Коммуналдық қызметтерге 15 мың теңге кімдер, қалай алады?
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі орын алған төтенше жағдайға байланысты табыс көзінен айырылған және әлеуметтік аз қамтылғандарға 15 мың теңге коммуналдық қызметтерді өтеуге қосымша жәрдемақы тағайындалатынын мәлімдеді. Көптен бері талқыға түскен көмек түрін қанша жаңақорғандық алады? Құжат тапсыру барысы қалай жүруде? Жаңақорған кенті әкімі Есдәулет Сейіловтен мән-жайды білдік.
Елбасы пәрменімен карантинге жабылған аймақ тұрғындарына берілетін 15 мың теңге коммуналдық қызметтерді өтеуге арналған қосымша жәрдемақыға халықтың жекелеген санаттары қол жеткізе алады. Яғни 1, 2, 3 топ мүгедектері, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған және көпбалалы отбасылар, Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушылары жатады. Сондай-ақ Ұлы Отан соғысы мүгедектері мен қатысушыларына теңестірілген тұлғалар және құқық тәртібін сақтау кезінде қаза тапқан тұлғалардың отбасылары, төмен зейнетақы алатын зейнеткерлер мен атаулы әлеуметтік көмек алатын азаматтар, оның ішінде, жалғызбасты зейнеткерлер кіреді.
Мемлекет басшысы жұмысты жүйелеуді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне тапсырды. Көп ұзамай министрлік коммуналдық қызмет төлеуді қамтамасыз ететін механизм әзірледі. Мұны карантин енгізілген өңір-өңірдегі әкімдіктер басшылыққа алып, тұтынушының есеп шотына 15 мың теңге жіберуі тиіс.
Карантин кезінде табыс көзінен айырылып, Үкімет белгілеген 42500 теңгені ас-ауқатына жаратса, коммуналдық қызмет түрлеріне берілетін қосымша қаржы айтарлықтай көмек болатыны белгілі. Айта кететіні, қаражат қолға берілмейді. Сіздің коммуналдық қызметтерге қарызыңыз 15 мың теңгеден кем не артық екендігі маңызды емес. Жоғарыда аталған санатқа жататын болсаңыз әкімдік өзі тізімге қосады. Одан кейін сіз ауданда қосылған CALL centre хабарласып өтініш бересіз.
Хош! Сәуір, мамыр айына коммуналдық төлем жасауға берілетін жәрдемақыны қанша жаңақорғандық алды? Бұл жайында Есдәулет Сейілов былай тұжырымдады:
– Бүгінге дейін Жаңақорған кентінде 5 мыңнан астам адам қосымша жәрдемақы алатындығы анықталды. Бұл тек кенттегі көрсеткіш, аудан бойынша әлі іріктелуде. Қазіргі сәтте арнайы іске қосылған 6 оператор (21-0-17, 21-2-96, 21-5-89, 21-7-92, 21-7-93, 21-7-94) тұрғындардың өтінішін қабылдау жүргізуде. Олар ауыз су, газ, электр энергиясына төлем жасайтын дербес шотты сұратады. Тұрғындар үшін сақтық шаралары ескеріліп, тек осы байланыс номерлеріне хабарласып өтініш бере алады. Эпидемиологиялық ахуалға байланысты әкімдік немесе басқа да мекемелерді аралап жүру бос әурешілік. Ендігі мәселе жеті санатқа жататын тұрғындар тездетіп арнайы операторларға хабарласып, 10 мамырға дейін өтініш беруі керек. 10 мамырға дейін қабылдау жүргізіліп, одан кейін төлем жасалады, – деді кенті әкімі.
Коммуналдық қызметтерді өтеуге төленетін жәрдемақыны кімдер, қалай алатындығы белгілі болды. Белгілі болғандай, ешқандай құжат жинаудың қажеті жоқ. Тек арнайы операторларға өз абоненттік шот номерін дәлдікпен берсеңіз болғаны. Осы ретте тағы бір сауал туындайды. 1, 2, 3 топтағы мүгедектердің басым бөлігі коммуналдық төлем жасап көрмеген, олардың атынан шот ашылмағаны белгілі. Олар қайтпек?
– Ондай жандар көп. Олардың жайы да ескерілген, коммуналдық қызметтерді төлейтін абоненттік шоттар әкесі немесе анасының атында болса ол отбасы жәрдемақыға қол жеткізе алады. Кейбір отбасыларда жеті санаттың екеуі болуы мүмкін. Ондай отбасылар да бар. Мәселен, көп балалы және мүгедек баласы бар отбасылардың тек біреуі ғана көмекті ала алады, – дейді Есдәулет Мырзадәулетұлы.
Аталған санатқа жататындардың саны іріктеліп жатқандығы көп уақытты алатыны анық. Дегемен 42500 теңге әлеуметтік көмекті тағайындағанда жіберілген келеңсіздіктердің орнын толтырады. Заңсыздыққа жол бермей шын мұхтаждың қарызы өтеу көзделіп отыр.
Көпбалалы ана Раушан Елікбайқызы алғашқылардың бірі болып өтінішін беріп үлгерген. Ол коммуналдық қызметтерінің қарызын Үкімет өз мойына алғанына қуанышын жеткізді:
– Осындай қысытаяң уақытта қарапайым адамдардың қамқорлықсыз қалмағаны қуантады. Әсіресе көпбалалы, әлеуметтік аз қамтылған отбасылар ескерусіз қалмады. Өтінішімді қалдырдым. Енді сәуір, мамыр айында коммуналдық төлемді уайымдамасам да болады. Бұл біз сияқты отбасылар үшін үлкен көмек, – деді.
Қорыта айтқанда, Үкімет қандай көмек түрі болмасын үйден шықпай сақтық шараларын қатаң ұстанудың тың тәсілдерін ұсынуда.
Майра ҒАНИЕВА