Жамбыл – мінезге бай жігіт
Елдің арасында ақжарқын, кең пейілді жандарды кезіктіре қалсақ дархан далаға ұқсататынымыз бір-бірімізге деген жылы пейілімізден бе дейсің… Осындай кісілермен ұшырасқанда тап таза, ақкөңіл жарқын бейнесі көз алдыңда ұзақ сақталады. Ара-тұра көріп қалсаң әдептілігі бір бөлек, ағалық пейілін жаныңа жақын тартатының бар.
Жамбыл Жошиев Бірлік ауылындағы №55 С.Қожанов атындағы мектептің мұғалімі. Балалық дәурені қойшылықты кәсіп еткен ата-анасының қасында өтті. Таң атар атпастан өріске шыққан малдың соңында жүріп, мөп мөлдір бұлақтың сыбдырын, көк аспанның, тұп-тұнық көрінісін, тау-тастың ерекшелігін жанына жақын тартып өскен баланың арманы болашақта мұғалім болу еді. Оқушы үшін ұстаздан құрметті кім бар?
Қаршадайынан інілеріне қамқор аға болып өскен бауырлар бірін кеш батқанша сағынып қалушы еді. Әсіресе әкесімен бірге малдың соңында шаршап келген ағасына құманын ала жүгіретін бауырларының інілік ілтипаты әлі күнге сезіліп тұрады. Анасы болса құрақ ұшып, тамағын әзірлеп, шаршап келген баласының әкеге қолғабыс етуге жарап қалғанына марқайып қалушы еді. Жамбыл мектеп бітірген жылы оқуға түсуге мүмкіндік болмады. Тағы екі-үш жыл әке тірлігіне қолғабыс қылды.
Сонда түйгені ауылдың тірлігі қайнаған қазанында ырыс-береке бар. Десе де алға ұмтылу керек. Сол ниетпен 1983 жылы дайындық курсын қабылданып, бір жыл дайындалып, келер жылы ҚАЗҰУ-не қабылданады.
– Өмір әрине біз ойлағандай бола бермейді. Ауылдан жырақ кеткеніммен бар ойым ауылмен астасып жататын. Әскерде жүргенде анам өмірден өтті. Сол кезде салым суға кетіп, ана алдындағы борышымды өтей алдым ба деген сансыз сауал мені ұзақ ойландырды. Өмірі бейнетпен өткен анамның ұл-қызының қызығын көрер шақта мезгілсіз келген ажалы жаныма батты. Солай оқуымды сырттай бөлімге ауыстырып, қайта ауыл өміріне етене араласып кеттім, – деді Жамбыл Оразбайұлы.
Абайдың «Ақырын жүріп, анық бас, еңбегің кетпес далаға, Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деген нақылын өмірлік ұстаным еткен Жамбыл Оразбайұлы жайлы ауылдастары «Мінезге бай, қабағын шытқанын бір көрген емеспіз» деген жылы пікірін жеткізді.
Білім ордасында география пәнінен сабақ бере жүріп шахмат үйірмесін қоса алып жүргізіп, шәкірттер тәрбиелеп аудан, облыс көлеміндегі жарыстарға шығып жүрген ол шаңырағында жары Ақмарал Оралбекова екеуі 1 ұл, 3 қыз өсіріп жетілдірген.
Табиғатынан таза, болмысы бөлек ақжарқын азаматтың кейінгі ұрпаққа берер мол мұрасы білімі мен бай мінезі. Бүгінде қисыны келмейтін көп есептерді әлеуметтік желіде шығарып, көптің алғысына бөленіп жүрген ұстаздың мақсат мұраты да өнегелі ұрпаққа бағдар беру, болашағына жарқын нұр сыйлау.
Тәңірдің бергенін қанағат қылып, саналы өмірін ұстаздыққа арнаған аптал азаматтың бұл тек бір қыры ғана.
Әйгерім МЫРЗАХМЕТОВА