске асыруда азаматтық қоғам өкілдерінің рөлі маңызды. Осы ретте алдағы іске асатын жобалар бойынша «Азаматтық альянс» заңды тұлғалар бірлестігі» қауымдастығының төрағасы Анар Ізден сөз сөйлеп, бірқатар ұсынысын ортаға салды.
Жиын соңында облыс әкімі Мемлекет басшысының Жолдауында ұтымды ұсыныстар, нақты тапсырмалар берілгенін айтып, тиісті сала басшыларына бірқатар міндеттерді жүктеді.
Әйгерім МЫРЗАХМЕТОВА