№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ШАРАСЫЗ КҮЙ КЕШКЕН ШАҢЫРАҚҚА ДЕМЕУ БОЛАЙЫҚ...

ШАРАСЫЗ КҮЙ КЕШКЕН ШАҢЫРАҚҚА ДЕМЕУ БОЛАЙЫҚ...


2018 жыл. 16-мамыр. Күн сәрсенбі. Сағат 12.30 шамасы. Түтіні түзу ұшқан Төменарық ауылы. Бұл күні иісі мұсылман қауымы арапа күнінің құрметіне иіс шығарып, шелпек таратуды бастап кеткен болатын. Жаманшылық атаулыны жақындатпайтын, мың бір бәледен сақтайтын садақаның бұл түрі бүгінде өз өміршеңдігін көрсетуде. Десе де, айтып келмейтін апат, әп-сәтте төменарықтық Жанболат Серікбаевтың шаңырағын қызыл жалын шарпыды. Баспанасы мен дүние-мүлкі, құжаттары, киім-кешегі түгелдей жанып кетті. Абырой болғанда, мектеп жасындағы төрт ұл-қызы дін аман. Қауым ел болған соң, ақпарат ел арасына тез тарап, тұрмысы тұралаған төменарықтық туысқа жылу жинау басталып кетті.
Иә, қазақтың бұл жылу жинау дәстүрі – өртке ұшыраған, мал-мүлкі суға кеткенде, өзге де бақытсыз жағдайға ұшыраған отбасына ауыл-аймақ болып жәрдем жинайтын ғұрпы. Қаншама жылдар өтсе де, бұл бабадан қалған ата дәстүр өз өміршеңдігін көрсетті. Шаңқай түсте орын алған оқыс оқиғадан хабардар болған ауыл ақсақалдары мен қауымдастық мүшелері бас көтеріп, ел болып, жылу жинауға үн тастады. Төменарық ауылдық қауымдастық төрағасы Жақсылық Сапарбеков ағамыз бастап, ауыл әкімі Найрахман Фазылов қостап, алқалы ақылдастық өткізді. Арнайы комиссия жасақтады. Төрағасы ретінде Жақсылық Сапарбеков ағамыз таңдалды. Осылайша, мүшелерін сайлап, қайырымдылық мақсатта жиналатын қаражатқа бақылаушы тағайындады. Қайғыны бөліссе жеңілдейтінін білетін ел ағалары нарықтағы тұрғын үй салуға кететін құрылыс материалының бағасын бағамдай келе, бір тоқтамға келді. Ең абзалы – ауылдан дайын баспана сатып алып беруге бәтуаға келді.
Бұл жөнінде ауыл әкімі Найрахман Фазылов: «Қызыл өрттің айтып келмейтіні ақиқат. Елді мекендегі орын алған өрт оқиғасы бүкіл ағайынның жүрегін сыздатты. Әрине, «тас түскен жеріне ауыр» десе де, көп болып көмек қолын созу бұл қазақылыққа тән қасиет. Әуелі шарасыз күй кешкен шаңырақты айға жететін азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз еттік. Әзірге ауылдан сатылатын 3 тұрғын үйді көріп отырмыз. Бағалары 800 мың, 1 млн. 300 мың, 1 млн. 500 мың. Шүкір, ел қайырымдылыққа құмбыл болып отыр. Оған қоса, әкімдік аппараты, екі мектеп, бес балабақша, ауылдық клуб, ауылдық емхана, жалпы барлық мекеме ұжымы сауапты істе ұйытқы болуға белсенді. Бірі, төсеніш кілемін, енді бірі газ плитасын, қазан-ошағын, ас үйге қажетті ыдыс-аяғын әкеліп берді», – деді.
Келесі күні Қасиетті Рамазан айының алғашқы күні таңмен таласа аудан әкімінің баспасөз хатшысы Нұрбол Бакиров «Фейсбук» әлеуметтік желісі арқылы барша жаңақорғандықтарды жақсылық жолында жарысуға шақырды. Қысқаша орын алған оқыс оқиғадан хабардар етіп, оразада сауапты іске ұйытқы болуға үндеді. Желідегі жазбасына қаржылық есепшоттарын жазып, немесе тікелей өзіне хабарласуын өтінді. Тек жазып қана қоймай, әкімдікке қарасты барлық дербес бөлімдерге қаржылай дем беруді сұрады. Ә-дегеннен аудан прокуроры мен аудандық ішкі саясат бөлімі басшысы қаржылай қолдау көрсеткені сол еді, барлық бөлім мамандары да белсенді түрде жылу жинауға кірісіп кетті.
Өз кезегінде кенттегі аудандық орталық мешіт, «Хисамиддин Сығанақи» мешіті, «Қум сахаба» мешіті имамдары мен жамағаты да қайырымдылық акциясына атсалысты. Қасиетті жұма күні төменарықтық Жанболат Серікбаевтың шаңырағына қаржылай қолдау көрсетуді сұрады.
– «Қайғыны бөліссе азаяды» дегендей, ел болып Төменарық ауылындағы шарасыз күй кешкен шаңыраққа жұртшылық болып жәрдем беру бұл сауапты тірлік. Адамзаттың абзалы, екі дүниенің сардары Мұхаммед (с.а.с) Пайғамбарымыз «Қайсы бір мұсылман өзінің бауырына көмек қолын созса, Алла Тағала оған да көмектеседі» деген. Яғни, сіздің берген дүниеңіз кемімейді, керісінше мүлкіңізге береке кіреді. Сондай-ақ бұл айлардың сұлтаны болған Рамазан айында қоғамдағы адамгерішілік қасиеттің асқақтауына жол ашады. Сансыз сауапқа кенеліп, Алла алдында абыройы артады – деген ауданның бас имамы Сайдулла қажы Омаров жаңақорғандық жомарт жандарды жақсылық жолында жарысуға шақырды.
Иә, жомарттықтың негізгі өзегі – қайырымдылық. Ал, риясыз түрде жасалған көмектің сауабын Алла береді. Ал, сауап көзге көрінбейтін нығмет. Жаратқанның алдына барғанда жүзің жарық болады. Бұл дүниеде кәсібіңе береке береді. Десе де, біз Төменарықта болған сынақтан қабырғалы қазақ елі, қашанда қайғыда қалған қауымын тасада қалдырмайтынын ұқтық. Ел-жұрт «садақаны сауыңда бер» деп, Серікбаевтар отбасына жылу жинауды бастап кетті.

Әбдісамат ӘБДІШ.
22 мамыр 2018 ж. 860 0