» » Мақтаарал оқиғасы: зердеге нені тоқыдым?

Мақтаарал оқиғасы: зердеге нені тоқыдым?


Есебім болсын, сізге айта отырайын.
Мақтааралға облыстан – өңір әкімі Өмірзақ Шөкеев, елордадан – бірнеше министрлік басшылығының өкілдерін ертіп Премьер-Министрдің орынбасары Роман Скляр келді. Еліміздегі көп этностың мемлекеттік тілді меңгерген беткеұстар ұландарының бірі ғой, Роман Васильевич ауылдықтармен қазақша сөйлесті, қазақ тілінде сұрақ қойып отырды.
Бәріміз Түркістан облысының Төле би ауданының Достық, Сұлтан Рабат, сонымен қатар Мақтаарал ауданының Өргебас, Фирдоуси және басқа ауылдарын, аудан орталығы Мырзакент кентін араладық. Осындағы аудан әкімдігінің ғимаратында бас қаладан келген тұлғалардың, жергілікті активтің және құрылыс компаниялары өкілдерінің қатысуымен Төтенше жағдай салдарларын жою іс-шараларын жүзеге асыру мәселелері жөніндегі Үкіметтік комиссияның отырысы өтті. 
Сонымен, бұл жақта қандай проблемалар анықталды? Қандай елең еткізерлік жайттарға қанықтым?
1. Ғажайыптан бастайын. Тасқын су айналаны тегіс алып кеткен, кейбір үйлер шатырына дейін батқан. Бірақ қызыл су 3 ауылдың да мешітіне тиіспепті. Айналып өткен. Ғаламторда осы мәлімет алғаш таралғанда кейбіреулер көрмей-білмей тұрып, оны «фейк» деп жариялауға асықты. Бұл – шын екен! Өзім куә болдым. Құрғақта қалған мешіттің алдында тұрып, Алланың ғажайыбына тәнті болдық.
Соғыс үстінде, оқ пен снаряд қарша борап жатқанда мешіттердің аман қалатынын білетінмін...
Сондай-ақ бұл ауылдардың зираттарын да су баспаған екен.
2. Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлымен бірге жергілікті жұртшылықпен жүздестік. Фирдоуси ауылының ақсақалдары Бас мүфтиге жүгініп: «Ораза айт намазын мешітке барып оқуға бола ма?» деп сұрады. Бас мүфти жағдайды сауатты түсіндірді:
«Елімізде төтенше жағдай аяқталғанымен, карантин уақыты біткен жоқ. Биылғы Рамазан айы карантин жағдайында өтіп жатқаны өздеріңізге белгілі. Жамағаттан тағатты қажет ететін бұл талапты орындауымыз керек. Бұл – сіз бен біздің, өз отбасымыз бен ең жақын туыстарымыздың денсаулығын, өмірін сақтау үшін қабылданған шешім. Мұсылманның амандығы қажет. Мұны түсіністікпен қабылдайсыздар деген үміттемін. Алла Тағала Құранда бір адамның өмірін сақтап қалу – бүкіл адамзаттың өмірін сақтап қалу, бір адамның өміріне қиянат жасау – бүкіл адамзаттың өміріне қиянат жасау екенін айтқан. Алла сақтасын, ертең мешітке мың адамды жинап алып, олардың өміріне қиянат жасап қойсақ, имандылығымыз қайда?!» деді.
Расында, солай ғой.
3. Руханият пен діннен жердегі тіршілік мәселелеріне оралайық. Мақтаарал ауданының Иіржар ауылдық округінің әкімі Жарқынбек Әбдіровтың айтуынша, жалпы 365 үйдің 160-ы құлаған. Үйлерге сарапшылар бағалау жұмыстарын жүргізіп, қорытынды шығаруда. Жарамды үйлерге тұрғындары оралып, орналасып жатыр. Құрылыс үшін қажетті материалдар жеткізілуде. Құрылысты бақылауға жауапты аудан әкімінің орынбасарлары бекітілді.
–Халықтың еңсесі де, көңілі де көтеріңкі. Мемлекет әр үйді салып, жөндеуге 17 миллион теңгеден берілетінін ел біледі. Қазіргі кезде үйлердің құжаттарын жинау және тапсыру жүргізілуде. Жалпы, халық риза! – деді Жарқынбек.
4. Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің Өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметі бастығының орынбасары, азаматтық қорғау подполковнигі Бақытжан Әбдіғаппаров айтады:
–Мақтаарал ауданындағы Өргебас ауылында 5 мамырдан бүгінгі таңға дейін 236 отбасы тұрған 194 үйден, 142,56 гектар жерден су шығарылды. Түркістан ғана емес, сондай-ақ Жамбыл, Қызылорда, Қарағанды облыстары және Шымкент қаласының күштері мен құралдары, бұдан бөлек Өзбекстанның төтенше жағдайлар министрлігі жіберген құтқару күштері арқасында 3 миллион 600 мың текше метр су әкетілді. Тек осы Өргебас елді мекеннің өзінде 78 жеке құрам жұмылдырылды. Су астынан 220 ірі және ұсақ малдың өлексесі шығарылды. 1 630 қапқа құм толтырылып, 1,2 шақырымдық жол бекітілді, судың келуі тоқтатылды. Енді жұмыстың соңғы кезеңі басталды: аулаларда қалған су сыртқа құралмен сорып алынуда, – дейді Бақытжан Әбдіғаппаров.
«Қалай ойлайсың, су тасқынының осы салдарларын толық жою үшін қанша уақыт керек? Болжамың?» деп сұрадым одан. «Кемі 5 күн ішінде Өргебас ауылынан суды қашырту жұмыстарын аяқтаймыз!» деді батыр сенімді түрде.
5. Су тасқынынан зардап шеккен ауылдарды аралап жүріп байқағыным, үйлердің көбінің іргетас-фундаменті жоқ. Кеңес тұсында саманнан соғылған баспаналар. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев ауыл тұрғындарымен әңгімесінде осыған назар аударды:
–Тікелей Президенттің мән беруімен мемлекет халыққа үлкен қолдау көрсетуде. Ел қазынасынан әр үйге 17 миллион теңгеден беріледі. Ендеше іргетасын құйып, кез келген селге шыдас берер берік үй тұрғызыңыздар. Жақсылап кірпіштен өріп салыңыздар! Оған ақша жетеді, – деді облыс басшысы.
Тәуелсіздік арқасында саман баспана орнына жаңа тұрғын үйлер бой көтермек.
6. Фирдоуси секілді ауылдарда тәжік ағайындар шоғырлана орналасқан. Олар бір үйге арналған жерде бір емес, бірнеше отбасы тұрғанын алға тартты. Бірақ қара шаңырақ қасынан жапсарлас салынған баспаналарын заңдастырмапты. Тіпті оған құлық танытып, тиісті орындарға бармаған екен. «Баламызды қасымыздан жібергіміз келмейді. Басқа жер де жоқ. Сол себепті шарбағымыздың ішіндегі он сотық жерге үйлер салдық. Үлкен ұлымның үйі, ортаншымның, кенжемнің, сол сияқты», – дейді.
Жергілікті билік бірден мәселенің басын ашып алды: мемлекеттік акт бойынша ол жерде кім тіркеуде болса, ақша соған беріледі. Әкімдік өкілдері құжаты жоқтарға үй не 17 млн теңге бере алмайтынын түсіндірді.
Жалпы, ауылдарда көптеген үйдің заңдастырылмауында жергілікті әкімдердің де айыбы бар. Біз Парламентте жергілікті өзін-өзі басқару органдарының құзыретін күшейтетін заңдарды қабылдадық. Өзіне сеніп тапсырылған аумақтағы барлық үйлер мен ғимараттар – ауыл әкімінің салықтық базасы. Сол активтің толыққанды әрі тегіс рәсімделуіне, тіркеуге алынуына әкім жауапты қарағаны жөн.
Жергілікті билікпен әңгіме кезінде ауылдықтарды көп қинамай, қаптаған қағаз жинатпай, күрделендірмей көмек беруді өтіндім.
7. Түркістан облысының әкімдігі су басқан ауылдарда шоғырлана тұрып жатқан тәжік ағайындарға Мырзакентте тасқын судан зардап шеккендер үшін арнайы салынып жатқан жаңа шағын ауданға көшуді ұсыныпты. Олар бас тартқан көрінеді. «Ақша берсеңдер үйді осы жерде қайтадан салып аламыз» дейді.
Бір қызық жайтты әңгімелей отырайын: Фирдоуси ауылының ақсақалы, биі бата бергенде, вице-премьер Роман Скляр да қолын жайып бетін сипады. Бірнеше ұлт жиналып, бәріміздің қазақы батаға бас игеніміз қуантты.
«Міне, ұлт болып ұйысамын деген ел бауырына аталасты емес, баталасты тартады. Көрмейсіздер ме, Роман Васильевич те Алла Тағалаға қол жайып, жалбарынып, елдің амандығын, Отанымыздың тыныштығын тілеп жатыр!» деп мен осыған назар аударттым. Барлығы ду күлді. Р.Скляр де күлімсіреп, мені бауырдай құшақтады.
8. Біздің Ұлттық Ұланның, Қарулы күштеріміздің әскерилері жалпы саны 87 мың 432 қапты құммен толтырып, жалпы ұзындығы 22,3 шақырымнан асатын қамал тұрғызып, суды ұстап қалды. Осының арқасында 24,4 мың тұрғыны бар тағы 8 ауылды су басуына жол бермеді. Бұл туралы кеше әңгімеледім.
Бүгін байқағаным, осындай жасанды бөгетке тоқтаған тұйық су күн ысыған сайын бүлініп барады: оның мүңкіген күлімсі иісі қолқаны қабады. Мысалы, Нұржолда су ауылдың ішіне кірмеген, алайда халықтың ішетін суы ластанған. Демек, бұл аймақта алда ауыз су мәселесі де күн тәртібіне шығуы мүмкін. Бүгінде ауылдарды жағалай суды кептіру жұмыстары жүзеге асырылуда. Айнала кепкесін, ауыз суды хлорлап, тазартып, ішуге жарамды етпек.
9. Тасқын су өңірдегі ауыл шаруашылығына соққы болып тиді. Ұшақпен ұшып төбеден бақылағанда да осыған көзіміз жетті. Мысалы, 5 мың 636 гектар жерде мақта өсуі керек еді. Ол жер тегіс су астында қалған.
Барлығы 931 мал суға тұншығып өлгені анықталды. Атап айтқанда, 40 сиыр, 871 қой мен ешкі, 7 жылқы, 6 түйе суға кетті. Мал өлекселерін алып шығу жұмыстарына әскерилер мен ІІМ төтенше жағдайлар комитетінің қызметкерлері жұмылдырылды. Суға қарық болған барлық жануар шығарылып, өлексе тастау орнына тасымалданып, өртелді. Ауылдықтардың бұл шығындарын ауыл шаруашылығы басқармасы есептеуде. Ол жағынан да мемлекет қамқорлық жасап, қарайласады деген үміт бар.
10. Тасқыннан есеңгіреген жұрт есін жиюда. Мақтааралға көмек Қазақстанның барлық өңірінен тасқындай ағылып, азық-түлік, киім-кешек және басқа керек-жарақтар жүк көліктерімен жеткізіліп жатыр. Ақшалай аударып жатқандары жетерлік. Халқымыздың бұл бірлігі, ел басына қиындық түскенде ынтымақ танытуы сүйсінтті.
«Елімнен, халқымнан, мемлекетімнен айналайын!» деп жергілікті барлық тұрғындар ризашылығын айтып жатыр. 

Бақытбек Смағұл,
Мәжіліс депутаты,
жазба фейсбуктағы парақшасынан алынды.
20 мамыр 2020 ж. 492 0