№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Шахматшылар шаңырағы

Шахматшылар шаңырағы


Жаңақорғанда Аппақовтар әулетін танитындар көп болғанымен, олардың шахматшылар әулеті екенін көбі біле бермейді. Бала кезінен бір үйдің балалары болып, аудан мерейін талай үстем еткен отбасы туралы біліп, қара шаңырағына бас сұқтық.


ХХ ғасырдың 70 жылдары бүгінгідей арнайы бапкерлер болмады, болған күнде де жағдай жоқ кез. Сонда да ойын балалары бір-бір спортты меңгеріп, шама-шарқынша биігіне көтерілуге тырысты. Біз сөз еткелі отырған шаңырақтың балалары үйде кітаптан үйренгенін санаға тоқып, жарыстарға шыға бастады.
– Беркімбай Иматаев, Ғалымжан Өтжанов, Мәдіхан Аппақов сынды алдыңғы аға буынның ізімен шахмат спортын меңгеріп алдық. Негізі бізге тәлімді беріп, шахмат ойнаудың қыр-сырын меңгерткен Көби деген көкеміз еді. Ләззат, Дина қарындасым мен Мұқан інім төртеуміз оқушы кезімізден мектепішілік жарыстарға қатысып, кейіннен аудан, облыстық турнирлерге шыға бастадық. Әлі есімде 1976-1978 жылдар болатын, облыстық спартакиада, «Алтын күз» мерекесі болсын, басқа да жарыстардан қалмадық. Отбасымызбен барамыз, алтын арқалап қайтамыз. Ол кезде бір жапырақ қағазға мәз болып, төбеміз көкке бір елі жетпей жүретін, – дейді Жұмахан Аппақов.
Иә, талант деген осы болар, бір үйдің балалары бір спортты өздері меңгеріп, аудан абыройын асырып жүреді. Бір өкініштісі, мектеп бітірген соң, әрқайсысы әр саланың жүгін көтеріп, шахматмен жүйелі шұғылданбайды. Дегенмен санада жатталып, бойына дарыған өнер әлі күнге дейін сақтаулы тұр.
– Тек бабымда емеспін, бірақ қызығушылық, бала кезгі арман әлі де кеудемде сарнап тұрады, – деп бір күрсініп алды Жұмахан аға.
Бала күнгі арманнан биік не нәрсе бар, сірә?! Сол кездегі қызығушылық адамға қанат бітіріп, биікке бастайды. Сондықтан жастық кездегі талпыныс бәрінен қымбат. Жұмекеңнің көңіліне маза бермейтін сағыныш бала кездегі арманы ғой!
– Мен ол кезде ауданның спорт комитетінің төрағасы едім. Спартакиадаға баратын спортшымыз отбасылық жағдайларға байланысты бара алмайтын болды. Содан Мәдіханды алдыртып, жарысқа алып кеттік. Мәдіхан болса сенімді ақтап, мерейімізді үстем етті, – деді ардагер спортшы Мәметәлі Жаденов.
Қазіргі уақытта әлемнің бірқатар елдері шахмат ойынын мектеп бағдарламасына енгізді. Ондағысы жасөспірімдердің зейін-зердесін дамыту.
– Біз көбіне кітап оқып, сондағы шахмат ережелерін жаттап өстік. Ол кезде әлемдік деңгейді бағындырған 12 гроссмейстер болатын, солардың өмір жолын оқып, ойын тәсілдерін меңгеруге мән бердік. Үйде шахмат тақтайшасын сызып, сол арқылы қателеріміз бойынша жұмыс жасайтын едік. Облыс чемпионы болсақ та, республикалық жарыстарға барған емеспіз. Тек Ләззат қана ел чемпионатына қатысып, Қазақстанның гроссмейстері атанған Гүлнар Сахатовамен тең түсті. Бірақ сол біріншілікте алтын ала алмады. Қазір қарындасым мен інім өздері қызмет ететін мемлекеттік мекеменің атынан жарыстарға қатысып, чемпион атанып жүр, – деді кейіпкеріміз.
Қазір Жаңақорғанда шахматтың еңсесі биік. Мектеп оқушыларының бағындырған биігі бір төбе. Қасымхан ағайдың шәкірттері ел біріншіліктерінде олжалы оралып жүр. Ермұхамед есімді жас шахматшы республикалық жарыстарда топ жарғаны есімізде. Арадагер спортшылар арасынан Жасұзақ Аманбаевтың шеберлігі ерекше аталады. Ал Аппақовтар секілді әулетімен шахматты серік еткен отбасылар көп емес...

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
20 қаңтар 2021 ж. 416 0