№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Онлайн білім беру оңай ма?

Онлайн білім беру оңай ма?


Биылғы жаңа оқу жылы өзгеше басталмақ. Алғашқы қоңырау соғылмайды, оқушылар мектепке ағылмайды. Ақпараттық заманның ағыны білім берудің жаңа жүйесін қолға алмақ. Бұл – мұғалім мен оқушының виртуалды, яғни онлайн әлемде жүздесуі. Жай ғана жүздеспей, білім беру заңдылықтарын сақтай отырып ақпарат алмасуы.


Дәл қазір оқушыларға арналған «Daryn.online» онлайн оқыту жүйесі бар. 99 пәнді оқытады. Видео сабақтары 5 минуттан аспайды. Видео соңында тақырыптарды бекіту үшін тест сұрақтарына жауап бересің. Жинаған ұпайыңды балдық жүйемен көре аласың. Қаржылай да тиімді. Балаңыз бір пәннен білім алу үшін айына бар болғаны 2000 теңге жұмсайды. Интернет желісі мен компьютер болса жеткілікті. Бала өзі қалаған 24 сағаттың кез-келген уақытында білім алуына мүмкіндік жасалған. Сондай-ақ, «Daryn.online» білім беру платформасы елдегі жағдайға байланысты тегін оқыту мүмкіндігін қарастырған. Иә, бұл тек білім беруге арналған бір ғана платформа болса, елімізге бұл жүйеге маманданған түрлі онлайн курстар бар екенін ескере жүріңіз.
Ал біз аудандағы ахуалды білу мақсатында мектеп басшыларымен хабарласып мән-жайға қанықтық. Со­ны­мен аудан мектептері онлайн оқуға дайын ба?
Алдымен Көктөбедегі №89 орта мектебінің директоры Талғат Байті­лесовке хабарластық. Мектепте 136 оқушының барлығы мектепте партада білім алатынынан хабардар болдық. Мектепте күшейтілген режимде арақашықтық сақталып, оқу ордасы да талапқа сай білім беруге дайын екен.
Бесарық бекетіндегі №247 мектептің басшысы Нұрбол Идрисов: – Мектепте 147 отбасынан 320 оқушы білім алады. Осы 147 отбасының 95-інде WI-FI орнатылған, 52 отбасында интернет жоқ. Оның 25-і қазіргі таңда интернет құрғызуға өтініш беріп отыр. Ал 74 отбасының компьютер құрылғысы дайын. Мектептің балансындағы 21 оқушыға компьютер мен моноблоктар берілуде. Антисептиктер алынып, кварц шамдары келді. Мектепке қабыл­данған екі бірінші сыныпты және бір екінші сыныпты оқытуға барлық жағдай жасалынған. Барлығы ата-аналарының өтініші бойынша қабылданды, – деп нақты жауап берді.
Ал аудан орталығындағы №51 М.Қаратаев атындағы орта мектептің директоры Жеңіс Ибрагимовтың айтуынша мектепте 930 оқушы білім алуда. Ал биыл даярлық сыныбына 100-ден аса оқушы қабылданған. Төрт бірінші сынып болғандықтан 8 топқа бөлініп оқиды екен. Ал екінші сыныптың ата-аналарының өтініші бойынша бір сынып кезекші сынып негізінде білім алады.
Ал Қыраш ауылындағы №180 орта мектебінің басшысы Шолпан Оспановамен тілдескенімізде: – Мектеп дәстүрлі оқыту жүйесінде білім беруге дайын. Десе де санитарлық талаптар толық сақталуы тиіс. Ол үшін сыныптағы шкаф, киімілгіш сынды артық заттар алынып, оқушылар бір метр арақашықтықты сақтай отырып маскалы режимде білім алады. Әр сыныптың үзіліс уақыты да әр түрлі. Мектеп дәлізіне антисептиктер орнатылып, кварц шамдары каби­неттерге ілінген. Әр қоңырау сайын тазарту жұмыстарын жүргізуге толық жағдай жасалынған, – деп жауап берді.
Биылғы оқу жылындағы оқыту жүйесінің талабы басқа. Әсіресе бірінші сыныпқа аяқ басқан бүлдіршіннің ата-анасының үміті мен күдігі қоса арпалысып «қалай болар екен?» деген ойда жүргені анық. Десе де қашықтан оқытудың сапасына да алаңдаулы. Оқу материалын қашықтан үйренудің қаншалықты дұрыс не бұрысын уақыттың еншісіне қалдырдық. Ең бастысы осы платформада оқыған оқушының білім деңгейі дағдыдан түспей, іздену тұрғысынан интернеттің игілігін көрсе болғаны.
Иә, осы ғасырда білім аламын деген жанға ешқандай шекара жоқ. Әлемнің кез-келген жеріндегі дәрісті тыңдау үшін шетел асудың қажеті жоқ. Үйде отырып-ақ білімді азамат, білікті маман болуға әбден болады. Онлайн білімнің оңтайлы тұсын дұрыс пайдалана білсек алар асу да, жетер жетістік те мол болмақ.

Әйгерім МЫРЗАХМЕТОВА
29 тамыз 2020 ж. 1 072 0