№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Арнайы орталықтың бір күні

Арнайы орталықтың бір күні


Айналасын ащы даусына тұндырып, жедел жәрдем көлігі келіп жетті. Екі қолтығынан демеген ақ халаттыларға сүйенген жасы егде тартқан әкейдің демалысы қиындап бара жатқанын көрдім...


Осыдан он күн бұрынғы Жұмабек атаның жайы осындай еді. Екі күннің ішінде екі өкпесі сырылдап, әрі-сәрі күйге түскен қарияны үйдегілер ем-домын жасап жаза алмады. Кәрілік жеңген уақытта анау-мынау дәрінің де әсер етуі қиындайды ғой, одан елдегі өлім-жітім алаңдатып, келешек күндерге сенімінен күдігі басым болатын. Алаңдаушылық білдірген ұл-қыздарына да көңіліндегі көптен бері жүрген аманатын айтып кеткен-ді. Онысы олай-бұлай болып кетсем артымдағы көкөрімдер жыламай, тек дұғасына қосып, үздіксіз Құранын бағыштап, ата жолынан айнымай жүрсе деген ниет қой.
Орталыққа бақылауды кіре берісінен бастадық. Арнайы дезинфекция үшін қойылған едендегі сүрткішті айналасы жарты сағатта екі рет ауыстырған техқызметкердің қолындағы шелегі мен сүрткіші бір түспеді-ау. Осылай отырғанымда асханаға ас-ауқатын көтере бір апай келді. Іле-шала медқызметкерлердің орталықтағы емделушілерді асқа шақырғанын естідім. Кейбірі бөлмелерге тамақты өздері апарып беріп жатты. Онысы тамаққа асханаға бара алмайтын науқастарға екен. Мұндағылардың көбі иіс, дәм сезбей, тіпті тамақтарынан су өтпей түскендері көбірек. Оларға орталықтың қызметкерлері алғашында сүйық тамақтарды өздері қасықтап беріп, ем қонып, аяққа түрғандары қаншама. Тамақтан кейін тұрақты берілетін қымыз бен шұбаттың пайдасын айтпаса да түсінікті. Дәтке қуат, дертке ем. Ем-шараны тағайындайтын дәрігер болғанымен, негізгі күш медқызметкерлерге түседі. Науқасты көзден таса қылмайды екен. Ем-домын жасай жүріп, көңілін аулайды. Сұрағыңа күлімсірей нақты жауап береді.
Тынымсыз тіршілік. Бірі кіріп, ас-ауқатын тәбетін байқап, бірі уколын салып, системасын құйып, бірі тазалығын жасап жатыр. Әрбір 10-15 минут сайын мейірбикелер, әр 30 минут 1 сағатта дәрігерлердің жіті бақылауында. Бес науқасқа бір мейірбике, тазалықшыдан белгіленген. Ауруы дендеген науқастар ерекше күтімді талап етеді. Сондықтан оларды кіргізіп, шығару, ас-ауқатын, сүйықтығын дембіл-дембіл беру, өкпе жаттығуларын жасату бәрі-бәрі осындағы қызметкерлердің тынымсыз еңбегі.
Демалыс күні болса да орталықтың бас дәрігерімен жолығудың сәті түсті.
– Естуімізше, сіздердің орталыққа түскен науқастардың барлығы дерлік ауруларынан құлан-таза айығып шығып жүр. Мұның сыры неде? – деген сауал қойдым. Бас дәрігер Ерғабит Орманұлы:
– «Біздің орталықтың дәрігерлері өте білікті, тәжірибесі мол қызметкерлер. Шипажай арнайы өкпе ауруларын емдейтін болғандықтан бұл саладағы жинаған тәжірибелері де жетерлік. Атап айтар болсақ, білікті дәрігерлер Рәбилә Өтетілеуова, Мөлдір Сандыбайқызы мен орта буынды Темірбек Үсенов, Жансұлу Юсупова сынды өз өмірін өзгенің өмірі үшін қатерге тіккен қызметкерлерімізбен мақтанамыз. Күшейтілген режимде жұмыс жасағандықтан болар, олардың арасында науқасты жұқтырып алғаны да бар. Білікті қызметкерлеріміз үшін алаңдаулымын. Біз үшін әрбір қызметкер науқастың өмірі үшін күресіп жатқан майдангер. Олар өздеріне жүктелген міндеттің жауапкершілігін толық сезінеді», – дейді.
Осы сәтте дәрігердің телефоны шырылдады. Сымтетік арғы жағынан алғысын жаудырып, әкелерінің сауығып шыққанына рахметін айтқан жас жігіттің жарқын даусы естілді. Мұндай қоңыраулар, смс хаттар, алғыс ишаралар көп екен. Тіпті үйіне шыққаннан соң, видео түсіріп жіберген емделушілер де бар. Соның бірі Нұрғали Мінуаров:
– Орталыққа түскенімде халім нашар болатын. Әуелі Алла, екінші осы ұжымның мінсіз қызметінің арқасында бетім бері қарады. Емі, тазалығы, тамағы бәрі жақсы. Сұрағыңа дұрыс жауап беріп, жанға қуат берер жылы сөздерімен де ілтипат көрсетті. Ұжымның еңбегіне жеміс тілеймін, – жүрекжарды лебізін білдірді.
Қауіп пен қатердің ортасында мін­дет­терін мінсіз атқарып, науқас­тардың толық жазылып шығуы­на қолдарынан келген барлық мүмкіндіктерді пай­даланып жатқан медицина қызмет­керлерінің еңбектері шынында да мақтауға лайық.
Мұнда түскен кез-келген науқастың жайы белгілі. Елді жайлаған пневманияға шалдыққандар көп. Орталық аудан әкімі С.Мақашовтың ұтымды ұсынысымен бір ай бұрын пайдалануға берілген болатын. Ескі ғимараттың айналасы екі-үш күннің ішінде жабдықталып, асхана, жуыну, дәретхана сынды бөлмелері заманға сай жабдықтаған. Облыстық ересектерге арналған туберкулезге қарсы күрес диспансерінің жанынан провизорлық орталық құрылып, осында орналасты.
Пайдалануға берілгеннен ауыр жағдайдағы науқастарды осында қабылдау басталды. Айналасы бір айдың ішінде 110 науқас түсіп, соның 90-ы жазылып шықса, бүгінде ауруханада 20 науқас ем алып жатыр екен.
«Жүз естігеннен, бір көрген артық» деген қазақ нақылында терең мән жатқанын бөлім қызметімен таныса жүріп түйсіндім. Орталық жұмысының қаншалықты күрделі екенін білдім. Әрбір науқастың жанына араша болуда адами болмысыңды айқындап, жаныңа жылу сыйлайтынын сездім. Бұл ең ғажайып сезім екен...
Адам жанын емдеу сенімнен тұра­тынын байқайсың.

Айкерім МЫРЗАХМЕТОВА
29 шілде 2020 ж. 415 0