№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Егемендік рухы

Қазақтың қасиетті жері – біздің асқақ рухымыз, баға жетпес бай­лығымыз, мәңгілік мұрамыз. Ғасырға тең ғаламат жылдарда Қазақстан сан қилы тарихи кезеңдерді бастан кешті. Кеңестік кендір бұғаулы саясаттың қамытын қиып, қамалын қақыратып, өз алдына керегесі берік, шаңырағы биік егеменді мемлекет құрды. Жаңа заман біздің өрісімізді кеңейтіп, жасымызды ұзартты. Тілімізге теңдік, ойымызға кеңдік берді. 1992 жылы Біріккен ұлттар мерейлі мінберінде жаңа мемлекет ретінде әлемге қарата сөз арнады. Қазақ даласы ұлы Түркі дүниесінің қара шаңырағына айналды. Алтай мен Атырау, Жайық пен Іленің, Алатау мен Сарыарқаның арасын Жібек жолы жалғаған кешегі күнді қайта жаңғырта бастадық. Осы жолда Тұңғыш Президентіміз – Елбасымыз мойнына алған міндетін былай сипаттайды:
«Тыңдай білу заманыңның тынысын,
Төрге оздыру қазағымды ұлы сын.
Мойындатсаң мұратыңды жаҺанға, сонда ғана пенде емес ұлысың. Сонда ғана ұлықтайды ұлысың».

ОТАНДЫ СҮЮ – БАРШАҒА МІНДЕТ

Біз бала кезімізден Отанды шын сүю де­геннің не екенін сезініп өстік. Мұны Кеңестік идеологияның мықтылығы деуге болады. Ақын да, жазушы да, сазгер де, барлығы отанның құдыретін жырға қосты. «Оңай сөз ғой отанды сүйем деген, мен отанды анамдай иемденем» деп Мұқағали Мақатаев қалай дәл айтқан. Отанын сүйген жанның қылдай қиянатқа қолы бармайды. Отанның әр талын қызғыштай қорып, бөтен сұқ көзге кіріптар етпейді. Отанына өз ұясын қорғаған қарлығаштан бетер қорған болып, сол жолда жанын да құрбан етуге даяр. Атамекен деген сөзде кие бар. Сондықтан да жастарымыз білімі мен қайрат-жігерін өз елінің мүддесіне жұмсауы тиіс. Отанда сүю – баршамыздың міндетіміз.
Тәуелсіздік тізгіні қолға тигеннен ең бірінші сүйінші жаңалық – шетте жүрген қамкөңіл қандастарымыз туған жерге көш басын түзеді. 1992 жылдың 27 тамызында шетелдерде тұрып жатқан қандас бауырларымызды Отанға оралту туралы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы шықты. 1992 жылы Дүние жүзі қазақтарының алғашқы құрылтайы өтті. Елімізде дүниежүзі қазақтарының бес құрыл­тайы өтті. Олардың кейінгілері жаңа Елорда төрінде – Астанада өтті. Әлемде өз қандастарын атажұртқа жинап, мемлекеттік тұрғыда көмек – қолдау жасап жатқан дүние жүзіндегі үш елдің бірі – Қазақстан.
1993 жылдың қысында көші-қон саясатымен біздің Жаңақорған жеріне Ауғанстаннан, Түр­киядан келген 20-30 оралман отбасыларын қоныстандыру мәселесі әлі көз алдымызда. Елбасының шетелге арнайы сапарынан кейін екі ел арасында келіссөз нәтижесінде Түркиядан туған жерге көш басын бұрған қандастарымыз сол кездері оңтайландыру саясатымен жабылып қалған кент орталығындағы балабақша үйлеріне орналастырылды.
Қай жер, қай кезеңде болмасын адамның күнкөрісін тіктейтін, қатарға қосатын жеке кәсіп пен сауда-саттық қой. Алыстан келген ағайындарымыз келген күннен бастап осы кәсіпке дендеп бел буып, нарықтық саясатқа енді ғана төселе бастаған ел тіршілігіне екпін берді. Өздерінің келген жағында қалып қойған ағайынмен қарым-қатынасын тоқтатпай, бұл жақта түкке жарамсыз жататын тері-терсек, жүн-жұрқа, металл бұйымдары теңделген көлік­тер көші жиіледі. Бұл аудан өміріне, ел өміріне тың серпін әкелді. Жетпіс жыл кеңестік тәртіптің ережесінде еркіндіктен қол үзіп, өз тілінен, өз дәстүрінен жаңыла бастаған жұртшылық осы бауырларымыздың өмірлік дағдысына қарап отырып, бабаларымыз қасиет тұтқан құндылықтардың қадірін зерделей бастады. Ораза-намазын түгендеп, иманға қауышты.
Ой мен бой бірдей тазарғанда кісінің бағы ашылып, жолы оңғарыла түсеріне осы ағайындардың өздеріне тым-тым сенімділігі, мақсаткерлігі, бір күндігін емес, келешегін кесіп-піше білер зеректіктері өнеге болып елде кәсіптің жаңа түрлері өріс ала бастады. Оралман ағайынның көбі жағдайын түзеп алған соң ауасы жайлы, жері шұрайлы оңтүстік өңір­лерге қоныс аударды.
Ұлы ұстаз Әл-Фарабидің «Адам мақсатына өзін-өзі жетілдіру арқылы жетеді» деген сөзі бар. Қоғам да сондай, өзін-өзі дамытып, жетілдіріп отыратын жанды құбылыс.
Біз елге ел, басқа бас қосып, Қазақс­тан халқының саны мен са­па­сын арттыру арқылы ұлттың демо­графиялық саясаттың ең маңыз­ды бағдарламасын жүзеге асырып келе­міз. Осынау жылдарда елімізге миллионға жуық бауырымыз оралды. Көш әлі тоқтаған жоқ.
Қазіргі кезде өзге елде өмір сүріп жатқан қазақтардың жалпы саны ұлтымыздың үштен бірін, яғни бес миллион адамды құрайды. Олар әлемнің қырықтан астам елінде өмір сүріп жатыр. Олар шет жерде ғұмыр кешсе де қазақтың мәртебесіне тілеулес, мерейіне ортақ, жеңісіне қуанады. Өйткені әлемдегі бар қазақ – бір қазақ.

ҚАЗАҚТЫҢ КӨГІНЕ КҮН БОЛҒАН

Өткен ғасырдың басында «оқыған» деген жаңа термин дүниеге келді. Қазақтың оқығандары қатарында «Қараң­ғы қазақ көгіне, өрмелеп шығып күн болам, қараңғылықтың кегіне күн болмағанда кім болам?» деп алдына айқын мақсат қойып, жалын ғұмырында жанып өткен Сұлтанмахмұт Торайғыров сынды ұлты үшін жанын да құрбан еткен Алаш азаматтарының арманы бүгінгі көкірегі ашық жастар үшін әлі де серт сынды.
Өткен ғасырдың жиырмасыншы жыл­дары ғұмыр кешкен ұрпақ сол кездегі қиындықты жеңе отырып, қолы жеткенінше қарманып, аяғы жеткен жерден білім алды. Бірі Қазанға, бірі Петерборға, Уфа, Омбы, Орынборға ұмтылып, сахараны жай­лаған сауатсыздықтың сұлбасына қайсар жігерін қарсы қойды. Аңсарлы тілектің тізгінінен айрылмады. Жаңа дәуір білімді ұрпақты қажет ететінін жақсы түсінді. Алаш көсемдері өздері игерген мамандық төңірегінде ғана қалып қоймай, қазақты алға апару­дың сан түрлі жолын таңдап, оны іске асыруда азаматтық алғырлық қайраткерлік қуат таныта алды.
Міне, осы дәстүр діңгегінен ажы­­рамай, қайрат-жігері қанында қай­наған қазақ жастарының ел тәуелсіздігін алу жолындағы жалын­ды күрескерлігі кешегі компартияның жы­мысқы саясатын әшкерелеп, әлем алдында жария еткенін бүкіл ел біледі. Рас, аяғын апыл-тапыл басқан жас баладай Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында халықтың тұрмыс-тірші­лігінде көп қиындықтар болды. Бірақ соған қарамастан білімге ұмтылған жастарға камқорлық еселене түсті.
1993 жылдың күзінде арнайы Жарлыққа қол қойылып, «Болашақ» бағдарламасының тұсауы кесілді. Жастарды шетелдің арнаулы оқу орын­дарында оқыту мәселесін шешетін халықаралық бағдарлама дүниеге келді. Ол түлектер сенімді ақтады. Абай айтқан «Интернатта оқып жүр, талай қазақ баласы» дегенді қазір «шетелдерде оқып жүр талай қазақ баласы» деп кеуде керіп, кең көсілетін болдық.
1993 жылы Қазақстанның мәде­ниетіне, әдебиеті мен өнеріне еңбек сіңіріп, Отан руханиятының дамуына қолтаңба қалдырған қайраткерлерді қолдау мақсатында Президенттік стипендия тағайындалды. Сонымен қатар жыл сайын жас таланттарға берілетін атаулы сыйлықтар бар. Ол өз өңірімізде «Сыр үміті» деп аталады.
Келешектің күн тәртібі күрделене бермек. Оны тәлім-тәрбиесі ата-баба өсиеттеріне сай қалыптасқан, ден­саулығы мықты, намыс-жігері мен қажыр-қайраты кемелденген, білім­ділігі заман талартарына сай жан-жақты жетілген ұл-қыздарымыз ғана еңсере алмақ. Сондай ұрпақ қана ұлтымыздың ұпайын түгендеп, хал­қымыздың еңселі ертеңін нұр­ландыратын болады. Осындай са­па­лы да, саналы ұрпаққа Егемен еліміздің тағдырын сеніп тапсыруға болады.
Біз осы елде туып, осы елде еңбек етіп, осы елде ұрпақ өсіріп, осы елде өмір сүріп, өркендеп жатқанымызды мақтан етеміз.
Біздің еліміз – Ұлы Дала елі, Мәңгілік ел. Біздің осы қасиетті атауды санамызда берік ұстап, бірлігін бекемдеу – ортақ борышымыз. Бұл – Ұлы Дала ұрпағының ұлағатты парызы.

Баян ҮСЕЙІНОВА
01 желтоқсан 2020 ж. 517 0