№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Қызылордалық кәсіпкерлер Ұлттық банктен Аграрлық несие корпорациясы арқылы несие беруін сұрайды

Қызылордалық кәсіпкерлер Ұлттық банктен Аграрлық несие корпорациясы арқылы несие беруін сұрайды

Бұл туралы Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңес төрағасы Қайрат Боранбаев facebook-тегі жеке парақшасында жазды.
«Ауылдық жерлерде кәсіпкерлермен кездесу барысында олардың  үнемі көтеретін басты мәселелерінің бірі – «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы шеңберінде агроөнеркәсіп кешеніндегі жобаларды қаржыландыруға Аграрлық несие корпорациясында қаржының болмауы. Бұл өзекті проблема биыл 8 қазанда Премьер-министрдің орынбасары Роман Склярдың төрағалығымен өткен Кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі жобалық кеңсенің отырысында да қаралған болатын», - дейді Өңірлік кеңес төрағасы.
Кәсіпкердің айтуынша, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасына енгізілген толықтырулар аясында Ұлттық банктің ұсынысымен агроөнеркәсіп кешендегі жобаларды қаржыландыру үшін Аграрлық несие корпорациясының лимитін ұлғайту қарастырылған. Бірақ, қаржы алу үшін Аграрлық несие корпорациясына мемлекеттің кепілдігі қажет екен.
«Жасыратыны жоқ, банктердің агроөнеркәсіптік кешеніндегі жобаларды қаржыландыруға ынтасы төмен. Бұған қоса банктер ауылдардағы үй-жайларды кепіл мүлік ретінде алмайды. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы іске асқалы бір жарым жыл ішінде банктер тарапынан ауыл шаруашылығына қатысты бір-ақ жоба қаржыландырылған. Қалған шаруа қожалықтарының жобалары кері қайтарылған. Бүгінде шаруаларға Аграрлық несие корпорациясының несие және кепіл мүлік саясаты қолайлы болып тұр. Осының арқасында Қызылорда облысында мақұлданған 107 жобаның 83-і немесе 77 пайызы Аграрлық несие корпорациясына тиесілі. Мақұлданған 2 жоба қаржы бөлінуін күтуде. Басқа да қаралып жатқан жобалар бар», - дейді Қайрат Боранбаев.
Қайрат Жомартұлының айтуынша, соңғы кездері өндірісті әртараптандыру шеңберінде кәсіпкерлер ауыл шаруашылығына көп көңіл бөлуде. Бір жылдың ішінде Қызылорда облысында шағын және орта бизнестегі жұмыс жасап тұрған шаруа қожалықтарының үлесі 17 пайыздан 21 пайызға артқан, жаңа 2306 шаруа қожалығы құрылған. Дегенмен, шаруалар қаржыға мұқтаж.
«Сондықтан бізге Аграрлық несие корпорациясынан мемлекеттік кепілдіктің міндетті түрде болуын талап еткен Ұлттық банктің ұстанымы мүлдем түсініксіз. Жобалық кеңсенің отырысы барысында КазАгроның айтқан мәліметінше мемлекеттік кепілдікті алу рәсімі жарты жылдан бір жылға дейін уақыт алады екен. Шаруа қожалықтарына күтуге уақыт жоқ, өте жоғары мөлшерлемемен несие алу да тиімді емес. Бұған қоса, Аграрлық несие корпорациясының қоржынында қаржыландыруды күтіп жатқан мақұлданған жобалар бар. Ұлттық банк шаруалардың мұңын естіп, Аграрлық несие корпорациясына қаржыны жылдам алу жолын келіседі деп үміттенеміз», - дейді Өңірлік кеңес төрағасы Қайрат Боранбаев.

Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі
13 қазан 2020 ж. 520 0