№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Терме – текті сөздің төресі

Терме – текті сөздің төресі


Сөздің маржанын сазбен жеткізетін дала өнерпаздарын анықтайтын «Текті сөздің төресі – терме» атты облыстық жас термешілер байқауы өтті. Байқаудың басты мақсаты – ұлттық құндылықтарды дәріптеу арқылы жастарды қазақтың төл өнерімен сусындату және ұлттық дәстүрді ел арасында кеңінен насихаттау. Асыл сөздің маржанын теріп, оны әуезді әнімен тыңдаушының құлағына жеткізе білетін жас термешілердің өнерін біз де тамашалап, көңіліміз бір сергіп қайтты.


«Жастар ресурстық орталығы» мен аудандық мәдениет үйінің «Жастармен жұмыс» бөлімшесі өңір өнерпаздарының басын қосып, облыстық байқау ұйымдастырды. Қатарынан төртінші рет өтіп отырған дәстүрлі сайысқа аймақтың 14-18 жас аралығындағы 13 өнерпазы қатысты.
Ертеден келе жатқан термешілік өнерді кеңінен дәріптеу, бабалар салған асыл мұраны жастардың жүрегіне жеткізу, ұлт өнерін насихаттауды көздейтін мәдени шараның арнасы бұрынғыға қарағанда едәуір кеңейгені байқалады. Өйткені, аталған сайыс бүгінге дейін аудан көлемінде ғана өткен еді. Осы жылы қатысушылар саны да артық, жүлде қоры да қомақты. Үміттерін үкілеп келген термешілер екі кезең бойынша өнер көрсетті. Қатысушылар I-кезеңде Сыр бойының сыршыл мақамымен бір терме орындады, ал II кезеңде бойынша әр қатысушы өз қалауындағы термені орындап шықты. Байқауға қатыушылар ішінде тәжірибелі термешілермен қатар ұлттық өнерге алғаш келіп отырғандар да кездеседі.
Көмейіне бұлбұл ұялаған өнерпаздардың шеберлігіне Майра Сәрсенбаева, Мұхтар Дәрібаев, Наурызбай Орынбасаров сынды өңірге белгілі азаматтардан құрылған қазылар алқасы төрелік етті. Байқауға қатысушыларға, ән орындау шеберлігіне, таңдаған туындысының тақырыбына, шығарманың тереңдігіне, мәні мен мазмұнына, дауыс мақамы мен орындалу шеберлігіне, тіл тазалығына қарап баға берілді.
Қорытындыда Қызылорда қаласынан келген Мұсаева Аида «Жігерлі өнерпаз» аталымы бойынша марапатталса, III орынды Қармақшылық Мархабатова Шұғыла мен Жалағаштық Ділдәбекқызы Аңсаған бөлісті. Ал, II орынға Сырдария ауданының намысын қорғаған Әбдікәрім Дулат пен Шиелілік Сүгірәлиев Дидар лайық деп танылды. I орынды жүзден жүйрік шыққан Жаңақорғандық Әбілтай Аружан қанжығасына ілсе, Арал ауданынан келген Файзуллақызы Жансая бас жүлдені жеңіп алды.
Байқау жүлдегерлері мен жеңімпаздарына арнайы диплом мен қомақты қаржылай сыйлық табысталды. Ал барлық қатысушыларға ұйымдастырушылар тарапынан алғыс хаттар ұсынылды.

Әсел РЗАЕВА
11 қараша 2020 ж. 705 0