№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ЖАС ШАХМАТШЫЛАР ТАЛДЫСУДА БАС ҚОСТЫ

ЖАС ШАХМАТШЫЛАР ТАЛДЫСУДА БАС ҚОСТЫ


Мектеп оқушылар арасында шахматтан облыстық турнирдің жалауы Жаңақорғанда желбіреді. Бесарықтағы «Талдысу» тынығу лагерінде 62 шахматшы бас қосып, жүлделерді сарапқа салды. Ережеге сай 10 және 14 жасқа дейін жасөспірімдер шахмат тақтасында тартысып көреді. Жылына екі рет бас қосатын жас спортшылар көктемде Қамбашта кім мықтыны анықтаған болатын. Енді міне киелі қарт Қаратау бөктеріне табан тіреді.
«Қызылорда облыстық білім басқармасының олимпиадалар және қосымша білім беру орталығы», облыстық шахмат федерациясы мен білім басқармасының бірігіп өткізгелі отырған «Салауатты өмір салты – салауатты жас ұрпақ» тақырыбындағы турнирдің ашылу салтанатына қатысқан аудан әкімі Ғалым Әміреев болашақ чемпиондарға жылы лебізін білдірді.
– Елбасының «Рухани жаңғыру» мақаласын жүзеге асыру аясында жасөспірімдерді спортқа баулу, салауатты өмір салтын ұстауға үндеу мақсатында түрлі облыстық деңгейдегі шаралар өтуде. Соның бір парасы бүгінгі шахматтан өткелі отырған облыстық жарыс. Жалпы, Жаңақорған ауданы спортқа қатты ден қойып, облыста қашанда бәсі биік екенін көрсетіп келеді. Соған жыл сайын ғимараттар салуға ниеттіміз, биылдың өзінде кентте екі спорттық алаң салынады. Мұның барлығы өскелең ұрпақтың келешегі үшін жасалынып жатқан мүмкіндіктер. Себебі, ел болашағы жастардың жолында, – деген аудан басшысының ізгі ниетін облыстық білім басқармасы басшысының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ақзира Бақтыбайқызы жалғады. Қатысушы таланттыларға ақ жол тілеп, мұндай жарыс жыл сайын дәстүрлі жолын табатынына сендірді.
Ашылу салтанатынан кейін Бесарықтық өрендер ән мен биден шашу шашып, өнерлерін ортаға салды. Ал, қонақтар алғашқы ойындарды тамашалап көрді. Биыл Павлодар облысында республикалық додада екінші, ал Қостанайда өткен ел чемпионатында үздік шыққан Нұрдәулет Таңатов облыстық жарыста озық шығуға ат басын бұрыпты.
– Қамбашта өткен сында ең үздік ойын өрнегін көрсетіп, чемпион атанған болатынмын. Енді міне, киелі Жаңақорған топырағына келіп, өзімнің мықты екенімді дәлелдеуге келдім. Бес жыл бойы дайындығым жемісін беріп келеді. Арманым бұдан да биіктерден көріну, – дейді шиелілік шахматшы. Нұрдәулет секілді аймақтан атын оздырып, республикалық, халықаралық додаларда ел намысын қорғауға ниеттене келген 60-тан аса тәлімгер он күн бойы күш сынасып көреді. Ереже солай.
– Жарыста бір ғана мақсат – балаларды ой гимнастикасы, ақыл-ой спортына тарта отырып, облыс құрамасын жасақтау. Мұнда балалар тек жарысып қана қоймай, табиғат аясында рухани демалып қайтады. Шыны керек, лагерьдің сұлулығы мен саф ауасы керемет әсер қалдыруда. Мүмкіндік болса, келер жылы да осында бас қосуға ниеттіміз, – деді жарыс төрешісі Нұрсұлтан Есенәлиев. Иә, Үмбетәлі Абибуллаев басқаратын «Талдысу» тынығу лагерінің бүгінгі бет-бейнесіне тамсанбайтын жан жоқ шығар, сірә. Тау етегінің самал желі мен бұлақтың сыңғыр суымен сайысқа түскелі отырған балғын шахматшылардың көңіл-күйі де өте көтеріңкі. Шаршы топқа түсетін әрбір аудан және облыс орталығынан келген шәкірттердің жеңімпаздарын алдағы уақытта анықтайтын боламыз.

Әлібек ТЕМІРБЕК.
15 қыркүйек 2018 ж. 1 130 0