№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » 1995 жыл: Орталық мешіт ашылды

1995 жыл: Орталық мешіт ашылды

Тәуелсіздікпен бірге дініміз бен діліміз беки түсіп, жер-жерде Алла үйлері есігін аша бастады. Жаңақорған кентіндегі еңселі ғимарат – «Қоңырат-Алты ата» мешітінің бой көтеруі соның айғағы. Құтхананың құрылысына кімдер демеушілік етті? Ұрпақ ұлағатты істі біле жүрсін деп тарихи деректерді назарға қайта ұсынбақпыз. Айта кететіні, «Жаңақорған тынысы» газетінің 1995 жылы 17 қарашада шыққан нөмірінде, талдап жазыпты.
Тәуелсіздікті тұғырына қондыруда рухани құндылықтарды қайта жаңғыртып, асыл дініміз тамырын тереңге жаюы тиіс еді. Олсыз елдіктің мұраты мығым болуы қиын. Ел ағалары осыны бағамдап, қаржылық қиындықтарға қарамастан «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып», іске кіріседі.
Орталыққа мешіт салу туралы 1992 жылы Келінтөбе ауылында өткен басқосуда ортаға салынады. Арада бір ай өткенде өзгенттік Әбділда Әділбековтың шаңырағында ел ағалары бәтуаға келіп, әркім әл-қуаты жеткенінше қаржылай немесе құрылыс материалдарымен қамтамасыз етуге уағдаласады.
Мешіт құрылысына Қызылорда, Шымкент облысы мен Өзбекстанда тұратын Алты ата ұрпақтары көмек қолын созуға пейіл танытады. Жаңақорған кентіне кіреберісінде мешіттің орны белгіленіп, қоршауы салынады. Бұған сол кездегі аудан әкімі Ибрагим Әбибуллаев келісім беріп, халықтық істі қуаттайды.
Мұхитдин Ысмайылов ауданға әкім болған жылдары мешіт құрылысы қарқындап, демеушілер қатары арта түсті. Аудандағы өндіріс орындарының басшылары мен кәсіпкерлер елді имандылыққа ұйытатын орынға қамқорлық білдірді. Құрылыс басталған әдепкі жылдарда 1 вагон цемент пен 500 мың ақ кірпішті шымкенттік Жұмаділла Алдияров өз қаржысына алып береді. Осы секілді жомарттық жасаған Ұланбек Арғынбаев, Әбдімәжит Битабаров, алматылық ағайындар Әлжан Бекарыстанұлы, Қуандық Кенжебаев, Бекжан Сәрсенұлы, жетісайлық Зиядин Ахметов, мақтаралдық Әбілхайыр Датқаев,  маңғыстаулық Қойшыбай Үсенов, өзбекстандық Қайықбай Жұмабеков, Елдар Қазыбеков, Шиелі ауданының әкімі болған Жарылқасын Тұрабаев ерекше кеңпейілділік танытқанын айтуымыз керек.
Ел игілігі жолында Қанабек ақсақал, Тұрғанбек қария, жазушы Дүкенбай мен Тынымбай насихат жұмысын атқарып, елді ынтымаққа үндеді. Кәсіпкерлер Ж. Ердешов, А.Абдуллаев, Қ.Көшербаев, Б.Әбдіғаппарұлы, Қ,Бердібайұлы, С.Молдашев, Б.Абылбеков, Т.Рахимов, Ә.Шерубаев, Ө.Тақырбасов, А.Әбдірейімов, М.Ахметов, Қ. Әжібеков, Ж. Ерімов, А.Жұматов, Е.Бимағанбетов, Ж.Боранбаев, С.Сариев, Т.Ақымов, Т.Құрманбеков 50-100 мың теңгенің үстінде қаржылай қолдау берді.
Түркиядағы үлгілі мешіт жобасымен жасалған ғимаратты салуда Өмірбек, Еркін, Мұрат, Әбдіғаппар, Қалжан, Тасболат есімді ұсталардың қолының табы қалды.
«Қоңырат – Алты Ата» мешітінің ашылу салтанаты 1995 жылдың 10 қарашасында салтанатты түрде өтті. Көрікті ғимаратты көруге алыс-жақын елден меймандар келіп, ақ тілегін жаудырды. Мешіттің маңына 100-ге тарта қараша үй тігіліп, республикаға танымал өнер жұлдыздары әннен шашу шашып, ұлттық салт-дәстүрге сай ойындар өткізілді. Қазан көтеріліп, ас-ауқат молынан тартылды. Жақсылар бас қосқан той туралы ел ағасы Зинабдин Шермағамбетов еске алып, тарихи кезеңнің естелігімен бөлісті.
– Орталық мешіт – рухани орталыққа айналды. Сол кездегі халықтың қуанышында шек болмады. Мұнда жасөспірімдерге дәріс беріп, неке қию, діни мерекелерді атап өту дәстүрі қалыптасты. Барша мұхтарам жамағатты ортақ мүддеге жұмылдырған құтқана бірлік пен берекенің ордасы ретінде құнды, – деді ұлағатты ұстаз.
Жаңадан ашылған мешіт-медресенің алғашқы бас имамы болып Сәбибулла Өсеров тағайындалды. Елді ақ жолға бағыттап, имандылықты пір тұтуға негіз болған мешіттің құрылыс жұмыстарын ұйымдастырған Аманбек Кенжебековке «Қоныстың құрметті азаматы» атағын көпшілік алдында табыстауының өзі жас буынға үлгі болды.
Айта кететіні, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары 26 мешіт ғана болса, бес жылда 4000 мешітке жетті. Сол санатта біздің «Алты ата мешіті» де бар.

Мақпал МАРҚАБАЙ
20 шілде 2021 ж. 501 0