Бас партия атқарылған істерін саралады
«Nur Оtan» партиясы Жаңақорған аудандық филиалының кезектен тыс ХХV конференциясында партияның атқарған жұмыстары сараланып, жетістіктері айтылды. Ел сеніміне ие болған қоғамдық бірлестіктің жиынында халықтың тұрмысын жақсартуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың орындалу деңгейі, елді-мекендерде инфрақұрылымдық жобалардың іске асуы және т.б. талқыланды.
Оған Жаңақорған ауданының әкімі, партияның саяси кеңес мүшелері және сала басшылары, ауылдық округ әкімдері, БАҚ өкілдері қатысты.
«Nur Otan» партиясының мүшелері барлық бағыттар бойынша белсенді жұмыс істеуі керек. Аудандық филиал төрағасы Руслан Рүстемов осыны айтты.
– «Nur Otan» партиясы ашықтық пен жариялықты қолдай отырып, әрбір қазақстандықтың Отан алдындағы жауапкершілігін сезіне отырып, өзінің жеке қабілет-қарымын жүзеге асыруға жан-жақты қолдау білдіреді. Оған елімізде демократиялық принциптерге негізделе отырып тұңғыш рет өткізілген праймериз дәлел бола алады. Біздің басты жетістігіміз – ел Тәуелсіздігі, біздің идеямыз – Қазақстанды өркендету, – деді бас партияның аудандық филиал төрағасы.
Келесі сөз кезегін алған партияның аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мәжит Балқожаев әлеуметтік бағдармаларды сапалы атқарып, елдің әлеуетін көтеру бағытындағы ойларын ортаға салды.
Праймеризшілердің үздіктері пікір сайысқа түсті. Екі топқа бөлінген праймеризшілер кезек күттірмейтін әлеуметтік мәселелердің шешілу жолдарын айтып, сұрақ-жауап алмасты. Олар әлеуметтік бағдармаларды сапалы атқарып, елдің әлеуетін көтеру бағытындағы ойларын ортаға салды. Пікір сайыс ауаны білім сапасын жақсарту, салауатты өмір салтын ұстану, көп балалы отбасына әлеуметтік қолдау жасау, кәсіпкерлерді ынталандыру, дарынды жастарды қолдау, инновация мен технологияны жетілдіру, цифрлық сауаттылықты қалыптастыру, халықты ауызсу және газбен қамту секілді басты мәселелер туралы өз пікір-ұсынысын айтты.
Ауданның атқамінер азаматтары бас қосқан алқалы жиында облыстық мәслихатқа депутатты сайлау дауыс беру арқылы анықталды. Дауыс қорытындысы бойынша Жангелді Ысқақов жеңімпаз болып, облыстық мәслихат депутаты атанды.
Шара барысында аудандық мәдениет майталмандары мен өнерпаздарының орындауында жергілікті сазгерлердің шығармасынан жиырмадан астам Жаңақорған туралы әндер шырқалды. Отанға деген ыстық махаббатқа құрылған патриоттық әндер жүрекке жетіп, шаттық сезімін сыйлады.
Мақпал ПӘТЕНОВА