Қызылорда: Кәсіпкерлер палатасы кеңесшілері 7 айда 5573 кеңес берген
Бұл туралы Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов айтты.
Осы жылдың 7 айында Кәсіпкерлер палатасының кеңесшілері 2875 облыс тұрғынына кәсіпкерлік саласына қатысты 5573 кеңес беріп, 465 кәсіпкерге 486 қызмет көрсеткен.
«Кәсіпкерлер палатасы 2015 жылдан бастап кәсіпкерлікпен айналысқысы келетін азаматтар үшін тегін кеңес беріп, сервистік қызметтерді көрсетіп келеді. Егер кәсіптеріңіз болса немесе өз істеріңізді ашуды жоспарлап отырсаңыздар, Палата мамандары мемлекеттік қолдау шаралары туралы айтып, қажет болған жағдайда мемлекеттік органдарға өтініштеріңізді жолдайды. Ақпараттық-сараптамалық қолдауға ие болу үшін g4b.kz. сайтына кіріңіздер. Порталдан сіздер қажет деректердің бәрін табасыздар, әрі маман кеңесіне де жүгіне аласыздар», - дейді Палата директоры.
Мұнан өзге, бизнесі бар азаматтар төмендегідей сервистік қызметтерді де тегін ала алады:
- бухгалтерлік және салық есебін жүргізу, статистикалық есеп жасау;
- маркетинг;
- интернет-маркетинг;
- заң қызметтері;
- кедендік рәсімдер;
- мемлекеттік сатып алу, ұлттық компаниялар мен жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алулары;
- отандық өндірушілердің өнімдерін өткізу;
- ақпараттық технологиялар.
Жалпы жоғарыдағы қызметтер мен кеңестерге қатысты сауалдар туындаған жағдайда Қызылорда қаласы, Қорқыт ата 123 мекен-жайындағы «Бизнеске арналған Үкімет» ғимаратында орналасқан Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасына келіп офлайн немесе 1432 жедел желі арқылы да байланысуға болады.
Ал аудан, ауылдық елді мекен тұрғындары Кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалдарына жүгіне алады.
Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі