№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Қазақстанда 1 шілдеден бастап не өзгереді?

Қазақстанда 1 шілдеден бастап не өзгереді?


Жуырда елорданың бас санитар дәрігері карантиндік шаралар туралы жаңа қаулы шығарды.
Оған сәйкес, жабық ғимараттарда бұқаралық мәдени шараларды өткізуге тыйым салынады. Саябақ аумағында орналасқан ашық аспан астындағы аттракциондар жұмысын тоқтатады.
Ashyq жобасына қатысатын театрлар мен филармониялар жұмыс күндері мен демалыс күндері сағат 10:00-ден 24:00-ге дейін жұмыс істейді. Алайда көрермендер саны 20 проценттен аспауға тиіс.
Ал Ashyq жобасына қосылған кинотеатрлар сағат 10.00-ден 24.00-ге дейін ашық болады. Олар көрермендер санының 30%-не дейін қабылдай алады.

Бұл шектеулер 2 шілде сағат 00:00-ден бастап күшіне енеді.

Шетелде вакцина алғандар

1 шілдеден бастап Қазақстан өз азаматтарының шетелде алған вакцинасын мойындайды. Ол үшін коронавирусқа қарсы вакцинаны басқа елде салғызған қазақстандық өз емханасына вакциналау туралы құжаттарды көрсетуге тиіс. Емхана мамандары оны базаға енгізеді. Осыдан кейін ол да Қазақстанда вакцина алған отандастарына жасалатын жеңілдіктерге ие болады.

Салық берешегінің шекті мөлшері

Қазақстанда салық төлейтіндердің қызметіне оң әсер ететін нормалар қабылданды.
Атап айтқанда, шотты бұғаттауға мүмкіндік бермейтін салық берешегінің шекті мөлшері бекітілді. Ол 6 АЕК немесе 17 502 теңге. Салық қарызы осы сомадан төмен болса, шот бұғатталмайды.
Ал берешек 6 АЕК-тен асып кетсе, салық органдары банк шоттары бойынша операцияларды уақытша тоқтатуға құқылы.

Теміржол вокзалдарында қандай өзгеріс болады

Бүгіннен бастап бірқатар өңірде теміржол вокзалы Ashyq жобасына қосылады. Яғни, коронавируспен ауыратын жолаушылар ғимаратқа кіргізілмейді.
Ashyq жобасы Ақтөбе, Атырау, Бейнеу, Көкшетау, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Орал, Павлодар, Семей, Тараз, Түркістан, Шымкент және Шу теміржол вокзалдарында енгізіледі.
Жолаушы вокзалға кірер алдында QR-кодты Ashyq мобильді қосымшасы немесе Kaspi.kz, Homebank, Aity қосымшалары арқылы сканерлеу қажет.  Қосымша немесе смартфон болмаған жағдайда, есіктегі қызметкерге ЖСН-ді көрсетуге болады.
«Жасыл» немесе «көк» статус шықса, ғимаратқа кіруге рұқсат етіледі. «Қызыл» немесе «сары» шыққандар, вокзалға жіберілмейді.
Шетелдіктердің статусы төлқұжат нөмірі бойынша тексеріледі.
18 жасқа дейінгі балалар тексерістен өтпейді.

Газ қымбаттайды

1 шілдеден бастап Қазақстанда тауар газының шекті көтерме бағасы орта есеппен 11%-ке өседі. Әр өңірде баға әртүрлі болады. Ал бұл халықтың қалтасына салмақ салады. Табиғи монополияларды реттеу комитетінің болжамынша, қарапайым қазақстандықтар үшін газ орташа есеппен 6,1%-ке қымбаттайды.

Темекі дүкен витриналарынан жоғалады

Бүгіннен бастап дүкендерде витринаға темекіні қоюға тыйым салынады. Бұл жаңашылдық шылым шегетіндер санын барынша азайту үшін енгізіліп отыр.
Бұл тыйым тек қораптағы темекіге ғана емес, қорқорға арналған темекі, қорқор қоспасы, темекіні қыздыруға арналған жүйелер, қыздырылатын темекісі бар заттарға да қатысты.
Дүкенде сатылатын темекі өнімдерінің тізімі мен бағасы қағазға жазылып, ілініп тұруға тиіс. Қандай да бір сурет салуға тыйым салынады.
Сонымен қатар 1 шілдеден бастап темекі бағасы 520 теңгеге дейін өседі.

Қазақстандықтар үйде отырып ЕАЭО елдерінен жұмыс таба алады

1 шілдеден бастап Еуразиялық экономикалық одақ аумағында жұмыс іздеудің біріздендірілген жүйесі – «Шекарасыз жұмыс» өнеркәсіптік пайдалануға беріледі.
«Шекарасыз жұмыс» – ЕАЭО-ға мүше елдердің ақпараттық жүйесіндегі бос жұмыс орындары мен жұмыс іздеушілер туралы ақпарат алуға арналған іздеу жүйесі.
«Ортақ интеграциялық жүйені бір уақытта іске қосу үшін шетелдік әріптестермен бірлесіп мүше мемлекеттер аумағында жұмыс іздеу бойынша негізгі ақпараттық жүйелер әзірленді: «Горц» армян ақпараттық жүйесі, Беларусьтің Мемлекеттік жұмыспен қамту қызметінің ақпараттық порталы, қырғыздардың «Жұмыспен қамту» порталы, «Ресейдегі жұмыс» ақпараттық жүйесі және, әрине, біздің «Еңбек» порталы», – деді Қазақстанның еңбек вице-министрі Ербол Оспанов.
Электронды сервис азаматтарға Қазақстан, Ресей, Армения, Беларусь және Қырғызстаннан жұмыс табуға көмектеседі.
 Sputnik Қазақ
01 шілде 2021 ж. 303 0