"Салауатты өмір салтын насихаттау керек"
– Волонтер жылында жүзеге асатын 7 жобаның бірі – «Саулық». Яғни, медициналық волонтерлықты дамыту. Осы бағыттағы ақпараттық насихат тұрғындарға сауатты жеткізу, «Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде» деген ұстанымды жастар бойына сіңіру міндет. Алдағы уақытта аудандық «Жастар ресурстық орталығымен» бірлесіп, жастар арасында медициналық волонтерлықты дамытуға күш салатын боламыз. Таяуда ғана «Жастар ресурстық орталығымен» бірлескен шара шеңберінде орталық «Нұр» базарында қоғамдық қабылдау акциясы өткен болатын. Кешенді қабылдауда ерікті жастар зор үлес қосты. Біздің мамандар медициналық тұрғыдан тұрғындардың қан қысымын өлшеп, қант диабетінің белгілері бар-жоқтығын тексерсе, ерікті жастар салауатты өмір салтына шақыратын үнпарақтарды тұрғындарға үлестерді. Базардағы саудагерлердің кейде уақыты болмай жүйелі түрде медициналық тексерістен өтуге қолы тимейтін анық. Келесіде ерлер кабинеті мен психолог мамандарды осындай шараға тарту жоспарда бар. Сәтін салса, Жаңақорғанда Волонтер жылындағы «Саулық» жобасы аясында медициналық волонтерлық дамыса, тіптен тамаша болар еді.
Жалпы біздің орталыққа келушілердің жас ерекшеліктерін ескере отырып, яғни 14 пен 29 жас аралығындағы жастарға саулықты сақтау проблемалары бойынша кешенді медициналық, психологиялық, әлеуметтік жағынан көмек көрсетеміз. Оның ішінде, ЖИТС инфекциясының алдын алу, ішімдік пен нашақорлық, өзге де зиянды әрекеттердің алдын алу бағытында түсіндірме жұмысын жүргіземіз. Орталықта арнайы медбикеміз бар. Ол жасөспірім қыздардың ерте жүктіліктен бойын аулақ ұстау, суицид сынды әрекеттердің алдын алу бағытында мектептерде ұдайы кездесулер өткізіп тұрады.
Негізі жасөспірім мен жастар денсаулығының үлкен әлеуметтік маңызы бар. Себебі олар қоғамның репродукциялық, экономикалық, әлеуметтік және мәдени резерві болып танылған. Сондықтанда еліміздегі денсаулық сақтау жүйесінің алдындағы бірінші кезекті міндеті – жасөспірім мен жастар денсаулығының сапасын арттыру. Осы бағытта медициналық көмекті ұйымдастыруға тиіспіз. Сонда ғана дені сау ұрпақ қалыптасып, бәсекеге қабілетті елдердің қатарынан табыларымыз сөзсіз.
Талғат САҚТАҒАНОВ,
аудандық «Жастар денсаулық орталығы» құрылымдық бөлімшесінің маманы: