№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Сапа – басты мақсат

Сапа – басты мақсат


Өткен жылы аудан басшысы Сұлтан Мақашов кент және ауылдық округтерді аралап, халықпен кездесіп, негізгі өтініш-тілектерін тыңдаған еді. Сосын басымдығына қарай мәселелерді рет-ретімен шешетінін айтты. Әкім уәдені «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020», «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында орындаудың жолын тапты. Енді бюджет қаржысы түпкі нәтижеге жеткізудің мәнін қадағалау мақсатында, яғни пайдаланған материалдардың сапасына мән беріп, құрылыстың нәтижелі болуын қадағалау мақсатында құрылыс нысандарын аралады.

Алдымен Шалқия кентіндегі №86 мектепте болды. «СМП-Қызылорда» ЖШС бас инженері Айбек Мереев құрылыс жұмыстарымен таныстырды.
– Мектеп 5 блоктан тұрады. 1200 орындық. Қазір 4 блокта қатар жұмыс жүруде.
– Қанша жұмысшы бар? Мер­­зімінде құрылысты бітіре аласыздар ма?
– Әрине құрылыс нысанын уақытылы бітіру үшін жұмыс жасаудамыз. Мұнда 126 құрылысшы бар. Оның 26-ы жергілікті.
– Біз үшін сапа маңызды. Құрылыс заттары сертификат­талған ба?
– Сапалы орындауға басымдық береміз. Сондықтан барлық құрылыс заттарының арнайы сертификаты бар.
Әкім мен инженердің сұрақ-жауап­қа ұласқан диалог барысында спорт залда және сыныптарда жүргізілген құрылыс жұмыстарын көрді. Мектеп дәлізіндегі еденде төселген кафель әкімнің көңілінен шықпады-ау, тоқтап: «Мынау жарамайды. Қисық-қисық салынған. Бұлай болмайды. Тез арада жөндеп, құрылыс нормаларына сай сәйкестендіру керек», деп тапсырма берді аудан басшысы.
Сұлтан Ысқақұлы аудандық құрылыс бөлімі, аудандық білім бөлімі және мердігер компания бірлесіп мектепті жылататын қазандықты іске қосу керектігін айтты:
– Егер жылу жүйесі шешімін таппаса, не үшін жөндеу жүргізіп жатырмыз. Ең бірінші осыны реттеу керек, – деп тапсырма берді.
Одан кейін аудан әкімі бастаған делегация кеншілер қонысында жаңадан бой көтеріп жатқан клуб үйіне барды. 150 орындық клубты шалқиялықтар ұзақ күтті. Бұған дейін тұрғындар №86 мектептің мәжіліс залын пайдаланып келген-ді.
Клуб үйі жоба бойынша екі этажды болады. Онда үйірмелер, ауылдық кітапхана жұмыс жасайтын болады. Лифт қарастырылған екен.
Аудан басшысы мердігер компа­ния өкілдеріне жұмыстың барлық сатысында қадағалау болатынын, егер ауытқу болса, дер кезінде жөндеп, құрылысты сапалы атқаруды тапсырды.
Одан кейін МАИ бекетіндегі 300 орындық, Байкенжеев көшесіндегі 600 орындық мектептің (№169 мектеп) құрылысын көрді.
Жаңарықтықтар биыл қуанышты. Елді мекенде спорт кешені бой көтерді. Әкімдік жаңа ғимаратқа көшті. Енді ұзақ жылдар бойы күткен клуб үйі күрделі жөнделеді. 1985 жылы мәдениет нысаны салынған-ды. Содан бері ауыл тұрғындарына қызмет етіп келеді. Бірақ жөндеу жұмыстарын көрген емес. Клуб үйі заманауи келбет алады.
Қыркеңсе және Өзгент ауылдық округіндегі №213, №224 мектеп те жаңарып, уақыт ағымына сәйкестендіріледі. Қыркеңседегі білім ордасы 1980 жылы пайдалануға берілсе, Өзгенттегі 1992 жылы есігін ашты. Содан бері азын-аулақ ағымдағы жұмыстар жүргізілді. Әкім екі мектепке де барып, құрылыс жұмыстарын көрді.
– Бұл нысандарда не үшін жөндеу жұмыстарын жүргізудеміз? Себебі әлеуметтік нысан пайдалануға берілгелі күрделі құрылыс жұмыс­тарын көрмеген. Ескірді. Бірақ қабырғасы мықты. Жақсылап жөндеп алсақ, халыққа сапалы қызмет ете береді, – деп мән-жайды түсіндірген аудан басшысы Сұлтан Ысқақұлы:
– №213 мектепте күрделі құрылысты жүргізетін «Пульс» ЖШС, №224 мектепке жауапты мердігер компания «Асар құрылыс» ЖШС өз саласында табысты еңбек етіп жүргенін жақсы білеміз. Жігіттер, жоба сметалық құжатта қаралған жұмыстардың толық және сапалы орындалуын талап етеміз. Біз жұмыстың барлық сатысында қадағалауды күшейтеміз. Жалпы мәдени орталықтар мен білім ордаларының жөндеу жұмысы біткеннен кейін заманауи келбет алуы тиіс, – деді.
Соңғы нысан Аққорған ауылдық округіндегі клуб үйі болды. Сұлтан Мақашов құрылыстың бүге-шігесіне дейін жақсы біледі. Негізгі мамандығы – құрылысшы. Клуб үйінің сыртқы жұмыстары көңілінен шықпады-ау... – Мынау не? – деп қолымен клубтың сыртқы қабырғасын нұсқаған әкім ойын ары қарай жалғастырып:
– Өз үйіңізді осылай жасайсыз ба? Біріншіден, түсі ашпайды. Екіншіден, қабырға дұрыс сыланбаған. Ойдым-ойдым. Осылай бола ма? Мұндай жұмыс қабылданбайды. Бюджет қаржысы түпкі нәтижеге жеткенде ғана төленеді, – деп ескертті.
«СМП-Қызылорда» ЖШС-нің учаске басшысы Жанаман Құлжанов айтылған кемшіліктерді қаперге алып, дер кезінде жоятынын жеткізді.
Түгіскендегі клуб үйі 1987 жылы пайдалануға берілді. Содан бері күрделі құрылыс жұмыстарын күтіп жүрген-ді. Соның орайы биыл келді. 33 жыл күткен жөндеу жұмыстары осыдан кейін қашан жүргізіледі десеңші?! Өзге құрылыс нысандары да аса маңызды. Өйткені жөнделуін ұзақ жылдар бойы күтті.
Сондықтан мердігер компания жоба сметалық құжатта қаралған жұмыстардың толық және сапалы орындалуына мән беру керек. Әкім мердігер компания өкілдерінің назарына осыны салды...

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ

28 шілде 2020 ж. 576 0