Ұлттық сусынға сұраныс артты
Ресейдің ұлттық нутрициология және диетолог қауымдастығы әлемге жайылған індетке табиғи таза өнімдердің пайдалы қасиеті бар екенін ғылыми дәлелдеді. Әлем ғалымдары бас қосқан ғылыми шарада қазақтың ұлттық сусынында инфекцияға қарсы күресетін антидене бар екені айтылды. Осыдан соң, шетелдің назары қазақтың ұлттық сусынына ауып, сұраныс күрт артқаны байқалады.
Осы жаңалықтан соң, әлеуметтік желіде түрлі сайттар ашылып, ұлттық сусындарды шетелге экспорттау ісі қарқындады. Біздің қымызға Украина, Швеция, Ирландия, Шотландия, АҚШ, Польша елі қызығушылық танытып, ғалымдары арнайы зерттеу жасап, саумалдың ұнтақ түрін жасап, әлемдік нарыққа шығарып, қыруар қаржы көзін келтіретін бизнеске ұластырды.
Әлеуметтік желіде «Мал табу kz» сайты әрбір өңірге арнайы бөлім ашып, мал шаруашылығының өнімдерін насихаттап, сауданы қыздырып тұр. Осы сайт арқылы қорадағы түліктің сүт өнімін жоғары бағада саудалап, табыс тауып, кәсібін дөңгелетіп отырған жандармен таныстық. Соның бірі жаңақорғандық қос ағайынды Айбек пен Жанәділ 20 түйе мен 5 жылқының өнімін ұсынып отыр.
– Атакәсіптен алыс кете алмағандықтан түйе бағып, жылқының жайын жасауды кәсіп еттік. Інім екеуміз 20 түйе мен 5 жылқынының барлық шаруасын атқарып, өнімін еселеп отырмыз. Үйде әйел азаматы болмаған соң, өзіміз сауып, ұйытып, ашытып, тұндырып, қымыз бен шұбат жасап жүрміз. Бұл істе тек пайда табу үшін емес, халық саулығын нығайтуды мақсат еттік. Бастысы, елдің иммундық жүйесі мықты болып, індетке қарсы тұра алса болғаны, – деді.
Халықты ұлттық сусынмен қамтамасыз етіп отырған қазақ жігіттерінің қарекеті көпке үлгі. Олардың дайындаған қымызы мен шұбатына көпішілік ризашылығын білдіріп жүр. Фейсбукте Дана Ахметқызы: «Қалжановтардың шұбаты мен қымызы ерекше дәмі бар, шипалы сусын. Өзгелерге қарағанда олардың сусындары таза, әрі қолжетімді бағада. Он күн ішіп, күшім артып, қайраттанғанымды сездім. Әлсіреген жандарға әл, қуаты қайтқан жанға дауа болып, ел алғысына бөленуде», – деді.
Қос Қалжановтардың қолынан саумал ішуге ниеттілер көп. Алдын-ала 8707 565 9898 номеріне хабарласып, тізімге жазыласыз. Жас кәсіпкерлер карантин уақытында үйге дейін жеткізу қызметін ұйымдастырып, сұранысты еселеуде. Бұл үйінде науқастанып жатқан қаншама жанға қуат береді. Әсіресе, үлкен қариялар жиі хабарласып, адал кәсіпке ақ батасын беруде. Соның бірі Нағашыбек Игенов «Қазақтың қай сусыны болмасын дәруменге бай. Дәрі-дәрмек бір ағзаға пайдалы болса, екінші органға зияндылығы болады. Біз отбасымызбен үнемі саумал мен шұбат, айран мен сүт, сүзбе мен құрт үзбей тұтынамыз. Соның нәтижесі болар, балаларым да, өзіміз де жұқпалы індетпен ауырмай, салауатты өмір сүруді дағдыға айналдырдық», – дейді қария.
Жайылма, Сүттіқұдық пен Жаңақорған кентінде онлайн сауда жасап, қымыздың литрін 500-800 теңгеге, қымыранның литрін 400-700 теңгеге бағалап отырған жерлестер ұлттық сусынның түр-түрін дайындауды меңгерген. Уыз қымыз, балқымыз, тай қымыз, бесті қымыз, дөнен қымыздың қасиетін ұққан жастар тұтынушының денсаулығына сай, пайдалы түрін ұсынады. Ал, шұбатта биологиялық витаминдер А, В1, В2, С бар. Шұбаттың бiр литрi адам организмінің С витаминiне және рибофлавинiне тәулiктiк қажеттiлiгiн қанағаттандыра алады. Шұбат айранға қарағанда май, ақуыз, кейбiр минералды заттарға, витаминдерге өте бай. Бұл туралы бізге жас кәсіпкер Жанәділ Жарқынбекұлы айтты.
– Біз осы кәсіппен табыс табу үшін айналып жатқанымыз жоқ. Қолдағы бар түліктің игілігін халық көрсе, ел аман болса деген ниеттен туындады. Көнекөз қариялардың ұсынған шипалы сусын әзірлеу технологиясын меңгеріп, оны көпшілікпен бөліссек деген ой келді. Үйге дейін жеткізудегі мақсатымыз қарияларымыз бақуатты болсын деген ізгі ниет еді, – дейді Жанәділ Қалжан.
ТҮЙІН. Қазақтың ұлттық сусындары қай ауруға болсын шипасы зор. Шетелдіктердің жусанға жайылған түліктің биологиялық өнімінде инфекциялық ауруға қарсы антиденелер барын мойындап, қазақтың сайын даласына бет түзеуі де тегін емес. Өз өнімімізді өзгелердің игілігі үшін ғана емес, келер ұрпақ үшін бағыттай білсек, ұлттық құндылықтарымызды дәріптей білсек, асығымыз алшысынан түспек.
Мақпал МАРҚАБАЙ