№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Мемлекеттік басқаруда жаңа реформалар жүзеге асуда

Мемлекеттік басқаруда жаңа реформалар жүзеге асуда

Қазақстан мемлекеттік қызметті реформалауда айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді деп сенімді түрде айта аламыз.
Заң жүйесі жасалды, мемлекеттік қызметкерлердің құқығы, міндеттері және мәртебесі айқындалды, мемлекеттік органдардың уәкілеттілігі белгіленді.

Ендігі кезекте қоғамымыздың дамуы халықтың өмір сүру жағдайын тиімді және сапалы ету мақсатында мемлекет пен азаматтардың арасындағы қарым-қатынастарды өзгерту мүмкіндіктерін қарастыруды талап етіп отыр.
Осы орайда, Еліміздің Тұңғыш Президенті бекіткен бес институттық реформасын жүзеге асыруға бағытталған «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының алғашқы 15 қадамын іске асыру аясында 2015 жылы 23 қарашада қабылданған «ҚР Мемлекеттік қызметі туралы» Заңы еліміздегі мемлекеттік қызметтің жаңа моделін қалыптастырып, осы саладағы реформаның жаңа кезеңіне аяқ басуына ықпал етті. Халықаралық сарапшылардың пікірінше Заңның қабылдануы мемлекеттік қызметті жетілдірудің заманауи үрдістері мен озық халықаралық тәжірибелеріне сай келеді деп пайымдаған.
Енді өткен тарихымызға көз жүгіртіп, Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет жүйесін реформалау жүйесіне тоқталып өтейік.
Кеңестік замандағы мемлекеттік аппарат жүйесі өзінің көрінеу идеологиялық тәуелділігімен  біздің жаңа егеменді мемлекетіміздің мақсаты мен бағытына сәйкес келмеді. Сондықтан тәуелсіздік алғаннан бері Қазақстан Республикасы қазіргі жағдайға сәйкес келетін мемлекеттік қызмет жүргізу үлгісін іздестіру жолына шықты. Мемлекеттік қызметті жетілдіруге бағытталған шараның ең алғашқысының бірі - 1995 жылы қабылданған Қазақстан Республикасы Президентінің «Мемлекеттік қызмет туралы» Заң күші бар Жарлығы.  Жарлық алғаш рет мемлекеттік қызметті жаңа қоғамдық, әлеуметтік-экономикалық қатынастарға бейімдей жүйелеуге мүмкіндік туғызды.
Жарлықты қабылдау нәтижесінде мемлекеттік қызметшілердің статусы белгіленді, жалақы төлеу жүйесі қабылданды, мемлекеттік қызметшілер сыныптарға, шендерге бөлінді, мемлекеттік қызметшілерді әлеуметтік қорғау шаралары қабылданды. Яғни мемлекеттік қызметшілер жалпы еңбек қатынастарынан бөлініп шығып, бөлек заңдылыққа бағына бастады.
Алайда, Жарлықта мемлекеттік қызметке орналасу үшін міндетті түрде конкурс өткізу мәселелері, біліктілік талаптары белгіленбеді. Соның нәтижесінде мемлекеттік қызметке білім деңгейі төмен азаматтар көптеп орналасты, тамыр-таныстық, жерлестік негізінде жұмысқа қабылдау көбейіп кетті.
Заңдылықты өзгертумен қатар, Республикада мемлекетті басқару жүйесі бірқатар күрделі өзгерістерге ұшырады. Мысалы 1994 жылдың ортасында республикалық мемлекеттік басқару органдарының құрылымына Министрлер Кабинетінде 43 министрлік пен комитет және т.б. ведомствалар кірген болатын. Ал 1997 жылы министрліктердің саны 24-ке дейін қысқарып, Қазақстанның мемлекеттік басқару жүйесі түбегейлі өзгерістерге ұшырады.
Қазіргі таңда елімізде 17 министрлік пен 5 агенттік жұмыс істейді.
Мемлекеттік қызметті дамытудағы келесі кезеңі деп 1997 жылы қабылданып, мемлекеттік дамудың ұзақ мерзімді басымдығы ретінде кәсіби үкімет құруды айқындап берген, «Қазақстан – 2030» стратегиясы атап өтуге болады.
Стратегияны іске асыру барысында 1998 жылы Тұңғыш Президент Жарлығымен тікелей Президентке бағынатын және есеп беретін мемлекеттік орган – Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттік және Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік қызмет академиясы құрылды.
Осы бағытта 1999 жылдың 23 шілдесінде қабылданып, 2000 жылдың 1 қаңтарынан күшіне енген «Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа Заңы мемлекеттік қызмет саласының келесі үлкен кезеңі болды. Заң және 20-дан астам заңға тәуелді актілер мемлекеттік қызметке қатысты негізгі мәселелердің тәртібін реттеді. Яғни Қазақстан Республикасында жаңа мемлекеттік қызмет жүйесі құрылды.
Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметі жаңа моделінің Тұжырымдамасы Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 21 шілдедегі №119 Жарлығымен бекітілді.
Осы Тұжырымдама мемлекеттік қызметтің жаңа моделін қалыптастырудың негізгі бағыттары қамтылып, мемлекеттік қызметшілердің басқарушылық деңгейіе «А» және «Б» корпусы мемлекеттік әкімшілік қызметшілерінің санаттары айқындалды.
Бірақ уақыт бір орында тұрмайды.
Елімізде мемлекеттік қызметті реформалау халықаралық дәрежеде зерттеліп, Тұңғыш Президентіміздің «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының басты бөлігі кәсіби аппарат құру бағытына сәйкес, қолданыстағы 2015 жылдың 23 қарашасында «ҚР Мемлекеттік қызметі туралы» Заңы қабылданды.
Осы заңның аясында мемлекеттік қызметшілердің кәсібилігін арттыратын бірнеше заңнамаға тәуелді актілер жүзеге асырылды.
Дүниежүзінде қазіргі таңда мемлекеттік қызметтің қалыптасқан екі негізгі жүйесі бар – «позициялық» (конкурстық) және «мансаптық». Әр жүйенің өзіне тән плюс және минустары бар. Мысалы: позициялық  жүйеде кез келген лауазымға конкурс жарияланады, яғни мемлекеттік қызметке жоғары білімді, жас менеджерлерді тартуға жағдай жасалынған, алайда бұл жүйеде көбінесе азаматтардың жеке қабілетіне көңіл бөлінеді де, ал іс тәжірибесіне, осы мамандық бойынша біліктілігі ескерілмей қалуы қаупі бар. Ал керісінше мансаптық жүйеде жас мамандар мемлекеттік қызмет жүйесінің ең төменгі лауазымдарына қабылданады да, келесі сатыларға бірте-бірте көтеріледі, сондықтан да жоғары лауазымдарға іс тәжірибесі мол, біліктілігін көтерген азаматтар келеді, алайда орта немесе жоғары деңгейдегі лауазымдарға жас мамандардың келуі қиындатылған.
Қазіргі таңда Қазақстанның мемлекеттік қызмет жүйесі осы аталған екі жүйенің де негізгі жақсы жақтарынан өзіне алып, конкурстық-мансаптық моделді құрайды, яғни азаматтар мемлекеттік қызметке ашық конкурс негізінде қабылданады, ішкі қызмет жүйесінде, яғни мемлекеттік органның ішінде, әкімшілік мемлекеттік қызметкерлер басқа лауазымдарға біліктілік талаптарына сәйкес келген жағдайда, ішкі конкурс тәртібімен жоғары тұрған лауазымғаорналаса алады.
Қазіргі таңда жинақтаған тәжірибелеріміз бен болашақта мемлекеттік қызметті жетілдіру бағытында жұмыстар жасалуда.
Атап айтсақ:
1. Азаматтық қызметте жүрген білімді, білікті кадрларды, университет қабырғасында жүрген зерек, алғыр студенттердің базасын жасақтау қажет. Бұл бағытта өткен жылы бірқатар жұмыстар жасалды. Онда, мемлекеттік әкімшілік қызметшілерге кіруге тесттен өту уақытын 15 күнге дейін қысқарту, конкурсқа қажетті құжаттар санын азайту, конкурсқа онлайн режимде қатысу сынды жұмыстар жүргізілді.
Сонымен бірге, резервшілердің келесі тобын, яғни орындаушылық санатына да Президенттік кадр резервіне жинақталғандай білікті кадрлармен толықтыруымыз қажет.
Университет қабырғасындағы студенттерге арнап, мемлекеттік қызмет мектебі ашылды. Осы ретте, университет бітіруші студенттерді өте мықты дайындықтан өткізіп, жұмыс беруші мемлекеттік органдардың қызығушылығын тудыратындай жағдай жасауымыз керек және олар конкурстарға қатысқан кезде комиссияның әділ шешім қабылдауына қатаң бақылау орнату қажет деп ойлаймын.
2. Өңірлердегі меритократия қағидатының сақталуы басты мәселе. Аймақтарда белгілі бір басшылардың ауысуы барысында "командалық ауысу" қатар жүреді.Бұл ретте, жаңа басшылар тағайындалған жағдайда кадрлардың ауысушылығына мониторинг қатаң түрде жүргізілуі керек. Сонымен бірге, біз мемлекеттік қызметшілерді аттестаттау және олардың жұмыс сапасын бағалау, сондай-ақ мансаптық жоспарлау құралдары мен әдістерін жетілдіру шараларын қарастыруымыз қажет.
3. Өткен жылы орын алып, әлі күнге дейін жалғасып келе жатқан әлемдік "пандемия" цифрландыру дәуіріне өтіп кеткеніміздің дәлелін көрсетті. Дегенмен, ескінің сарқыншағындай әрбір қол қою құжатын қағазға шығарып, алтындай уақыттарын өздері алып отырған мекемелер жетерлік. Бұл ретте, Е-қызмет персоналды басқарудың ықпалдастырылған жүйесінің құлашын кеңінен жайып, жұмыс жасауына мүмкіндік тудыруымыз қажет деп санаймын.
4. Мемлекеттік қызметшілердің, әсіресе тұрғындармен және бизнеспен тікелей байланыста қызмет атқаратындардың жұмысын регламенттеу арқылы мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру. Мемлекеттік қызмет көрсетудің айқын стандарттары мен регламенттерін белгілеу, олардың сақталуы үшін жауапкершілікті бекіту, сондай-ақ қызмет көрсету сапасын бағалау жүйесі мен сыртқы бақылауды, оның ішінде мемлекеттік қызметтерді алушылармен кері байланыс орнатудың маңызы зор екендігін атап өткім келеді. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаевтың 2020 жылдың 1 қыркүйегінде Қазақстан халқына Жолдауында "Халық үніне құлақ асатын мемлекет"-бұл, шын мәнісінде "Әділетті мемлекет" құру тұжырымдамасы - деген болатын.
Осы ретте, қазіргі мемлекеттік қызметте қоғам мен кері байланыс орнатудың маңыздылығы ерекше. Бізде мемлекет қоғам үшін қызмет етпейді, керісінше қоғам мемлекет үшін қызмет етуі керек деген идеология басым. Бұл-дамуды тежейтін, қауіпті идеология. Мемлекет бірінші кезекте салық төлеушілердің есебінен жұмыс жасайтын аппарат. Сондықтан әрбір мемлекеттік қызметші мемлекеттегі қоғам үшін жұмыс жасап жатқандығын түсіндіруіміз қажет деп санаймын.

Жасұлан ШЫНТАСОВ
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басқарма басшысы
23 ақпан 2021 ж. 294 0