Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Қайырымдылық – жан жылуы

Қайырымдылық – жан жылуы


Әр нәрсенің қайыры бар. Осы сөздің мән-маңызын терең түсіне түстім. 2020 жыл. 26 сәуір. Шамның уақыты кіріп, жұрт ауыз ашуға қамданған уақыт-тұғын. Берекелі кезде Төменарық ауылында өрт шығып, Жиенбаевтардың шаңырағы шоққа айналды. Төтенше жағдайға электр жүйесінің тұйықталуы әсер еткенібелгілі болды.
Отағасы бірнеше жыл бұрын қайтыс болды. Анасы да аурушаң. Шаңырақтың үлкен ұлы мүмкіндігі шектеулі жан. Қысқасы, тағдырдың тауқыметін көп тартқан отбасы. Енді жұрт болып жәрдем беріп, ел болып қолдау көрсетпесе, еңсе көтеруі қиын. Осыны түсінген ауылдастары шұғыл іске кірісіп, жылу жинауға қамданды.
Ағайын-туыс, көрші-қолаң, дос-жаран жиналып, ақылдасты. Біріншісі, өртенген үйді қайта көтеру керек. Төтенше жағдайға кезінде құрылыс заттары тапшы. Табылған күннің өзінде үш-төрт айсыз үйге кіру мүмкін емес.
Екіншісі, қаржы жинап, жаңа баспана сатып алу. Иә, иә жаңа үй сатып алу тиімді. Осыны құптаған Жиенбаевтардың ет-жақындары қасиетті Рамазан айында сансыз сауапқа кеңелгісі келетін қайырлы азаматтарға демеу болуға шақырды.
Сүрінгенге сүйеу, жығылғанға жалау, қиналғанға қолдау білдіруге бейім азаматтар сауапты іске асықты. Төменарықтан бөлек, Жаңақорған ауданының өзге ауылдары мен елдің әр өңіріндегі қайырымды жандар рухани демеп, қаржылай қолдау көрсетті.
Екі күннің ішінде 4 миллион теңгеден аса қаржы жиналып, оған жаңа баспана сатып алды. Шүкір, қазақ халқы сүрінгенге сүйеу, жығылғанға жалау, қиналғанға қолдау білдіре алады. Бұған тағы куә болдық.
Аудандық мәслихаттың депутаты Нарымбет Көлжанов, Төменарық ауылдық округінің әкімі Нұркен Қошқарбеков бастаған азаматтар Жиенбаевтардың отбасын жаңа баспана сатып алуымен құттықтап барды.
Қайырлы істің басы-қасынан табылған Жалғасбек және Мырзабек Жиенбаевтың сыныптас достары екі күннің ішінде алыс-жақындағы ағайыннан 4 млн. теңгеден аса қаржы жиналғанын, бұл қаржы жаңа үй сатып алуға жұмсалғанын және қалғаны отбасының қажетіне жаратылатынын айтты.
Қуанышқа кеңелген отанасы Ақсұлу көзіне жас алып, қиын сәтте демеу көрсеткен барлық адамдарға алғысын білдірді. Ал ауыл имамы қасиетті Рамазан айында мұқтаж отбасына садақа-көмек берген азаматтарға Жаратушының жәрдемі болатынын айтып, Жиенбаевтардың шаңырағында қызықшылық үзілмеуін тілеп, батасын берді.
Біз қайырлы іске куә болып, рухтанып қайттық.

***
Карантин басталғалы Төменарық жастарының қоғамдық белсенділігі артып, 2 миллион теңгенің көлемінде қайырымдылық істерін жасады.
Ауыл белсендісі Алмат Ергешбаев: «Қайырымдылық жасау – ізгіліктің басты көрінісі мен асыл қасиеттерінің бірі. Карантин кезінде тығырыққа тірелген отбасыларға рухани һәм материалдық қолдау көрсету үшін ауыл жастары бірігіп, қаржы жинап, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға тараттық. Одан кейін әр жылдың жастары бір-біріне челендж ретінде жолдап, қайырлы іс атқарды», – деді.

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ
02 мамыр 2020 ж. 907 0