№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ​Түгіскен төрін термешілер әнмен тербеді

​Түгіскен төрін термешілер әнмен тербеді


Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының аясында ақын, термеші Құлан Алдабергенұлының 160 жылдығына орай Аққорған ауылдық округінде «Текті сөздің төресі – терме» атты аймақтық термешілер байқауы ұйымдастырылды. Оған Павлодар және Түркістан өңірінен, Қызылорда қаласының сүлейлері арнайы келіп, Жаңақорған даласын жыр-термеге бөледі.
Тамырлы тарихынан сыр шертіп, өткенінен өнегелі тағлым беретін, төл өнерін төрге оздырып, текті сөзін ұлықтаған жаңақорғандықтар терме байқауын дәстүрге айналдырғанын айту керек. Аймақтық термешілер байқауында жеті дүлділ өнер көрсетіп, көрермендерді әуезді ән, өнеге сөзімен рухтандырды.
Сахна төріне көтерілген өнерпаздарға өңірге белгілі термеші, облыстық филармония қызметкері Майра Сәрсенбаева сәттілік тіледі.
– Құлан Алдабергенұлы атындағы аймақтық термешілер байқауына биыл Павлодар өңірінен өнерпаздар келіпті. Бұл бүгінгі байқаудың биік беделін көрсетеді. Жылда дәстүрге айналдыруға бет бұрудамыз, ең бастысы төл өнерімізді қайта жаңғыртып, келер ұрпаққа аманат етіп қалдыруды мақсат еттік. Жеті өнерпаз да жүйрік, әр термеші өлеңнің мақам-сазын дұрыс қолдана алатынына куә боламыз, өйткені әр өңірдің өзіне тән мақамы бар. Сондықтан бұл жастардан келешек көп үміт күтетін боламыз, – деді Сыр еліне танымал Сәрсенбай жыраудың немересі.
Сөздің маржанын сазбен жеткізетін дала өнерпаздарының басын бір арнаға тоғыстырудағы басты мақсат – ұлттық құндылықтарды дәріптеу, өнерлі жастарды қазақтың төл өнерімен сусындату және ұлттық дәстүрді ел арасында кеңінен насихаттау. Асыл сөздің маржанын теріп, оны әуезді әнімен тыңдаушының құлақ құрышын қандыратын жас термешілердің өнерін біз де тамашалап, көңіліміз бір сергіп қайтты. Ал, Аққорғанда өтуінің бір сырын кеш барысында байқадық, өйткені ауыл ақсақалдары мен жастар әр жырауға шабыт беріп, әуезді әндеріне тербеліп отырғанын байқап, дән разы болдық.
Жаңақорғандық Нұрлыбек Қалман, Ислам Нағызхан, Түркістаннан келген Нұрбақ Анашбеков, Қызылорда қаласынан Руслан Өтегенов пен Аяжан Шымберген және успендік Ербақ Құрметжан мен Бөкен Жігер сахна төріне көтеріліп, додаға қосылды. Талапкерлер екі кезең бойынша өнер көрсетті, бірінші кезеңде Құлан Алдабергенұлының шығармашылығынан бір терме немесе арнау жыр орындаса, екінші кезеңде әр термеші еркін тақырыпта бір терме орындады.
Құлан Алдабергенұлы күні бүгінге дейін, толық зерттеліп, зерделенбеген тұлғаның бірі. Ол 1861 жылы дүниеге келген. Зерттеулерге қарағанда, туған жері Қосүйеңкі елді мекеніне қарасты Қаратау жеріндегі «Тастүскен» деп көрсетіледі. Тастүскен Құланшы өзеніне құятын шағын өзен. Құлан осы өзеннің бойында кедей отбасында дүниеге келеді. 
Сонымен «Аузымда өлең деген алмасым бар», «Адам боп дүниеге жаралған соң» атты Құлан ақынның жырлары Түгіскен көгінде қалықтай кетті. Жеті жыраудың өнеріне әділ төрелік еткен Майра Сәрсенбаева мен Мұхтар Дәрібаев және Павлодардан келген қонақ Табиғат өнерлі жастарға лайықты бағасын берді.
Термешілерге арнайы ыстық ықыласын арқалай келген ауылдың ақсақалдар кеңесінің төрағасы Молдахмет Ибрагимов:
– Бүгін Аққорған ауылының аспанын әнге бөлеп, термемен тербеген жырау-жыршыларға алғыс айтамын. Төл өнерді ел арасында осылай насихаттап, жас буынның бойына қалыптастыруға жұмылып жүрген өнер ұжымына рахметтен басқа айтарымыз жоқ. Келер жылы да барша термешілерді ауыл төрінде күтетін боламыз деп үміттенемін, – деп жылы лебізін білдірді.
Асыл сөздің маржаны мен терең ойдың тұнығын әуезді әуенмен жеткізе отырып, тыңдаушыны ұлттық рухқа, адамгершілікке, тазалыққа, қайырым мен мейірім сияқты көптеген адами қасиеттерге тәрбиелеуімен құнды болған терме өнерін дәріптеген жырауларға аққорғандық ағайын мен көрші ауылдардан келген көрермендер ризалығын білдіріп тарқасты.
Жақұт жырымен, әуезді мақамымен, дәстүрлі жыр өнерін дәріптей келген жаңақорғандық Нұрлыбек Қалман, Нұрбек Анашбеков үшінші орынға жайғасты. Ал, Ербақ Құрметжан мен Ислам Нағызханға екінші тұғыр бұйырды. Бірінші орынмен Аяжан мен павлодарлық Бөкен Жігер марапатталды. Мұхтар Шахановтың «Отырар» дастанын әдемі орындап, дүйім жұртты тәнті еткен успендік жігітке қазылар ерекше ілтипат білдірді. Ал, бас жүлде байқаудың шымылдығын ашып, сайыстың сәнін келтіріп, өнер сүйген қауымды сүйсіндіре білген қармақшылық Руслан Өтегеновтің тақымында кетті. Қорқыт туған мекеннен келген Руслан:
– Мен бұл байқауға алғаш келіп отырмын. Ұйымдастыру өте жоғары деңгейде, мен шыны керек бұлай болады деп ойламадым. Әсіресе, павлодарлық өнерпаздар сахна төріне көтерілгенде, олардың әдемі дауысы мен мақамына қарап ұлттық өнер солтүстікте де жаңғырып келеді екен деп іштей қуандық. Қолдау білдіріп, шараны ұйымдастырған аудан мәдениет саласына ризалығымды білдіремін, – деді ағынан жарыла.
Асыл сөздің маржаны мен терең ойдың тұнығын әуезді әуенмен жеткізе отырып, тыңдаушыны ұлттық рухқа, адамгершілікке, тазалыққа, қайырым мен мейірім сияқты көптеген адами қасиеттерге тәрбиелеуімен құнды болған терме өнерін дәріптеген жырауларға аққорғандық ағайын мен көрші ауылдардан келген көрермендер ризалығын білдіріп тарқасты.
Әли ТЕМІРБЕК
03 шілде 2021 ж. 449 0