№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Вакциналау қауіптің алдын алады

Вакциналау қауіптің алдын алады


Елде, оның ішінде, біздің ауданда індетке қарсы егу ақпан айында басталды. Дегенмен әлеуметтік желідегі негізсіз, дәлелсіз ақпараттар адамдардың сеніміне селкеу түсіріп, түрлі алып-қашпа әңгіме тарады. Соның салдары вакциналау қарқынына тежеу салды. Қазір ауданға белгілі азаматтар екпе ектіріп, вакцинаның маңызын түсіндіруге атсалысуда. Сондай азаматтың бірі – «Қум Сахаба» мешітінің бас имамы Ержан Сейтжаппаров. Ол «Спутник 
V» вакцинасын салдырды.
– Біздің жұмысымыз халықпен тығыз байланысты. Үнемі көпшілік ортада, қазалы жерлерде жүреміз. Сондықтан вакцина салдыруды дұрыс деп шештім. Отбасымда ата-анаммен бірге тұрамын. Жарым мен үш перзентім бар. Олардың да денсаулығын ойлау керек. Шыны керек, әлеуметтік желі арқылы вакцинацияға қатысты неше түрлі алыпқашты әңгіме тарады. Бұл вакцинаны салдыруға күмәнмен қарайтындардың санын арттырды. Алайда инфекцияны жұқтырудың жанама әсерлері мен салдарын салыстыра келе, ғылыми қауымдастық, батыс және шығыс елдерінің коронавируспен күрестегі тәжірибесіне сенім білдірдім. Қазіргі жағдайда бізге бұл індетті жеңуде тек ұжымдық иммунитет қалыптастыру керек, – дейді имам.
Имамның сөзінше, вакцина салдырғаннан кейін жұрт айтатындай, ауырсыну мен әлсізденуді сезінбеген. Жағдайы қалыпты. Қайта көпшілік ортада өз-өзіне сенімділігі артып, жақындарының қауіпсіздігі үшін уайымдамайтын болыпты.
Соңғы уақытта коронавирус инфекциясын жұқтырған қазақстандықтардың саны артуда. Сол себепті сақтық шаралары күшейтілуде. Өткен жылғы тәжірибе көрсеткендей, карантиндік шараларды күшейту – вирусты құрықтаудың нақты жолы емес, тек ұжымдық иммунитет қалыптастыру арқылы ғана қалыпты өмірге қайта келуге болады. Қазір вакцина өз тиімділгін көрсетіп отырғанымен, оның ауруға қарсы әлеуетіне күдікпен қарайтындар аз емес.
Осы орайда «Спутник V» вакцинасын дайындауға ат салысқан ғалымдар қатарында қандасымыз Ілияс Есмағамбетов те бар екенін айту керек. Оның ата-анасы Түркістан өңірінен Ресейге білім іздеп барып, сонда тұрақтап қалған екен. Ол Мәскеуде дүниеге келсе де, тарихи отанына жиі келетінін жазбаларында анық жазған. Ғалымның вакцина жайлы айтылған пікірін өздеріңізге ұсынуды жөн көрдік.
– Мен вакцина салдыру әркімнің жеке ісі деп ойлаймын. Егер сіз «вакцина салғаннан кейін денсаулығым нашарлап кетеді деп қорқатын болсаңыз, мен керісінше, вакцина 90 пайыздан жоғары қорғаныс кепілдігі береді, бұл қазірдің өзінде дәлелденген деп жауап берер едім. Бұрын коронавируспен ауырып, ағзада қалыптасқан антиденеге қарамастан, қайталап ауыруың да мүмкін. Сондықтан адамдардың ағзасының әртүрлі болатыны тәрізді әр пациентті қалыпқа келтірудің жолдары да әртүрлі болуы тиіс. Ал жалпылай алғанда, әртүрлі топтағы сырқаттар бойынша, вирустың қалдырған ізіне байланысты сауықтырудың әдістерін жетілдіру қажет. Әр адамның өзіндік биологиялық ерекшеліктері бар. Сонымен қатар, вакцинаны таңдау мүмкіндігі бар. Бүгінде біреу біреуді мәжбүрлей алмайды. Дегенмен, ел болып біріккенде ғана қалыпты өмірге орала аламыз, – деп ғалым көп сұраққа жауап берді.
Иә, вакцинаны халықтың басым көпшілігі мойындап, саналы түрде салдыруды жөн көруде. Сондай азаматтың бірі – Самат Әзімбаев отбасымен вакцина қабылдауды құп көріпті.
– Вакцина алу індеттен сақтанудың басты жолы болып табылады. Әрине, бұл ең бірінші кезекте өзіңізді және жақындарыңызды қорғау үшін қажет деп білемін. Сондықтан әр адам өзін, отбасын, әріптестерін ойлап екпе алғаны дұрыс деп есептеймін. Оның үстіне өзім жүргізуші болғандықтан күнделікті көптеген адамдармен жұмыс істеймін. Осылайша өзімнің де, өзгенің де өміріне жауапкершілікпен қарай отырып, осындай қадам жасадым. Вакцинадан басқа қазір кеселмен күресудің жолы жоқ. Бұқаралық ақпарат құралдарынан естіп жатқанымыз, Ресей, АҚШ, Израиль вакцина дайындаумен айналысып вакциналауды жүргізуде өзге елдерден озып тұр. Үйдеәкем, анам, келіншегім, ағам мен інім түгел қабылдады. Шүкір, ешқайсысында кері әсер болмады. Барлығымыздың да жағдайымыз жақсы. Қайта, інімнің жаз маусымында мазалап бітетін аллергиясы екпеден соң сап тыйылды, – дейді ол.
Міне, әу баста қоғамда неше түрлі пікір айтылса да, ақыр аяғында жұрт ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін таразылай бастады. Дәрігерлердің айтуынша, ең бастысы, екпені салдырғаннан кейін адам 3 күн ыстық-суықтан күтінуі тиіс.
Айта кетейік, вакцинация 2 кезең бойынша жүргізіледі: бірінші компонент 0,5 мл дозада, сосын 21-42 күннен кейін екінші компоненті – 0,5 мл дозада салынады. Бірінші кезеңнен өткендерге оның екінші кезеңі жайлы, күні мен уақыты туралы СМС хабарлама ұялы телефонға бір тәуліктің ішінде келеді. Барлық тілек білдірушілер тұрғылықты жері бойынша тіркелген емханасына барып, толықтай тегін қабылдай алады.
Жалпы, егу науқаны басталғалы бері ауданымызда 11000 мыңға жуық тұрғынға вакцина салынған. Олардың қатарында мемлекеттік қызметкер, медицина, білім беру, құқық қорғау саласының мамандары бар.
Әсел РЗАЕВА
03 шілде 2021 ж. 303 0