№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Қызылорда: Кәсіпкерлер палатасы күрішті өңдеумен айналысатын кәсіпкерлерге салықтық жеңілдіктер беруді сұрайды

Қызылорда: Кәсіпкерлер палатасы күрішті өңдеумен айналысатын кәсіпкерлерге салықтық жеңілдіктер беруді сұрайды


Бұл туралы Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының бөлім бастығы Жасұлан Серіков айтты.
«Өңірде су жетіспеушілігі себебінен жылдан жылға күріш алқаптарының көлемі азаюда. Соған сай қысқарған алқаптарға біздің облыста дәстүрлі емес дақылдарды егу науқаны басталып жатыр. Бұл жағдай күріш өндіру көлемінің, ақша айналымының азаюына, жұмысшылардың қысқаруына алып келуі мүмкін. Бұлай айтуыма да бірқатар себептер бар», - дейді Палата маманы.
Жасұлан Серіковтің айтуынша, кәсіпкерлер корпоративтік табыс салығын өткен жылы тапсырған көлеммен алдын ала төлейді екен. Ал күріш шаруашылығы өнімнің бітік шығуына тәуелді, сондықтан кәсіпкерлер жиналмаған өнімнің корпоративтік табыс салығын алдын ала төлей алмайды. Бұл жағдай бүгінде кәсіпкерлер үшін айтарлықтай проблемаға айналып отыр.
Екінші мәселе мынада. Өздерінің күріш егетін жерлері бар шаруашылықтар корпоративтік табыс салығын 10 пайыз, әрі қарайғы өзге де жеңілдіктерімен 3 пайыз төлейді екен де, ал өз жерлері жоқ, өңделмеген күрішті серіктестерінен сатып алып, өңдейтін кәсіпкерлердің бюджетке беретін корпоративтік табыс салығы 20 пайызды құрайды. Айырмашылықты өздеріңіз де бағамдай беріңіз. Өңдеу саласындағы кәсіпкерлер 6-7 есе артық төлеп отыр.
«Біз мына жайтқа мән беруіміз керек, барлық кәсіпкерлер агроөнеркәсіп секторының өркендеуіне ат салысып жүр және халықты маңызды өніммен қамтып отыр. Оның үстіне күріш халық тұтынатын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің қатарында. Осы орайда корпоративтік табыс салығында күрішті өндірушілер секілді өңдеушілерге жеңілдік жасалуы қажет. Қызылорда облысында күріш өнімін өңдеумен айналысатын ірі кәсіпорындар - «Най-Мир», «Ақорда Капитал», «Жан-Арай», «Абай-Дәулет», «Аза-Мир» ЖШС-тері қазір 20 пайыздық салық төлеп отыр. Салықтық жеңілдік жасалып, корпоративтік табыс салығы 20 пайыздан 10 пайызға төмендетілсе өңірдегі күріш шаруашылығының сәтті әртараптандыруына септігі тиер еді», - дейді Кәсіпкерлер палатасының бөлім бастығы.
Осы жылдың қаңтар айында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылорда облысына нақты қолдау көрсетілсін деп Үкіметке тапсырған болатын. Кәсіпкерлер палатасы жоғарыда айтылған ұсыныс қабылданса, нақты қолдаудың көрінісі болар еді деген пікірде.
Қазіргі уақытта Кәсіпкерлер палатасы аталмыш ұсынысты Орталық аппарат пен Министрлікке жолдауда. Нәтижесін қосымша хабарлайтын боламыз.

Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі
30 наурыз 2021 ж. 308 0