Талапкер, қандай мамандық таңдадың?
Жаңа технологияларды игеріп, ғылыми бағытқа бет бұрған елдердің бәсекеге қабылеттілігі арта түсті. Қоғам жаңарған сайын мамандықтардың рөлі де өзгеріске ұшырады. Көптеген мамандықтар қолданыстан шығып, жаңа салаларға серпін берілді. Мұндай жылдам өзгеріске жаһан жұрты түгелдей дайын болса да, экономикасын құлдыратпауға тырысқан мемлекеттер жаңа жүйені жетік меңгеруге тырысуда. Ал біздің қоғам дайын ба? Биылғы мектеп түлектері қандай мамандықты таңдайды? Қазақстанда қандай мамандыққа сұраныс жоғары? Осы сауалдарға жауап іздеп көрдік.
Соңғы жылдары елде қабылданып жатқан бағдарламалардың басым бөлігі білім саласына бағытталуда. Әсіресе студенттердің алаңсыз білім алуына жағдай жасалуда. Өйткені мемлекеттің ертеңі білімді ұрпақтың қолында. Жатақхана мәселесі, гранттардың санының көбеюі, теориялық білімнен практикалық оқытуға ауысу сынды бетбұрысқа көбірек көңіл бөлініп келеді. «Жастар жылы» аясында қабылданған «Жас маман» жобасы алып қарасақ, бағдарламада студенттердің әлемнің озық бағыты арқылы білім алуға мүмкіндік туғызды. Оның негізгі мақсаты сұранысқа сай мамандықтардың техникалық базасын жаңарту, болашақта бітіруші түлектерді дайын кадр етіп дайындау.
2019-2020 оқу жылында 131 мыңнан аса талапкер мектеп бітіргелі тұр. Соның 95 процентке жуығы Ұлттық бірыңғай тест тапсыруға өтініш білдірген. Жаңақорғанда 700-ге жуық түлек тестілеуге қатысуға ниетті, біз олардың қандай пән таңдағанын білуге тырыстық, сонда көп жайттарға көзіміз жетті. Бұрынғыдай заңгер, экономист немесе бухгалтер мамандығын таңдағандардың қатары азайған. Мәселен, №163 мектеп түлектеріне сауалнама жүргізгенде олардың көбінен дәрігер боламын деген жауап алдық.
– Биыл мектеп бітіретін 81 оқушы болса, соның 77-і тест тапсыруға өтініш берді. Біздегі түлектердің 19-ы дәрігер болуды қаласа, 19-ы педагогикалық салаға бет бұруға ниетті. Сондай-ақ 4 оқушы журналистика саласын таңдады, – деді мектеп директоры Нұралхан Түктібаев.
Аудандағы 42 мектептің әрқайсысында кем дегенде екі-үш оқушы медицина мамандығын таңдағаны анық. Оған коронавирус тараған уақытта дәрігерлердің белсенді еңбегі оң әсер еткен болар. Одан кейінгі педагогика саласы, ауылшаруашылығы, техникалық мамандықтармен келешегін байланыстырған талапкерлер көп.
– Менің таңдауым дәрігер болу, бұл бала кезгі арманым болатын. Ал оның ішінде қай саласына бет бұратыным оқуға түскеннен кейін шешілетін болады. Осы уақытқа дейін таңдау пәнінен жақсы нәтиже көрсетіп келемін. Бұйыртса грантқа түсіп, ата-анам мен ұстаздар артқан сенімді ақтаймын. Ең бастысы, антына берік, елге адал қызмет ететін дәрігер боламын, – деді Ханшайым Бектұр.
Қазақстанда сұранысы жоғары мамандықты таңдаған жаңақорғандықтар бар ма, соны да іздедік. Алдымен олар қандай мамандықтар, соны зерделеп алайық. Нанотехнология, компьютерлік аппаратты қамтамасыз ету, инженерлік мамандар, логистика, экология, ғарышты зерттеу, тағамдық өнеркәсіп, химия, маркетинг, робот технология және қызмет көрсету мамандары. Бұл дәл қазір әлем елдерінде сұранысқа ие мамандар. Былайша айтқанда, ғылымға негізделген мамандықтар ауадай қажет, әсіресе биотехнология, нонатехнологияны ерекше атау керек-ақ.
Ал Қазақстанға қажетті мамандар қатарында сарапшы мамандардың пікірінше ІТ, маркетолог, web-дизайнер, химик, ақпараттық технолог, өнеркәсіп саласының мамандары жетіспейді. Астроном, астрофизик, механик, геодезист картогроф сынды басқа да мамандарға еліміз аса зәру. Бұл мамандықтарды таңдаушылар қатары жоқтың қасы, сәйкесінше, қажеттілік жыл санап артып келеді. Қазіргі таңда заманауи технологиялардың сан түрі шығарылуда. Яғни төрткүл дүние техникаға телмірген заман болды. Осыған байланысты еліміз экономиканың басты бағдары болып отырған мұнай-газ және энергетикалық салаға ерекше назар аударып отыр.
№169 Н.Илялетдинов атындағы мектеп түлектерінің жартысына жауығы жаратылыстану бағытын таңдаған. 47 оқушы тест тапсырса, соның 20-сы ІТ саласын таңдапты.
– Бәсекеге қабілетті болу – басты талаптың бірі. Ал бәсекеге қабілетті болу үшін барлық сұранысқа сай мамандықты меңгеруге міндеттіміз. Сондықтан барынша цифрландыруға бағытталған салаларды меңгерген жөн. Әйтпесе көштің соңында қалып қоюымыз мүмкін. Мен үшін ІТ саласы өте қызық. Болашақта осы мамандықты дамытуға ниеттімін. Қазір, барлық сала IT-мамандарды қажет етеді. Ең бастысы біз тәжірибе алмасып, бір-біріміздің білімімізді толықтырып отыруымыз шарт. Сондықтан біздің мектептің көбі осы саланың жүгін көтеруге дайын, – деді 11 сынып оқушысы Нұрлы Алтынәлі.
Шыны керек, мұнай-газ, және өзге өндіріс саласын тәмамдаған жастар өз саласы бойынша қызмет жасап жатқан жоқ. Ең бірінші мұндай мамандықтарды ақылы оқу қалтаға ауыр тиеді. Оқуды тәмамдады делік, оған жұмыс табудың өзі қиынның қиыны. Бұл шындық, бір қуанарлығы аудандағы кейбір өндіріс ошақтары өздеріне болашақта қажетті мамандарды мекеме есебінен оқытады. «СКЗ-U» ЖШС күкірт қышқыл зауыты жыл сайын Кейден ауылдық округінің екі-үш түлегін келешекте керек маман ретінде грантқа оқуға түсіруде.
Енді биыл қандай мамандықтарға грант көп бөлінді, соған тоқталайық. ҚР білім және ғылым министрлігі 2020-2021 оқу жылына арналған мемлекеттік білім беру тапсырысын бекітті. Құжатқа сәйкес, биыл жоғары білімі бар кадрларды даярлауға – 53864 грант бөлінді. Ең көп грант инженер кадрларын даярлауға бөлінеді (14681), оның ішінде құрылыс мамандықтары үшін – 2500 грант, электротехника және энергетика мамандықтарына – 1800, тау-кен өндірісі – 1702 грант. Гранттар саны бойынша екінші орында – педагогика, оған – 8243 грант бөлінеді деп күтілуде. «Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу» бағыты, шет тілдері мұғалімдері, химия, физика және биология пәндерінің үлесі көп.
Сөз соңында, әлем сарапшыларының мәліметіне сүйеніп, жақын онжылдықта сұраныс азаятын немесе тоқырауға ұшырайтын мамандықтар туралы айта кетейік. Кассир, даяшы, кітапханашы, күзет, билет сатушы және т.б. 2015 жылы Оксфорд университетінің баспасынан Ричард Сасскинд пен Дэниель Сасскиндтің «Мамандықтар болашағы» атты кітабы жарық көрді. Онда болашақта қазіргі мамандықтарды екі түрлі өзгеріс күтіп тұрғаны айтылған. Біріншіден, жаңа технологиялар дәстүрлі жұмыс түрін жеңілдетуі мүмкін. Екіншіден, технологиялар кез келген салада проблемаларды шешудің тиімді тәсіліне айналады.
Билл Гейтстің айтуынша, алдағы 20 жылда қазіргі мамандықтардың көпшілігі автоматты бағдарламалармен жабдықталып, біліктілігі төмен қызметкерлер бәсекеге ілесе алмай қалуы мүмкін. Елбасы бір сөзінде: «Болашақта мүлдем жаңа мамандықтарға қажеттілік туады. Роботтар жұмыс істей бастайды. Қазір ғылым генді инженерия мен биология саласын дамыту үшін жұмыс істеуде. Әзірге барлық компьютерлер адам миын алмастыра алмайды. Бірақ жасанды интеллект бар. Барлық қиын жұмысты компьютерлер мен роботтар атқарады. Сондықтан, біз қаласақ та, қаламасақ та жұмыс орындары қысқара бастайды», деген еді. Оксфорд сарапшыларының айтуынша, алдағы 20 жылда қазіргі мамандықтардың 47 проценті жойылады.
Қалай десек те, біздің түлектер өз таңдауларын жасады. Ең бастысы, білікті мамандар даярланып, елге адал қызмет етсе болғаны. Қалғаны уақыт көшіндегі іс.
Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ