» » Мерейлі мереке – мейірімге бөлейді

Мерейлі мереке – мейірімге бөлейді


Құрбан айт – мұсылмандардың қасиетті мерекесінің бірі. Биыл 20-22 шілдеге тура келді. Бас мүфти Наурызбай қажының мәлімдеуінше, 20 шілде күні республика аумағында таңғы сағат 07.00-де қатаң санитарлық норма талаптарын сақтай отырып, «сары», «жасыл» аймақтарда 10-минуттық Құрбан айт намазы оқылады.

«Қызыл» аймақта Құрбан айт намазын оқу жергілікті санитарлық мемлекеттік бас дәрігердің қаулысына сәйкес жүзеге асырылады. Елдегі пандемиялық жағдайға байланысты биыл құрбан шалу рәсімін өткізу екі жолмен жүзеге асады. Айталық, мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау органдары тарапынан рұқсат берілген жергілікті қасапханаларда санитарлық ережелерді қатаң сақтай отырып «сары» және «жасыл» аймақтарда онлайн және офлайн форматта өткізіледі.
Ораза-айттан кейін 70 күн өткен соң келетін ұлы мейрам. Қазақстан заңнамасы бойынша Құрбан айттың бірінші күні – демалыс. Құрбан айттың ең үлкен ерекшелігі, Алланың разылығы үшін құрбан шалу болып есептеледі.  Құрбан шалу белгілі бір адамға уәжіп болуы үшін мына шарттар керек. Ол, мұсылман болу, Құрбан айт уақытында жолаушы болмау, негізгі қажеттерден тыс нисап мөлшеріндегі қаржыға ие болу.
Нисап мөлшері – 85 грамм алтын, яки құнына тең келетін ақша. Нисап мөлшерінде артық қаражаты болмаса да, кедей мұсылман кісінің құрбан шалуына болады.
Жалпы құрбан айтта шамасы жеткендерге құрбан шалу – уәжіп. Құрбан шалудың уақыты Құрбан айттың бірінші күні айт намазынан кейін басталып, айттың үшінші күні күн батқанға дейін жалғасады. Құрбандық шалғанда, ең алдымен, құрбан шалынатын жердің таза болуына көңіл бөлу керек.
Осы тұста айта кету керек, ислам тарихында құрбандыққа шалынған ең алғашқы мал – жұмақтан түскен аспан түстес көк қошқар болғаны белгілі. Бірақ, әуел баста бұл күні Ибраһим пайғамбардың баласы құрбандыққа шалына жаздаған.
Ұзақ жылдар бойы бір перзентке зар болып, Алладан бала сұраған Ибраһим Пайғамбардың тілегін қабыл еткен Құдай оған қартайған шағында бір ұл сыйлаған екен. Күндердің күнінде Ибраһим түс көріп, түсінде сүйікті ұлы Исмаилды құрбандыққа шалу керек деген аян түседі.Құранда жазылғандай, Пайғамбарлардың түсі Алланың бұйрығына тең және күмәнсіз дүние.
Алладан аян түскен соң, Жасағанның жаса дегеніне қарсы шыға алмай, Ибраһим Пайғамбар ұлын ертіп, қазір Мекке қаласы тұрған алаңға барады. Алла Тағалаға адалдық танытып, Оның бұйырғанын екі етпеген ол қолына пышақ алып, ұлының мойнына тақай бергенде, Алла періштесін жіберіп, оны тоқтатқан екен.
Алла сенімінен таймай, сынаққа шыдаған Ибраһим Пайғамбарды жарылқап, аспаннан көк қошқар түсіреді де бала Исмаилдың өмірін сақтап қалған. Міне, содан бері исі мұсылман Құрбан айтта мал бауыздап, Аллаға бір табан жақындауды ниет етіп келеді.
Әсел РЗАЕВА
18 шілде 2021 ж. 517 0