№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Қағазда ғана бар бағдарлама қызылордалық кәсіпкерлерді шығынға ұшыратуды

Қағазда ғана бар бағдарлама қызылордалық кәсіпкерлерді шығынға ұшыратуды


Қызылордалық кәсіпкер Кемалладин Өтеев мал шаруашылығымен айналысу үшін «Еркебұлан» шаруа қожалығын құрып, несие серіктестігінен 40 млн.теңге несие алады.
«Алынған несиеге 100 бас жылқы алдым. Мал басын көбейткім келген. Жоспарым бойынша 3 жылдан кейін пайдаға шығу мүмкіндігім бар еді. Негізі серіктестіктен несиені осы жылдың наурызында 16 пайызбен алдым. «Агробизнес» бағдарламасы арқылы алғандықтан 10 пайызы мемлекет есебінен субсидияланып, мен кәсіпкер ретінде тек 6 пайызбен ғана төлеуім керек еді. Алайда мемлекеттен ақша бөлінбегендіктен әлі күнге дейін «Qoldau.kz» қосымшасы арқылы өтініш бере алмай отырмын. Қосымша өтініш қабылдамай тұр. Қазір несиені толық 16 пайызбен төлеп жатырмын. Әрі қарай төлейтін ақшам жоқ. Мәселені шешудің жалғыз жолы - алған малымды сату. Олай жасамасам кепілге қойылған үйімнен айрылып қаламын», - дейді кәсіпкер Кемалладин Өтеев.
Кәсіпкер несиені «Сырдария-1» несие серіктестігінен алған. Аталмыш серіктестік соңғы бес айда 45 шаруа қожалығына 850 млн.теңге несие беріпті. Бүгінде осы 45 кәсіпкер субсидия ала алмай отыр.
«Несие серіктестіктер «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы мемлекеттік бағдарламаларды іске асырады. Бұл бағдарламалардың барлығы ауыл шаруашылығы саласына техника, мал және тағы да басқа заттар алуға бағытталған. Бағдарламаның шарты бойынша несие 14-16 пайыз аралығында беріледі. Ауыл шаруашылығы министрлігі бекіткен арнайы субсидиялау ережесі бар. Аталмыш ережеге сай сол 16 пайыздың 10 пайызы субсидиялауға жатады. Өкінішке орай, 2020 жылдың 8 желтоқсанынан бастап бүгінгі күнге дейін 5 ай болды бұл ереже жұмыс істемей тұр, яғни Үкімет 10 пайыздық субсидиялаудан бас тартып отыр. Оны бюджетте қаражаттың болмауынан деп түсіндіріп отыр бізге, - дейді «Сырдария-1» несие серіктестігінің төрағасы Алмат Абдуллаев.
Несие серіктестігінің басшысы кәсіпкерлер несие алғанда мемлекеттен қолдау болатынына сенгендігін, алайда субсидияның төленбеуі салдарынан бүгінде 40 млн.теңге жоспарланбаған шығынға ұшырап отырғандығын айтты. Алмат Абдуллаев сұхбатында бұл шаруа қожалықтарының әрі қарай дамуына кедергі келтіріп қана қоймай, Үкіметке деген сенімінің төмендеуіне алып келуде екендігін де жеткізді.
Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының бөлім бастығы Жасұлан Серіков бұл мәселеден Палата хабардар екендігін айтып отыр. Несие серіктестіктерінен өткен жылдың желтоқсан айынан бастап бүгінгі күнге дейін «Сыбаға», «Агробизнес» бағдарламалары аясында несие алған кәсіпкерлер қиын жағдайда қалып отыр дейді Палата маманы.
«Мемлекеттік қолдаудың бір түрі ауыл шаруашылығы мақсатында алынған несиелердің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау мүмкіндігі. Өкінішке орай, осындай мемлекеттік қолдау бар болғанымен толық жұмыс жасамай тұр. Яғни мемлекеттік қолдау қағазда бар, ал іс жүзінде орындалмауда. Мәселе жақын арада шешілмесе ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіпкерлер қаржылық қиындықтарға тап болады. Біздегі бар ақпарат бойынша бір ғана «Сырдария-1» несие серіктестігі соңғы бес айда 45 шаруа қожалығына несие берген. Ал облыста осындай 7 несие серіктестігі бар. Әрі қарай қанша шаруаның шығынға батып отырғандығын есептей беріңіздер», - дейді Жасұлан Серіков.
Палата маманы, бұрын кедергісіз жұмыс жасап тұрған мемлекеттік бағдарламадағы бұл олқылық уәкілетті орган – Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан қаржының дұрыс жоспарланбағандығынан орын алуы мүмкін екендігін жеткізді.
Кәсіпкерлер палатасы маманының айтуынша, қазіргі таңда 2021 жылға Қызылорда облысына 1,2 млрд.теңге бөлініпті. Ал негізгі қажеттілік 3 млрд.теңге.
«Егер жағдайға қазірден мән беріп, шешу жолдары қарастырылмаса қанша шаруа қожалығының жабылып, қаншасының несие тарихы бұзылатынын елестетудің өзі қорқынышты. Бұл біріншіден. Екіншіден, мемлекеттік бағдарламаларға деген сенімді азайтады», - дейді Жасұлан Серіков.
Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасы мәселені өткен жылдың желтоқсан айынан бастап көтеріп келеді. Палата тарапынан облыс әкімдігі мен «Атамекеннің» орталық аппаратына тиісті ұсыныстар берілді. Енді уәкілетті органдардың жауабы күтілуде.

Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі
30 сәуір 2021 ж. 385 0