№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » БІРЛІКТЕГІ БЕРЕКЕЛІ ДУМАН

БІРЛІКТЕГІ БЕРЕКЕЛІ ДУМАН


Ұлыстың ұлы күнін ынтымағы жарасқан Ақүйік ауылында қарсы алдық. Ажары айшықталып, ахуалы жақсарған, берекелі Бірліктің ұлан асыр тойы биыл тіптен айрықша. Орталық стадионға жиылған халықтың қарасы көп. Қаз-қатар тігілген ақшаңқан киіз үйлер алыстан менмұндалап тұрса, әуелеген әсем ән мен алтыбақан тепкен қыз-бозбала мереке көркін қыздыра түсуде. Әрине, бұл мейрам қашанда ұлттық құндылықтарды ұлықтай түсер қадір-қасиетімен құнды. Осы орайда, бұл ауылда қалыптасқан қағиданы айтпай кетуге болмас. Осыдан жеті жыл бұрын бастау алған жыларалық эстафета биыл жетінші мәрте өз жалғасын тапты. Әрбір жылы әз-Наурызды өткізуді өз міндеттеріне алатын әр жылғы туылған ақүйіктік тумалар бұл жолы да дегенінен жаңылмады. Яғни, ауылдың 1983-1984 жылы туылған азаматтары дүбірлі думанның жоғары деңгейде өтуіне атсалысты. Оның қатарында ауылдық әкімшілік, білім ордасы, балабақша, емхана және жастар ұжымының қосқан үлесі бір төбе. Ұлық күнге орайластырылған Ұлыс күнімен ауыл әкімшілігінің бас маманы Е.Кешубаев құттықтады.
– Күн мен түн теңесіп, жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағында, Наурыз мерекесі де келіп жетті. Жан-жануардың аузы көкке ілініп, адамзаттың аузы аққа тиді. Наурыз – бірлік пен жасампаздықтың мерекесі. Осылайша, ұлттық құндылықтар мен озық салт-дәстүрімізді сақтай отырып, жылдан жылға, айдан айға әз-Наурызға амандық та жетелік – деген әкімдік өкілінің алғы сөзін ауыл ақсақалдары Ә.Асанов, Ж.Сейітов жалғап, жиылған қауымды шуақты мерекемен құттықтап, наурыз-думанды ашып берді.
Дүбірлі думанның тұсаукесер салтанаты мәдениет майталманы Уәли Ибрагимовтың «Туған жер» әнімен бастау алды. Алаңның бір бөлігінде әр жылғы туылған жастар мен аудандық құрамалар жиналған шағын футболдан теңбіл доп турнирі, енді бір шетінде білекті жігіттер қол күрес бәсекесін мен гір тасын көтеру сайысын қыздыра түссе, епті жастары бағанаға өрмелеп теңге ілуде. Енді бір бөлігінде балуандар белдесуде. Әрине, ұлыстың ұлы күні ұлттық ойындарсыз елестету мүмкін емес. Жауырыны тоқпақтай балуандардың бозкілем төріндегі бәсекесі барша қауымның назарын өзіне аударды. Себебі, түйе палуан атануға келген спортшылардың мәртебесі биік. Әсіресе, ынтымағы ұйысқан ауылдың әр жылғы туылған жастары арасында өткен арқан тартыс пен бұқа тартыс бұқараның мерейін үстем етті. Бұл уақытта ақжаулықты аналардан құралған комиссия тігілген киіз үй мен ұлттық дастархан мәзірі сайысын және ұлттық киім үлгісімен ерекшеленген жандарды анықтады. Үздігін сахна төріне шақырып, ел алдында марапаттады. Яғни, комиссия құрамының шешіміне сай, №55 С.Қожанов атындағы орта мектеп пен №7 «Қызғалдақ» бөбекжайы І-орынға лайықты деп танылды. Ал, ауыл әкімшілігі мен емхана ұжымы арнайы сый-сияпатқа ие болды. Жалпы, ұйымдастырушы тараптың жыл сайынғы жаңалығы бізді де қуантты. «Береке үлкендерде» демекші, 1983-1984 жылғы ауыл тумалары қарттарына құрмет көрсетуді жөн деп шешіпті. Ұлы Отан соғысының ардагері Н.Құрбанов пен ақжаулықты анамыз Айымжан апамызға сый-құрмет көрсетіп, шапан жапты.
– Өзім Жаңақорғанда тұрамын. Отбасымен жыл сайын Наурызды ауылда тойлаймыз. Спорттық ойындардың жанкүйерімін. Балуандардың боз кілем төріндегі белдесуі шынында кісі қызығарлық. Осындай әз-Наурызды құрметтеп, кең көлемде ұйымдастырып жатқан ауыл жастарына алғысым зор, – дейді Еркебұлан Досжан.
Көкпар десе делебесі қозатын қазақ бұл жолы да қиқулатып тайбурылдың шабысын тамашалап, тай бәйге, тоқ бәйгеге жанкүйер болды. Шабандоз жігіттер салым салып, бұйырғанын қанжығаларына байлады. Түйіндей келгенде, 21-22-23 наурыз күндері үш күнге созылған берекелі думан ағайынға тамаша көңіл-күй сыйлады. Әз-Наурыздың түйіні ретінде ауыл ақсақалдары мен жастары жас көшеттер отырғызып, келешекте саялы баққа айналуына ниеттес болды. Осылайша, Ұлыстың ұлы күнін ауыл болып тойлаған ақүйіктік ағайын ұйымдастыру эстафетасын келесі буынға табыстап, жоғары деңгейде өткізуге сенім білдірді.

Әбдісамат ӘБДІШ.
27 наурыз 2018 ж. 1 043 0