Сынып жетекшісінің жетістік сыры
Ұстаз – ұлы есім, ұлағатты ойдың, ұрпақтың ұлы мұраты жолындағы тынымсыз еңбек иесі. Әр баланың жүрегіне жол тауып, олардың көкейдегі көзін ашатын жандардың қоғамдағы орны мен әлеуметтік жағдайы бізді де ойландырады. Бүгінгінің ұстазы туралы түрлі пікір айтылғанымен өзін оқушы алдында ұстай білетін, білімі мен білігін қалайда баланың бойына сіңіріп, ертеңгі ұрпақ қамын өз баласынан кем ойламайтын мұғалімдер бар. Соның бірі – №169 Н.Илялетдинов мектеп мұғалімі Мақпал Сейітова. Ол жетекшілік еткен қай сынып болмасын мектептің алдыңғы сапынан көрініп, мектеп мерейін асырып жүретіні тағы бар.
Кейіпкеріміз жайлы №169 Н.Илялетдинов атындағы мектеп директоры Аллаберген Ахметов: – Сапалы білім мен саналы тәрбие беріп, шәкірттерді ұлтжандылыққа, жақсылыққа жетелеуде мектеп тәлімгері Мақпалдың орны ерекше. Күндіз-түні баланы бақылауда ұстап, қайтсем білімді, бәсекеге қабілетті ұрпақ шығарамын деп еңбектенуі мақтауға тұрарлық. Сынып болғаннан кейін үздіктердің де, үлгерімі нашар оқушылардың да болатыны – заңдылық. Мақпал оқушылардың сабағы біткен соң, үлгерімі нашар балаларды алып қалады. Оқу үлгерімі төмендеп кеткен балалармен кезек-кезек жұмыс істейді. Ұстазға ең керегі – балаларының қатардан қалмауы, – деді.
Саналы ғұмырын сапалы қызмет етуге арнаған сансыз маманның ішіндегі барша әлем бас иетіндей құдіреттісі болса, ол – ұстаз екені сөзсіз.
Біз 5-сынып жетекшісі Мақпалдың өзі бала кезден армандап түскен мәртебелі мамандыққа деген адалдығын байқадық. Әрбір оқушыға жанашырлықпен қарап, бойынан білімге деген ұшқынды байқаса бағыт беріп, содан нәтиже шығаруға тырысатыны ата-анаға үлкен қуаныш сыйлайды. «Мен өзімнің ұстазыма әкемнен кем қарыздар емеспін. Әкемнен өмір алсам, ал, Аристотельден өмірімді жақсы өткізу туралы білім алдым» деген екен Александр Македонский. Осы бір ұлағатты сөзден ұстазға деген махаббат пен құрметтің биіктігін аңғарамыз. Ұстаздың әрбір айтқан сөзі, іс-қимылы-өскелең ұрпақ қана емес, барша адам баласының айнасы секілді.
Себебі, ұстазы арқылы шәкіртіне баға беріледі. Бұл тұрғыда мектептен қанаттанып кеткен шәкірттерінің жетістіктері де көңіл қуантарлық. Былтырғы өзі жетекшілік еткен сыныбынан үздік оқушылар ауданның мерейін өсіргенін де мақтанышпен айтамыз.
Бір сөзбен айтқанда бала бойына ата-анадан кейінгі ақыл-ой, адамгершілік, ар-ұят, ұлттық сананы сіңіруші – ұстаздың өз ісіне берілген, жаңалықты жатсынбай қабылдайтын, өзгенің бақытын аялап, өз уақытын аямай жүретін жанның қоғамдағы орнын жеткізгіміз келді.
Әйгерім МЫРЗАХМЕТОВА