№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Халықтың қалтасын қаққан қаржы пирамидасының артында кім тұр?

Халықтың қалтасын қаққан қаржы пирамидасының артында кім тұр?

Жеңіл ақша, оңай табыс кім-кімді де қызықтырмай қоймайды ғой. Жасыратыны жоқ, бүгінде әлеуметтік желіні ашсаң, жарнаманың астында қаласың. Басым бөлігі табысқа тез арада қол жеткізуге шақырады. Негізі пирамидамен айналысатын адамдар бір орында отырмайды. Торға түскен сайын жаңаша тәсілдер ойлап табады. Түптеп келгенде, мұның бәрі адамның сеніміне кіру үшін қолданылады. Сол себепті де адамдар өмірінде көріп білмеген алаяқтарға тез алданады. Байқасаңыз, сол алаяқтардың арбауына түскен адамдар қарапайым халық. Неге? Себебі, қаржылық тұрғыдан сауаты аз адамға манипуляция жүргізу өте оңай. Осыны тиімді пайдаланған пысықайлар ұзақмерзімді уәдемен үміт артқан қатысушыларын үптеп кетеді. Қысқасы, қарапайым халықтың қалтасын қағатын қаржы пирамидалары айылын жияр емес. Қайтпек керек?

Хош. Өткен аптада елді шулатқан 3 бірдей қаржылық пирамидаға қатысты құқық қорғау органдары тезарада халыққа мәлімдеме жасады. Талай тағдырды тәрк етіп, теңгесін алаяқтық жолмен жымқырған қаржылық пирамиданың бірі – «Гарант 24 Ломбард» және «Estate Ломбард» ЖШС-гі. Бүгінгі таңда еліміздің 14 облысынан филиалын ашып үлгерген алаяқ компанияға Қазақстанға танымал әншілер де алданып қалған. Олардың қатарында әнші Айқын Төлепберген мен ағайынды актер Артур мен Асылхан Төлеповтер, актер әрі вайнер Мейіржан Төребаев, аралас жекпе-жек файтері Қуат Хамитов бар. Ел алдында кешірім сұраған әртістер: «Оңай олжаға қол жеткіземіз деп көп халық секілді біз де алданып қалдық. Құжаттарының бәрі дұрыс сияқты көрінген. Келісімшартқа қол қойып, көліктеріңді қымбатқа сатып, арзанға басқа көлік сатып аласыңдар дегеніне иланып, шарттарына көнгенімізге, оған қоса роликке жарнамаға түскеніміз үшін халықтан кешірім сұраймыз» деп ел алдында ақталды.
Осы тұста Қызылорда облысында да «Гарант 24 Ломбард» ЖШС-нің қаржылық пирамиданы құрғаны және басшылық еткені анықталып, қылмыстық іс қозғалғаны белгілі болды. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте облыстық полиция департаменті бастығының міндетін уақытша атқарушы Шамшидин Амитов мәлімдеді.
«Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 217-бабының 2-бөлігімен қаржылық пирамиданы құру дерегі бойынша қылмыстық іс тергелуде. Қазіргі таңда 70-тен астам тұрғын полицияға шағымданды. Бұл мәселеге қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмысы жүргізіліп, материалдық шығын есептеледі, – деді Шамшидин Егенбердіұлы.
Оған қоса, облыс тұрғындарына аталмыш «Гарант 24 Ломбард» ЖШС қылмыстық әрекеттерімен шығын келтірген болса, Қызылорда облысының полиция департаментіне хабарласуына болатынын жеткізді.
Айта кетейік, бүгінгі таңға дейін Атырау, Павлодар, Ақтау, ШҚО, Тараз, Алматы және Қарағандыдағы «Гарант 2 Ломбард» ЖШС аймақтық филиалдарының басшылары ұсталған. Оларға «алаяқтық» және «қаржы пирамидаларын құру» баптары бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған.

«ҚАРА КАССАНЫҢ» ҚҰРЫҒЫНА ІЛІНГЕНДЕР

Енді үшінші қаржылық пирамидаға қатысты ҚР Бас прокуратурасының сайтында «Қазандық» немесе «Қара касса» ойынын алаяқтық әрекет деп бағалады. Сайттағы мәліметке сүйенсек, соңғы уақытта ел арасында «Ватсап» мессенджерінде «Қара касса» ойынына шақырту жылдам тарап жатыр екен. Арнайы ашылған чатқа келген смс-хабарламаның шарты бойынша белгілі бір ақша сомасын енгізу арқылы қасыңа басқа бірнеше адамды тартуың қажет.
«Демек, ақша тұрақты түрде жаңа қатысушыларды тарту есебінен ғана түседі. Қатысушы қаражат жинап, өзімен бірге адамдарды тартады, ал пирамида өсе береді. Ал пирамиданың төменгі жағы ештеңе алмайды, олар тек пирамиданың жоғары сатысында тұрғандарға өз ақшасын сеніп тапсырады. Осылайша, осы схеманы ұйымдастырушылардың іс-әрекетінде «қаржылық пирамиданың» белгілері – табыс алудың алаяқтық белгісі көрінеді». Бұл ҚР Бас прокуратурасының ресми сайтындағы мәлімдемеден үзінді.
Сондай-ақ ұйымдастырушылардың арнайы лицензиясы жоқ екенін және нақты инвестициялық қызмет болмағанына қарамастан агрессивті жарнама жүргізген. Осыған байланысты Бас прокуратура заңсыз табыс табу бойынша қызмет жасаушылар мен олардың басшыларына қатысты ҚК-нің 2017-бабы (қаржылық пирамиданы құру және басқару) бойынша қылмыстық жауапқа тартылатынын еске салды.
Түсінгенім, бұрындары халықты қанқақсатқан қаржы пирамидалары енді әлеуметтік желіге көшіпті. Жоғарыда аталған оқиғаның бәрі интернет арқылы жүзеге асуда. Қаржыны өз еркіңмен банктік карточкаға саласың, сосын «Ватсап» мессенджеріне тіркеліп, мүше боласың. Естеріңізде болса, былтыр ерте көктемде жүздеген жаңақорғандық тұрғын алматылық «Ақ жол» қаржылық пирамидасына оңбай алданып қалды. Аудандық газет бетінде алдын ала мұның алаяқтық жол екенін ескертіп, көлемді мақала да жарияладық. Алайда журналист үніне құлақ аспаған жүздеген тұрғын қомақты теңгесінен айрылды. «Әуелі 30 мың теңге саласың, сосын 2 адам тартып, жыл бойы аптасына 8 мың теңге алып отырасың. Ал, егер артыңнан оданда көп тартсаң, қосымша табыс көзі де ұлғаяды». Міне осындай пирамидалық пәлсапаға ілінген жаңақорғандықтар «Ақ жол» ұйымнан қаржыларын қайтарып ала алмады. Себебі, олар өз еркімен ешқандай келісімшартсыз, жеке тұлға атындағы «Kaspi gold» банктік карточкасына апта сайын айналымға ақша салып отырған. «Аузы күйген үрлеп ішеді» демекші, осыған қарап тұрғындардың аузы күймеген-ау деп топшыладық. Себебі, осыдан он шақты жыл бұрын кент орталығында микроқаржылық ұйым ашылып, біраз жұртшылықты алдап кеткен еді. Есіңізде шығар, халықтың бәрі орталықтағы вокзалдың астына қарай ағылғаны. Бастапқыда 5000 теңге берсең, бір жетінің ішінде 15 мың етіп қайтарады деген қауесетке имандай иланды. Соңыра, мұның алаяқтық қылмыс екені екені дәлелденіп, аудандық соттың өкімімен 3 әйел сотталып кетті. Кейіннен, «Квестра» деген қаржылық пирамида да біраз халықтың қаржысын жымқырып ол кетті.

ТҰЗАҚҚА ТҮСІРЕТІН ТҮЗІЛІМ

Заң бойынша Қазақстанда қаржы пирамидасына ресми түрде тыйым салынған. Қылмыстық кодекс бойынша заңға қайшы келгендер 7-ден 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Жарнама туралы қолданыстағы заңның 13-бабында «Қаржылық (инвестициялық) пирамиданың қызметін жарнамалауға тыйым салынады» деп те жазылған. Десе де, құзырлы органдардың қармағына ілінген күмәнді компаниялар жетерлік. Мәселен, 2018 жылы қаржы пирамидаларын құру және басқаруға қатысты елімізде 103 дерек тіркелген. Аталған заң бұзушылықтардан келген шығын – 1 миллиард 800 миллион. Ал, Ұлттық банктің сайтында жарияланған мәліметке сенсек, 2010-2017 жылдары қаржылық пирамидалар халықтың 7 млрд 145 млн теңгесін алдау һәм арбау жолымен қолды қылған. Қаржылық компанияның көпшілігінде келісімшарт бар. Бірақ, ол компания құрдымға кеткен жағдайда, салымшыға ештеңе қайтармайтындай етіп құрылған.
Қорыта айтқанда, қандай да болмасын қаржылық пирамиданың бұқараны байлыққа кенелтетін ойы жоқ. Тек, өзгенің есебінен өздерінің қалтасын қампайту. Бары осы. Сондықтанда маңдай термен келген әрбір тиыныңыз ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетпесі үшін барынша қаржылық сауаттылықты арттыған абзал. Өйткені, мұндай теріс пиғылды компаниялар белгілі бір жоспарын орындағаннан кейін, ұшты-күйлі жоқ болып кетеді. Соңында, сан соғып жер сипап қалатын баяғы сол қарапайым халық.

Әбдісамат ӘБДІШ
25 ақпан 2020 ж. 554 0