№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Партия мұраты: әлеуметтің әлеуетін арттыру

Партия мұраты: әлеуметтің әлеуетін арттыру


Мемлекет басшысының Үндеуі «әлеуметтік мемлекеттің» қазақстандық моделін айқындап берді. Елге сенім ұялатқан құжат әлеуметтің әлеуетін арттыруға бағытталған. Әсіресе, шағын және орта кәсіпкерлікті қолдайтын төртінші бастамасы халықтың экономикалық белсенділігін арттыратыны сөзсіз. Сыр өңірінде басымдықты байыпты жүзеге асырудың тетігі бар. Яғни, «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту жылында» кәсібін дамытуға ниеттілерге мүмкіндік мол. Енді осы мүмкіндіктерді жаңақорғандықтар мейілінше пайдаланып, әлеуметтік жағдайын көтеруі қажет. «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалы Кеңейтілген саяси кеңес отырысы осы жайында өрбіді.
Ауданда кәсіпкерлікті дамытудың тиімді жолы – ауылшаруашылығы саласында. Сондықтан, бастамалардың барлығы осы саланың дамуына бағытталуда. Яғни, өнімділігі жоғары тұқымдарға қол жеткізу, ғылымға негіздеу және агро-индустриялық аймақтар құрылуда. Мұндай жұмыстар тұрғындардың тынысын кеңейтіп, шағын және орта бизнесті ілгерілетуде қозғаушы күшке ие. Шарада модераторлық еткен бас партияның аудандық филиалының төрағасы Ғалым Әміреев осыны айтты.
– Сыр өңірінде бірқатар экономикалық көрсеткіштер бойынша көш ілгеріміз. Әйткенмен, тұрмыстық жағдайы төмен отбасылар аз емес. Олардың әлеуметтік әлеуетін арттыру үшін инфрақұрылымдық мәселелері шешілген агро-индустриялық орталықтарда еңбек етуге тартуымыз қажет. Агрозоналар сол үшін құрылып жатыр, – деді Ғалым Махмұтбайұлы.
Кеңейтілген саяси кеңесте алдымен төрағаның бірінші орынбасары Мәжит Балқожаев баяндама жасады. Ол партияның халықшыл бағдарламалары аясында атқарылып жатқан шараларды тізбектеді. Әрі жұмыссыздықты қысқарту жолында басшылыққа алуға болатын ұсынысын білдірді.
– Жұмыссыздықты қысқартуда ашықтық пен жариялылықты ұстанудың артықшылығы көп. Демек, ауыл тұрғындары кезектілікті біліп, кімнен кейін жұмысқа тұратынын біліп жүретін еді. Ауыл әкімдері мен қоғамдық кеңестер бірлесе осыны басшылыққа алуы тиіс, – деді Мәжит Балқожаұлы.
Жақында аудан әкімі мен Қазақ картоп және көкөніс шаруашылығы ғылыми зерттеу институтының директоры меморандумға отырып, тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасауға уағдаласты. Негізгі мақсаты – сапалы тұқыммен қамтамасыз ету, ғылыми тұрғыда сүйемелдеу. Осы жайындағы жұмыстарды аудан әкімінің орынбасары Ғалымжан Сопбеков тарқата айтты.
– Елбасы Үшінші жаңғыруға бастаған Жолдауында 2021 жылға қарай азық-түлік тауар экспортын 40 пайызға көбейтуді тапсырған болатын. Сондықтан, былтыр аудан тұрғындарының өзін-өзі азық-түлікпен қамтуына жағдай жасалып, ішкі қажеттілікті тұрақтандыру мақсатында кентте агро-индустриалық аймақ ашылған болатын. Жылда 4,3-4,5 мың тонна картоп өндірілетін болса, аудан халқының санына сәйкес ішкі қажеттілік 7,9 мың тоннаны құрайды. Демек, біз ішкі қажеттілікті толық қамтамасыз ету үшін агроаймақтың жұмысын жандандыруымыз қажет, – деді Ғалымжан Жарқынбекұлы.
Енді меморандум бойынша қандай жұмыстар атқарылатынына тоқталсақ. Біріншіден, ашылғалы отырған агроаймақтарда егін егетіндерді ғылыми-зерттеу институты 40 пайызға дейін сапалы тұқыммен қамтамасыз етеді. Оның үстіне, ғылыми сүйемелдеп, мол өнім жинаудың жолмен бөліседі. Ең бастысы, ауданда тұқым шаруашылығы бағытындағы шаруа қожалықтар құруға, әрі ғылыми тұрғыда қолдауға дайын.
Бүгінде ауданда құрылатын алты агро-индустриялық аймақтың ифрақұрылым жүйелерін шешу жұмыстары атқарылуда. Сосын егін егуге ниеттілердің тізімі жасалуда.
Осы жобалардың тиімділігін жергілікті тұрғындарға түсіндіру жұмысы кемшін тартып жатқанын сынға алды төраға.
Сондықтан, аудандық мәслихат депутаттары, құрылым, сала басшылары кент және ауылдық округтерге бөлініп, насихат жұмыстарын жүргізу тапсырылды. Әрі мұны бақылау тікелей партия мүшелерінің жұмысы екенін сөз етті.
Ал, аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Қаржыбек Бүркітбаев түсіндірме жұмысына қатысатын басшыларды тізбектеп шықты. Енді арнайы топқа енген саяси кеңес мүшелері, аудандық мәслихат депутаттары, бөлім басшылары тоқсанына бір реттен жаппай кәсіпкерлікті дамыту жұмыстары аясында атқарылған жұмыстары жайлы есеп береді.
Мінбеге көтерілген Жаңақорған кентінің әкімі Аллаберген Ахметов агро-индустриялық аймақта еңбек ету – табысқа жетудің жолы екенін айтты.
Кеңес отырысының күн тәртібінде қаралған екінші мәселе – мүмкіндігі шектеулі және аз қамтылған отбасыларға жүйелі көмек көрсетуді ұйымдастыру.
Бұл жөнінде «Қызылқұм» ЖШС бастауыш партия ұйымының төрағасы, «Хорасан-1» кеніші Еңбек және қоршаған ортаны қорғау, радиациялық қауіпсіздік қызмет басшысының орынбасары Алдаберген Ыдырысов сөз етті.
Шынын айту керек, партия тарапынан жасалынатын барлық шараларға демеушілік көрсетіп жүрген «Қызылқұм» ЖШС-нің қамқорлығына жоғары баға берген жөн. Қашанда игілікті істердің басы-қасынан табылатын серіктестікке аудан әкімі алғысын айтып, әлеуметтік жауапкершілікті жалғастыра беруге шақырды. Әрі, әрбір мекеме басшыларына және кәсіпкерлер мен депутаттарға мұқтаж жандарға көмек қолын созып жүруді ұсынды.
– «Кең пейілді кемімес, тар пейілді кеңімес», «Қайырымдылық – адамгершіліктің белгісі» деген ескіден тәмсіл қалған. Түсінген адам қайырымдылық қайырлы қоғам жасаудың жолы екенін ұғады. Өз басым, қайырымдылық шараларына бей-жай қарамай, өз қалтамнан сый-сияпат жасап тұрамын. Сіздерді де осында игілігі мол жұмыстарға шақырамын, – деп қорытындылады кеңес отырысын Ғалым Әміреев.

P.S.: Кеңейтілген саяси кеңес отырысында партияның мұраты – әлеуметтің әлеуетін арттыруға бағытталатынын ұғындық. Аудан әкімі, партия төрағасы мұндай жауапкершілігі мол жұмыста партияластыр белсенділік танытуға шақырды...

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ.
31 наурыз 2018 ж. 1 192 0