№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Еленбей жүрген Еркебұлан

Еленбей жүрген Еркебұлан

Еркебұлан Исаевтың басқалардан ерекшелігі сол, ұстаздар арасындағы кез келген жарысқа өз қаражатымен барып, қатысып, жүлдегерлер қатарынан көрініп, аудан абыройын асырып келеді. Әсіресе, денешынықтыру пәні мұғалімдері арасында өтетін жарыстарда (қашықтыққа жүгіуден алдына жан салмайды) олжалы қайтады. Шалқия кентінде тұратын талантты жастың шығармашылық потенциялы жоғары. Оның өнермен де таласы бар. Бірақ елене бермейді. Оның жеткен жетістігі, бағындырған белесі бір басына жетіп артылады.
Еркебұлан кәсіби спортшы болмаса да, жеңіл атлетикадан өтетін аудандық, облыстық, республикалық турнирлерде алдына жан салмайтын жүйрік. Әсіресе марафондық қашықтықта бәсі биік.
Ол 1989 жылы дүниеге келді. Өзі ұстаздық ететін А.Әділов атындағы №86 мектепті бітірген. Жастайынан түрлі деңгейдегі спорттық жарыстарға қатысып, әлеуетін дәлелдесе, мүшәйраға қатысып, ақындық қырымен танылады.
– 2005-2007 жылдар аралығында Жайдарман ойындарына қатысып, үш жыл ауданда чемпион атандым. Арман мәдениет үйі ұйымдастырған «Жігіт сұлтаны» байқауында бас жүлдені алдым. Оқушы кезімде жеңіл атлетикадан өткен облыстық, республикалық жарыстарда қатарластарымнан оза шаптым. Әсіресе, 100 метр қашықтықта есе жібермедім, – дейді ол.
Оның жасы отыздан асты. Алайда әлі де спорттық жарыстардан жүлде алуға қауһары бар. Тек айтулы спорттық іс-шараларға қатысуға қаржы қолбайлау болады.
2007 жылы ҰБТ қорытындысы бойынша 107 балл жинап, А.Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетіне алғашқы әсери дай­ындық пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша білім алады.
Университетке түскен жылы өзінің белсенділігін көрсетіп, қалааралық марафонда бірінші межеге жетеді. 2009 жылы Президенттік көп сайыс түрінен нормативті орындап, қатарластары арасында тағы алтын тұғырға көтерілді.
2011 жылы жоғары мектепті бітіріп, аудандық спорт бөлімінде, «нұсқаушы» болып жұмысқа орналасады.
– Спорт бөлімінде жеңіл атлетикадан жаттықтырушы болып жұмыс іздедім. 2012 жылы аудандық ішкі саясат бөліміндегі жастар ұйымында қызмет атқардым. 2013 жылдан бастап №86 мектептің денешынықтыру пәнінің мұғалімі болдым.
Осы уақыттан бастап мұғалімдер арасындағы додаларда бақ сынап, үздіктер қатарында келемін. Мұға­лімдер ара­сында 2018-2021 жылдары аралығында өткен Қазақстан чемпио­натында бірінші орын алдым.
2017-2018 жылдары бүкіл Респуб­ликалық денешынықтыру пәнінің мұға­лімдері арасында өткен спорттық додаға қатысып, «Үздік Жас маман» төсбелгісіне және ақшалай сыйлыққа ие болдым. Республика бойынша 100 мұғалім қатысқан аламанда үздік болдым, – дейді кейіпкеріміз.
– Ереке, сіз үнемі жүгіруден жарыстарға көбіне өз қаражатыңызбен барып, орын алып келесіз. Бұл қызығушылық па, әлде?
– Біріншіден, бұл мен үшін хоббиім десем болады, екіншіден, мектептің, ауданның абыройы, үшіншіден, өсіп келе жатқан іні буынға, жастарға өнеге болсын деген ниет! Шыны керек, бала кезгі арман Әлем чемпионы болу еді.

***

Шалқия кентіндегі «Жастар кеңесі­нің» төрағасы ретінде мектеп оқушыла­ры мен 20-35 жастағы мұғалімдер спорттық және өнер сайыстарына қатысуына мұрындық болып келеді.
Еркебұланның спорттағы қасиеті текпен келген десек болады. Әкесі Еркін Исаев кәсіби футболшы болған, аудан футболының қалыптасуына еңбек сіңірген білікті маман. Еркін Есенжолұлы Ресейде «Динамо» клубының сапында да өнер көрсетті. Бұл жөнінде төл газетте бұған дейін жазғанбыз. Әкеден дарыған футболға құмарлық Еркебұланның інісі Мәдіге дарыса, қашықтыққа жүгіру оған дарыған.
– Кейде неге спортты жалғастырма­дым деген іштей өкініш болады. Кім біледі, спортпен тұрақты шұғылданғанымда спорт шебері атанып, елдің намысын қорғап жүрер ме едім.
Мен берілмеймін. Қазірдің өзінде қолым босай қалса, жаттығу залына барып, дайындықты шыңдаймын. Кейде шабыт келгенде қолыма қалам алып, өлең жазамын, – деді ол.
Міне, еленбей жүрген шалқиялық Еркебұланның болмыс-бітімі мен қарым-қабілеті осындай.
Ол екі ұл тәрбиелеп отыр. Ұрпағы елге белгілі спортшы болса деген тілегін де жасырмады.

Әли ТЕМІРБЕК
21 шілде 2021 ж. 571 0