ПАРТИЯНЫҢ БЕЛСЕНДІЛІГІ АРТА БЕРЕДІ
Аудан әкімі Ғалым Әміреевтің төрағалығымен «Nur Otan» партиясы Жаңақорған аудандық филиалының кезектен тыс 22-ші есеп беру конференциясы өткізілді. Конференцияның күн тәртібіне екі мәселе шығарылды. «Nur Otan» партиясы Жаңақорған аудандық филиалының 2019 жылдың І-жарты жылдығында атқарылған жұмыстары туралы және «Nur Otan» партиясы Жаңақорған аудандық филиалының Саяси кеңесі құрамын сайлау туралы.
«Nur Otan» партиясы Жаңақорған аудандық филиалының «Nur Otan» партиясы 2019 жылдың І-жарты жылдығында атқарылған жұмыстары туралы Жаңақорған аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мәжит Балқожаев баяндама жасады.
Мәжит Балқожаевтың баяндауынша, қазіргі таңда «Nur Otan» партиясы Жаңақорған аудандық филиалының есебінде ірілендірілген 31 бастауыш партия ұйымы, 4295 партия мүшесі есепте тұрады. Жыл басында аудандық партия филиалының өткізетін іс-шаралар жоспары, сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі Қоғамдық кеңестің іс-шаралар жоспары бекітіліп, жұмыстар осы кестеге сәйкес жүргізілген. Партия филиалында 21 - Саяси Кеңес мүшесі, 7- Саяси бюро мүшелері бар. Партия аудандағы саяси мәселелерге жете көңіл бөліп келеді.
– 2019 жылдың 1- шілдесі бойынша партия қатарында 4295 партия мүшесі бар. Елдегі жетекші саяси күш ретінде «Nur Otan» қазақстандықтарды Бес институционалдық реформаны және «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыруға жұмылдыру, мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуына тиімді бақылауды қамтамасыз ету, осыған байланысты ел арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу сынды міндеттерге басымдық беріп отыр. Сондай-ақ партия сыбайлас жемқорлыққа қарсы идеология мен жұмысты барлық деңгейдегі, оның ішінде жергілікті жердегі партиялық құрылымдарды да тарта отырып күшейтпек.
Қазіргі таңда бастауыш партия ұйымдарының төрағаларына қойылатын негізгі талап бекітілген ережеге сай жұмыстар атқару. Яғни БПҰ қызметін ұйымдастыру. Әрбір БПҰ-ның жылдық жоспарлары бекітіліп, жоспарға сай жұмыс жасалуы тиіс. БПҰ жетекшілері партия мүшелерімен тұрақты түрде жиналыстар өткізіп, партиялық жарналардың уақтылы төленуін қадағалау, сонымен қатар партия мүшелерінің сапасына қарай санын арттыру, елді мекендердегі шаруақожалықтарды, еңбек адамдарын партияға мүшелікке қабылдау бағыттарында жұмыстар жүргізілуде, – деді Мәжит Балқожаев.
Сондай-ақ «Nur Otan» партиясының Қоғамдық қабылдау бөлмелері жұртшылықпен арадағы үздіксіз байланысты қамтамасыз ететін бірден-бір көпір болып табылатыны сөзсіз. Бүгінде Қоғамдық қабылдау бөлмелері халыққа кәсіпқой мамандардан кеңес алып, жаңа бастаған істеріне бағыт беретін орынға айналды. «Nur Otan» партиясы Жаңақорған аудандық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесіне І-жартыжылдық бойынша жалпы 164 өтініш түскен.
Оған қоса, «Бизнестің жол картасы-2020», «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2018 – 2021 жылдарға арналған бағдарламасын жүзеге асыру бойынша азаматтарды Бірыңғай қабылдау күні», «Әділет кеңес береді» және «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында мүмкіндігі шектеулі азаматтарды Бірыңғай тақырыптық қабылдау республикалық акциясы өткізілген.
«Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында 2019 жылдың қаңтар айының басынан бері көптеген шара өткізілді. Соның ішінде: Жалғыз басты қарттарға, ҰОС ардагерлері және тыл ардагерлеріне медициналық қызметкерлермен бірге дәрігерлік көмектер берілді. Ауданға қарасты 26 ауылдық округтерде тыл және ҰОС ардагерлерінің партияның бастауыш партия ұйымдары арқылы тоқсанына бір рет аула тазарту жұмыстары жүргізіліп көмек көрсетіліп тұрады.
«Бақытты отбасы» жобасы аясында атқарылған жұмыстардың маңыздыларына тоқталар болсақ, «Қызылқұм» ЖШС демеушілігімен, 8- наурыз Халықаралық әйелдер күніне орай аудандағы әлеуметтік жағдайы төмен, көп балалы 10 анаға сый-сияпат жасалды. Осы жоба аясында «Нұр Отан» партиясы Жаңақорған аудандық филиалының ұйымдастыруымен «Қызылқұм» ЖШС демеушілігімен аудандағы әлеуметтік жағдайы төмен, көп балалы 30 отбасына азық- түлік көмегі берілді. «Кедергісіз келешек» жобасы аясында облыстық маслихат депутаты Бекжанов Мәдіхан Әріпұлының бастамашылығымен Арыс қаласында болған Төтенше жағдайға байланысты 2 отбасына қаржылай 150000 теңге көмек көрсетілді.
Осы төтенше жағдайға байланысты аудандық партия мүшелері мен еріктілерден жиналған қаржыдан 930218 теңге оның ішінде партия филиалының ұйымдастыруымен 620.000 теңге зардап шегушіледің есеп шотына аударылды және 12,5 тонна азық-түліктей, киім-кешектей көмек көрсетілді.
Конференция соңында «Nur Otan» партиясы Жаңақорған аудандық филиалының Саяси кеңесі құрамына 21 адам сайланды. «Nur Otan» партиясы Жаңақорған аудандық филиалының «Жастар қанатының» жетекшісі, «Жаңарған Жаңақорған жастары» ерікті жастар тобының белсендісі Мұхтар Шаханов «Nur Otan» партиясы Жаңақорған аудандық филиалының Саяси кеңесінің мүшесі болып сайланды.
Ескендір Ертай