Ер екенсіңдер, сақшылар!
Сол күні аудандық ішкі істер полиция құрамы-патрульдік полиция бөлімі аға инспекторы Мейіржан Жандарбеков, аға учаскелік инспектор Алмас Абдуллаев және учаскелік полиция инспекторының көмекшісі Ержан Айтжановтар қызмет көлігімен түнгі рейдке шыққан беті болатын.

Өздері өлімнен құтқарып қалған жігітті әкеліп отбасына табыстаған. Жасы әлі отызға да толмаған жігіттің қолында шешесі, келіншегі, бала-шағасы, бауырлары бар екен. Не жетпейді? Отбасымен сөйлескенде жұмыссыздықтың салдарынан жиірек ішіп үй ішінде ұрыс-жанжал көбейген екен. Оның үстіне үйге қамалып, төтенше жағдай, коронавирус.... Осы өлуге тұратын қиындық па?
Құдай бетін аулақ қылсын, бауырларымыздың сәл тауқыметке шыдас бермей мұндай күпірлік қадамға баруы отбасы, бала-шаға обалын былай қойғанда Құдайдың кәріне ұшырататын мұсылмандыққа жат құбылыс емес пе? Өз басын өлімге тігіп, арттағыларға ауыр жүк арқалатқанда кім не шешеді? Мұндай ажалды ешкім де ақтап ала алмаса керек. Осындай сын сәтте де қасыңнан табылар сақшы қызметкерлерден не себепті екенін қарасын көргеннен көбіміз бой тасалап қалуға бейімбіз. Қоғамда сондай көзқарас қалыптасқан. Шын мәнінде, өмір мен өлім айқасқа түскенде араша тұрар ақ халатты абзал жандардан кейінгі қауіп-қатерде қасыңнан табылар, тыныштығыңды күзетіп, құқыңды қорғар сақшы-қызметкерлер қоғамның ең құрметті, адал жауынгерлері дер едік.
Ержан Асылұлы бұл мамандыққа өз жүрек қалауымен келіпті. Өзі туып-өскен ауылдағы №168 орта мектебін бітірген соң Алматыдағы Абылайхан атындағы Әлем тілдері және халықаралық қатынастар университетінің француз тілі мамандығын бітіріп, Алматы облысы Бостандық ауданында ХҚКО-ның инспекторы болып біраз жыл жұмыс атқарған. Елге келгеніне екі жылға жуықтапты. Аудандық ішкі істер бөлімінде жұмыс атқарып келеді. Жоғары заң мектебін биыл тәмамдамақ.
Өзі еңбек ететін ұжымда елгезектігімен, оперативтілігімен, ал тұрғылықты халықпен қарым-қатынасында жылы ұшырасым, жағымды этиканы жақсы меңгерген полиция қызметкерінің отбасында алған өнегесі де оның болашақ мұратының биіктігіне шәк келтірмейді. Жасынан аудандық ағарту саласында абыройлы қызмет атқарған, ал бүгін өзі туып өскен ауылдың тізгінін ұстаған әкесі Айтжанов Асыл мен медицина саласының өкілі, анасы Жәмила Берденқызының перзенттеріне берген тәлім-тәрбиесі осылайша ақталып жатса ол да өмірдің бір заңдылығы болар.
Ер мінезді Ержанның келешегіне тек қана сәттілік тілейік.
Баян Үсейінова