№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Аладдиннің берекелі бизнесі

Аладдиннің берекелі бизнесі


Жаңақорғанда құрылыс саласының қарқыны жоғары. Тіпті аудан орталығындағы тұрғын үйлердің құрылысына қызыға қарайтындар көп. Жалпы экономиканың қарқынды дамуын құрылыстың қарқынымен де өлшеп жатады. Бұл салада өндіруші сектор маңызды рөл атқарады. Ауданда құрылыс саласында өзге ұлт өкілдері өзіндік үлес қосуда. Соның бірі – Аладдин Мурадов.

Сұхбат Қазақстан халқының бірлігі күніне тұспа-тұс келгендіктен кейіпкерімізді алдымен мерекемен құттықтадық.  
– Рақмет! Қазақстан татулық пен тұрақтылықтың тірегіне айналды. Ұлы дала елінің бір азаматы екенімді мақтан етемін. Жерлестерімді мерекемен құттықтағым келеді. Біз қандай қиындықты болмасын бірге жеңеміз, – деп ағынан жарылды ол.
Елдегі төтенше жағдай шағын кәсіп иелерінің еңсесін түсірді. Аладдиннің қызметіне де тапсырыс тұралады. Осыған дейін алған тапсырыстарды аяқтап, мамырдан бастап қайта іске кірісетінін жеткізді.
Ол тұтынушы талғамына сай сапалы пластикалық есік-терезелерді шығаруды жолға қойғанына 7 жылдан асты. Пластикті кесу, бұрыштама жасау, үтіктеу сынды істі жаңа технологияға негізделген аппараттармен жасайды.
– 2000 жылдардың басында ауданға кәсіптің осы түрі келді. Менің де пластик есік-терезе салуды меңгеруді жөн көрдім. Алғашында Рүстем есімді кәсіп иесінің шағын жұмыс орнына барып, өз бетімше үйрене бастадым. Кейін мектеп бітіріп, Шымкент қаласына оқуға түстім. Оқуда жүргенімде іске қызығушылығым басылмай, «Таures» зауытына жұмысқа орналастым. Содан тәжірибемді толықтырып, 2012 жылы ауданға ат басын бұрдым. 2013 жылы отбасыммен ақылдаса келе «Строй-Маркет» атауымен цехті іске қостым, – деді ол.
Қазір шағын цехта оның Игорь есімді көмекшісі бар. Екеулеп күні-түні жұмыс жасайды. Айтуларынша, бір үйдің толық керек-жарағын 4-5 күнде бітіруге қауқарлы. Сондай-ақ ол есік, терезе жасауға қажетті шикізаттың барлығы да отандық өнім екенін жеткізді.
Бұрындары шетелден алдыртатын пластикті енді өзіміздің елде де қолжетімділігі артқан. Материалдар Шымкент қаласынан әкелінеді. Ал оның құрамында австриялық қоспа болады. Оның ерекшелігі – әр елдің ауа-райына байланысты төзімді келеді. Шет елден келетін пластикалық бұйымдар Қазақстанның температурасына шыдамауы мүмкін. Әсіресе құрамында қорғасын бар материалдар біздің елде ыстықта жағымсыз иіс шығарады.
– Шынын айту керек, бүгінгідей бейбіт заманда қандай кәсіп жасаймын десең де, мемлекет барлық жағдайды жасап отыр. Тек көзін тауып, тірлік етсең болғаны, әркімнің маңдайында жазылған несібесі болады. Қазір құрылысқа қажетті өнімдерді өндіру ісіне қазір сұраныс жоғары. Бізге тапсырыс жеке тұрғындардан бөлек, мекемелерден де түседі. Мәселен, Қандөздегі спорт кешеніндегі терезелер біздің өнім. Одан бөлек, Шиелі, тіпті Қызылорда қаласына қоныс аударған жаңақорғандықтар да жиі тапсырыс береді. Біздің басты мақсатымыз – сапалы өнім өндіру, – деді Аладдин Ниязұлы.
Бүгінде елімізде сан түрлі этнос өкілдері бір арнаға ұйысып, татулықта тіршілік кешуде. Әрине мұндай бейбітшіліктің бастауында ұлттар мен ұлыстардың өзара рухани келісімі тұр. Мұның негізі қазақ халқының дархандығында, пейілінің кеңдігінде екені даусыз.
Түйіндей айтқанда, қазір бәсекенің заманы. Кім бәсекеге қабілетті, кімнің өнімі сапалы, жарнамасы жақсы – соның тауары өтімді. Жаңақорған ауданында Аладдин секілді пластикалық терезе шығаратын кәсіп иелері аз емес. Бірақ біздің кейіпкеріміздің өніміне сұраныс көп. Оның себебін жоғарыда айттық...

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
01 мамыр 2020 ж. 706 0