Тәжірибелі медбике
Коронавирус көзге көрінбесе де, жаһан жұртын састырып, қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауды міндеттеп отыр. Сындарлы сәтте медицина мамандарының жауапкершілік жүгі артты. Мұндай салмақты жұқпалы аурулар бөлімшесінің медбикесі Нұргүл Көгенбаева да сезініп жүр. Ауруханада бір айдан бері қонып жұмыс жасайтын маманның жақындары тілеуін тілеп отыр.
Ол Төменарық ауылында 1980 жылы туып. Сондағы №53 мектепті бітіреді. Түркістан қаласындағы медицина колледжінде медбике мамандығы бойынша білім алады. 2003 жылы Жаңақорған аудандық ауруханасына медбике болып еңбек жолын бастады. Сол кезден бастап жұқпалы аурулар бөлімшесінде табанды еңбек етіп келеді. Ұзақ жылдық еңбек жолында медбике қауіпті аурулармен бетпе-бет келіп, бәрін еңсерді. Туберкулез, ішек-құрт инфекциясы, іш сүзегі, холера, конго қырым қанды безгегі сынды аурумен түскен науқастардың сауығуына дем берді. Осы жылдары жұқпалы дерттен қалай қорғану керектігін жіті меңгерді.
– Инфекциялық аурулардың қай түрі болмасын қауіпті. Медицина қызметкерлері, оның ішінде, медбикелер аса ыждағаттылықпен жұмыс жасау керек. Әсіресе коронавирус індетімен жұмыс жасағанда ережелерді қатаң сақтап, жеке бас гигиенасын сақтау маңызды,– дейді кейіпкеріміз.
Ол коронавируспен күрестің алғашқы күнінде өз қорқынышын өзгелерге сездірмей, өзінің ізінен ерген әріптестеріне үлгі болуға тырысып бағады. Бірте-бірте үрейін жеңіп, іске белсенді кіріседі. Яғни қарым-қабілетін көрсетіп, біліктілігі беки түсті. Еңбек жолын енді бастаған қызметкерлер Нұргүл Көгенбаевамен тәжірибе алмасып, үлгі тұтады. Мұны газеттің №30 (8350) нөмірінде арқау еткен Нұрдос Табынбай да айтқан еді. «Нұргүл апайымыз, іске өте ұқыпты. Жауапкершілікпен қарайды. Сын сағатта әріптеске демеу, рухани қолдаушы болды, – дейді жас әріптесі.
– Нұргүл Көгенбаева адами қасиетке бай, еңбекқор адам. Жұмыстан қажып, ынжұрғасы түскен кезін көрген емеспін. Үнемі позитивті көңіл-күйде жүреді. Айналасына жағымды энергия сыйлайды, – дейді бөлімше басшысы Әсел Сейілова.
Әріптестерін істі жауапкершілікпен атқаруды үндеп, үлгі көрсетіп жүретін Нұргүлді отбасы сағынып отыр. Отасқан жары Яхияев Ерікбай: «Мен өз жарыма толықтай сенемін. Оның елдің қамы үшін атқарып жатқан еңбегіне құрметпен қараймын, әрі мақтан етемін. Балалар жетілді. Енді қабілет-қарамын сын сағаттан көрсетіп, ел денсаулығын түзеуге мән бергені дұрыс», – дейді.
Біз ел үшін еңбек етіп жатқан ақ халатты жандардың отбасына аман-есен оралуын тілейміз.
Мақпал МАРҚАБАЙ