Ардагерлер екпе алуға жұмылды
Ауру айтып келмейді демекші, індет те жас талғамайды. Бізге былтырғы жағдай үлкен сабақ болғаны рас, қаншама тұрғын дертіне дауа іздеп әлек болды. Әсіресе, ел ағалары мен қарияларға қиын болғанын көзбен көрдік. Тіпті дертке медет таба алмағандар арамыздан алыстап кете барды. Вирус аяқ асты өршіп кететінін де көрдік, сондықтан ел екпе ектіруге асығуда. Вакцина салдыруға әсіресе ардагерлер көбірек жүгінуде. Өйткені, былтырғы ахуалдан шынында есеңгіреп қалдық. Осыны ескерген ата-апаларымыз «Ордакент» ардагерлер, жастар ресурстық орталығына асықты.
Аудандық емхананың жылжымалы бригадасы шақыртылып «Вакцина – денсаулыққа бақ сыйла!» ұранымен екпе егу жұмысы жүргізілді. Ұранға үн қосқандар қатарында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өмірсерік Тақырбасов және кеңес құрамы, ардагерлер кеңесінің құрметті төрағасы Зинабдин Шермағамбетов, ел ағасы Әлібек Сүгірбаев, Файзулла. Сахиев, Әбутәліп Сүйіндіков, Пахмадин Айнақожаев, Тасболат Төребаев, Үмбет Абибуллаев та болды. Жаңақорған кенті әйелдер кеңесінің төрайымы Сырғагүл Болғанбаева және кеңес мүшесі 75 жастағы қажы ана Қыздығой Саруарова арнайы дәрігердің қарауынан өтіп, коронавирустық инфекцияға қарсы «Hayat vax» вакцинасын қабылдады.
– Мен өзім қоғам белсендісі ретінде бүгінгі қоғамның қауіпсіздігі үшін, ертеңгі күніміздің бұрынғыдай қалыпты кезеңге ұласуы мақсатында, отбасымның және өз денсаулығымды ойлап екпе салдырдым. Шыны керек, жұрттың айтып жүрген қауесет сөзіне ермей ерікті түрде келдім. Бұл біз секілді ардагерлерге қажет дауа деуге болады. Міне жасым ұлғайса да жастарға үлгі болып, бірінші келіп отырмын. Сондықтан, негізсіз айтылған қауесет сөздерге мән бермеу керек деп санаймын. Вакцинадан басқа қауіпті індеттің алдын алу мүмкін болмай тұр. Осыны ойласақ, барша жерлестерімді мемлекеттің қолдауымен жүргізіліп жатқан вакцина салу шарасына қатысуға шақырамын, – деді С.Болғанбаева.
Екпе қабылдаған ардагерлер тиісті талапқа сай аймақтық дәрігерлердің бақылауында болады. Бұл жөнінде воб-терапевт дәрігер Ғалия Кадирова түсіндірді. Алдымен, ардагерлердің денсаулығына байланысты сұрақтар қойып, температурасын өлшеп, керекті кеңестер берді. Екпе салдырғандар қатарында Рабиға Сейтпенбетова мен Абдухайым Сарсенбаев та болды.
– Жалпы жылжымалы бригаданың келгені дұрыс болды. Әйтпесе емханаға барып кезекке тұру керектігін ойлап жүрген едік. Екпені өзім, өзімнің ертеңгі күнім үшін салдырдым. Әрине, екпе әркімнің өз еркінде, мен осы жолды таңдадым. Бұйырса барлығы жақсы болып, індеттен толық ел айығып кетер деген тілектемін, ол үшін вакцинаны дер кезінде қабылдаған жөн, – деді Абдухайым ағамыз.
Міне, ауданға сыйлы ел ағалары мен аналарымыз қашанда тура жолды нұсқап, кемшіліктерді түзеп, өзінен кейінгілерге үлгі-өнеге көрсетуден, көрген-білгені мен ақыл-кеңестерін, бата-тілектерін айтудан жалықпайтынын екендігін көрдік. Өнегеге толы өмір жолында осындай ауыртпалықпен күресте алдыңғы шепте жүрген ардагерлерімізді қашанда үлгі тұтатынымыз анық. Ауырмаңыздар..!
Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ